Латвия Жеңіс күнін тойлауға тыйым салғаны рас па?

20 сәуірде медиада Латвия «9 мамыр/Жеңіс күнін тойлауға тыйым салды» деген ақпарат тарай бастады (123). Сонымен қатар, 9 мамыр Украинада қаза тапқандарды еске алу күні болып жарияланғаны айтылған. Ақпарат таратушылар Латвия Сеймі қабылдаған «шұғыл заңға» сілтеген. Factcheck.kz редакциясы деректің қаншалықты рас екенін анықтады.

Үкім: Манипуляция және жалған

Манипуляциясы мынада: 9 мамыр посткеңестік елдерде, сөзсіз,  Жеңіс күнінің символы. Дегенмен кей елдер, оның ішінде Латвия да 8 мамырды атаулы күн деп санайды. 30 жылдан астам уақыттан бері латвиялықтар бұл күні «Нацизм күйреген және Екінші дүниежүзілік соғыс құрбандарын еске алу күнін» атап өтеді. Жеңіс күні жақтастары өткізетін «кеңестік стильдегі» іс-шаралар ресми емес болатын, жиі заң бұзылатын, сол себепті билік бірнеше рет тыйым салған. Біз тексеріп отырған ақпаратқа 9 мамырда кейбір бұқаралық іс-шараларға тыйым салатын заң себеп болды. Ол мұндай акциялардың форматының дұрыс емес екеніне кезекті рет назарымызды аудартады. Құжатта отбасылық және шағын топтармен өткізетін көпшілік мерекелер туралы айтылмайды, соған қарағанда оларға тыйым салынбаған тәрізді. Яғни, жаңалықтар ресурстары таратқан ақпараттардың тақырыбы – кликбейт.

Жалғаны мынау: Заңда Украинаға тілектес екені айтылғанымен, 9 мамыр Украинада қаза тапқандарды еске алу күні болып ресми жарияланған жоқ.

Толығырақ

Латвиялықтар ең кейінгі рет Жеңіс күнін 1990 жылы атап өтті. 1991 жылдан 1994 жылға дейін ол Екінші дүниежүзілік соғыс құрбандарын еске алу күні болды. 1995 жылдың 6 сәуірінде Латвия Сеймі мемлекеттік мерекелер мен еске алу күндері туралы Заңға өзгеріс енгізді. 9 мамыр Екінші дүниежүзілік соғыс құрбандарын еске алу күні дәрежесінен айырылып, оның орнына 8 мамыр «Нацизм күйреген және Екінші дүниежүзілік соғыс құрбандарын еске алу күні» болып жарияланды. 1996 жылдың 9 мамырында Сейм енді бұл күні ел «Еуропа күнін» немесе «Шуман декларациясы күнін» тойлайтынын жариялады.

Еуропа күні – Еуроодақ пен Еуропа Кеңесі елдерінде жыл сайынғы бейбітшілік пен бірлік мерекесі. Мереке 5 және 9 мамыр күндері тойланады: Еуропа Кеңесі құрылған және Еуроодақ құрылған күн.

2004 жылы Латвия Еуроодақ құрамына кірді де, «Еуропа күні» ірі іс-шаралар өтетін ауқымды мерекеге айналды. Соған қарамастан тұрғындардың бір бөлігі бәрібір 9 мамырды Жеңіс күні деп қабылдап жүрді, ал Латвия билігі оған көнді. Мәселен, 2014 жылы мемлекет тұрғындарының 39%-і кеңестік дәстүр бойынша Жеңіс күнін тойлаған. Барлық мейрам, акция мен шерулердің кестесін осы жерден көре аласыздар.

Еуропа күнін латвиялықтар қатар өткізді, бірақ Жеңіс күні ресми мойындалмайтынын көрсету үшін Еуропа күні ауқымдырақ тойланды. Мұндай жағдайлар үнемі дау-дамай тудыратын. Мәселен, 2014 жылы Ригада «Орыс маршына» тыйым салынды, ал 2018 жылы Юрмала әкімдігі «Мәңгілік полк» акциясын өткізуге келіспеді. Тағы бір айта кететін жайт, Латвия шерушілер жиі пайдаланатын коммунистік символикаға алғашқылардың бірі болып тыйым енгізді. 1991 жылы Балтық аумағындағы кеңес режимі – оккупациялық, ал символика – коммунизм идеологиясы мен тоталитарлық билік жетекшісі деп танылды. Латвияда кеңестік және нацистік символикаға тыйым салу заңы жыл сайын қатаңдап жатыр (12).

2022 жылы Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін кеңестік дәстүрмен кезекті күрес басталды. Сейм 2022 жылдың 9 мамырын Украинадағы Ресей агрессиясы құрбандарын еске алу және аза тұту күні деп жариялап, барлық кеңестік акцияларға тыйым салды. Тек Риганы азат етушілер монументінің алдына гүл шоғын қоюға рұқсат етілді, бірақ оны кейінірек коммуналдық қызмет алып тастады. Жеңіс күні жақтастарының оған көңілі толмағандықтан, бәрі тыйым салынған ресейлік символиканы пайдаланып, провакация жасаған кезекті дау-дамаймен аяқталды. Мұндай жағдай бірінші рет болып тұрған жоқ. Мәселен, 2017 жылы бұқаралық іс-шаралар кезінде провакаторлар өзін-өзі жариялаған «ДХР» мен «ЛХР» туларын төңкеріп тастамақ болды.

Салдарынан 2022 жылы Латвияда «кеңестік кезеңнің» бірнеше ескерткішіне демонтаж жасалды. 2023 жылы мемлекет билігі 9 мамырды толықтай Украинада қаза тапқандарды еске алу күні деп жариялайды деген болжам болатын, бірақ жаңа заң пайда болды. Депутаттар Украинаға тілектестігімен қатар, Латвия қоғамы Еуропа күнін де ұмытпауы керек деген шешімге келді. Рұқсат етілген іс-шаралар тізімінде Украинаны қолдау акцияларынан бөлек, Еуроодақтағы бейбітшілік пен бірлікті тойлау бар.

Құжатта «9 мамыр Жеңіс күніне» тыйым салынғаны туралы ештеңе жазылмаған. Түсіндірмелікте кеңес билігі оккупациялық саналады, сол себепті 9 мамыр Латвия үшін басып алу мен аннексия символы деп жазылған. Сондай-ақ КСРО мұрагері – Ресей бастаған Украинадағы соғыс туралы да айтылған. Сол себепті, Сейм Одақты құрметтейтін акциялардың бәрі орынсыз деп тапқан, бірақ дәл Жеңіс күніне ғана қатысты емес. Заң шығарушылар Еуропадағы фашизмнің құлдырауын еске түсіруден бас тартуға байланысты манипуляциялардың жолын кесіп, Латвия нацистік режимнің қылмыстарына қарсы екенін атап өтті. Елде Жеңіс күні 8 мамырда атап өтіле береді.

Журналист, сценарист. Изучала политическую журналистику.

Factcheck.kz