Кипрде коронавирустан 300 мың мысық өлді ме?

Жақында қазақстандық медиа ресейлік БАҚ-қа сілтеп мысық коронавирусының пандемиясы басталғанын жазды. Тараған ақпаратқа сай, Кипрде коронавирустан 300 мың мысық өлген. Factcheck.kz ақпараттың қаншалықты рас екенін тексерді.

Мәлімдеме: Мысық коронавирусының пандемиясы басталды: Кипрде 300 мың мысық өлді.

Newtimes.kz

Үкім: Дәлелденбеген

Кипрде мысықтардың өміріне қауіп төндіретін мысық коронавирусы тарай бастағаны рас. Алайда 300 000 мысық өлімі туралы ақпарат расталмаған. Бұл деректі ең алғаш болып, Кипрдегі жануарларға арналған дауысы (Cyprus Voice for Animals) ұйымының вице-президенті Динос Айомаитис Agence France Presse басылымына айтты. Кейін ол бұл санның нақты емес екенін ескерткен. Ал Кипрдің ауыл шаруашылық министрлігінің мәліметінше, ресми тіркелген мысық өлімінің саны — 107.

Сонымен қатар, Кипрде анықталған мысық коронавирусының COVID-19-ға еш қатысы жоқ. Қазақстандық және ресейлік медиа дертті “пандемия” деп жазғанымен, оған мұндай статус берілмеген. Пандемия — әлемдік деңгейде тез тарап жатқан ауруға қатысты айтылатын термин.

Кипрде өлген мысықтың нақты саны қанша?

Мысықтарды қорғаумен айналысатын PAWS (Cat Protection and Welfare Society) ұйымының басшысы Динос Айомамит қаңтар айынан бастап 300 000-ға жуық мысық жұқпалы перитониттен өлді деді. Алайда кейін ол мұның тек болжамның екенін ескертті.

Сонымен қатар, Эдинбург университетінің Ветеринарлық клиникалық патологияның аға оқытушысы және вирустың өршуін зерттеген ғалымдардың бірі, доктор Харалампос Аттика өлген мысықтың нақты санын әлі тексерілмегенін айтты. Олөлген мысық саны мыңдаған екенін, алайда нақты саны белгісіз екенін жеткізген.

Біріккен Араб Әмірлігіндегі ветеринарлардың айтуынша, Кипрдегі вирус салдарынан өлген мысықтың нақты санын анықтау мүмкін емес.

Мысықтар қандай вирустан өліп жатыр?

FIP (Feline Infectious Peritonitis, мысықтардағы жұқпалы перитонит) — бұл мысықтарға кері әсер ететін жұқпалы ауру.

Вирус мысықтың денесіне еніп, оның иммундық жүйесіне әсер етіп, әртүрлі органдарда қабыну реакциясын тудырады. Бұдан соң мысық коронавирус (FCoV) салдарынан өледі. Мысықтың аурғанының симптомы көп жағдайда білінбейді, симптом байқалғанның өзінде диареяның жеңіл түрі ретінде өтеді.

FIP вирусының дымқыл және құрғақ түрі бар. Дымқыл жағдайда мысықтарда сұйықтық іште не кеудеде жиналып, кейін ісіне бастайды. Ал екінші жағдайда мысықтың тәбеті болмайды не дене температурасы көтеріліп, көру қабілеті нашарлайды. FIP вирусы көбіне 3 ай мен 2 жасқа толған мысықтар арасында жиі дамиды.

Контекст

Қазақстан Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің хабарлауынша, елімізде мысықтардың коронавирус жұқтыру фактісі тіркелмеген.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz