Кофе ағзаны құрғата ма?

Көбіміз таңды көңіл-күйді көтеріп, қуат беретін бір шыны кофе ішуден бастаймыз. Сонымен қатар кофе ағзаны құрғатады деген кең тараған пікір де бар (1, 2, 3). Кейбіреулер тіпті ағзадағы су жетіспеушілігін толтыру үшін кофені сумен бірге ішу керек деп санайды.

Factcheck.kz редакциясы кофенің ағзаны құрғатуға әсерін тексеріп шықты.

Үкім: Жартылай шындық

Зерттеулерге сәйкес, кофені қалыпты мөлшерде тұтыну ағзадағы судың деңгейіне кәдімгі сумен салыстырғанда айтарлықтай әсер етпейді және әсіресе кофе ішуді әдетке айналдырған адамдарда су балансын шамамен сол деңгейде ұстап тұрады. Көп мөлшердегі кофе оған үйренбеген адамдарда уақытша несеп айдау әсерін тудыруы мүмкін. Дегенмен, ағзаның құрғау қаупі адам кофеиннің күндік нормасын шамадан тыс ішіп, басқа сұйықтық ішпеген жағдайда туындайды.

Толығырақ: ғылым не дейді

Ағзаның құрғауы – ағза көп сұйықтық жоғалтатын, бірақ оның орнын толтырмайтын жағдай. Бұл көп терлеу, шамадан тыс несеп шығару, құсу немесе диареяның салдарынан болуы мүмкін. Оның белгілеріне мыналар жатады:

  1. қатты шөлдеу;
  2. ауыз қуысының құрғауы;
  3. несеп мөлшерінің азаюы немесе оның қою түсті болуы;
  4. әлсіздік, бас айналу;
  5. бас ауруы;
  6. шаршау.

Сусыздану ауыр формаға өтсе, жүрек қағысының жиілеуі, сананың тұмандануы және ес-түссіз қалу байқалуы мүмкін. Ағзаның құрғауы сұйықтық пен электролиттердің айтарлықтай жоғалуы болғандықтан, оны белсенді түрде толықтыру қажет екенін түсіну маңызды.

Кофе сияқты сусындардың ағзаны сумен қанықтыруына кедергі келтіреді деген идея кофеиннің әлсіз диуретиктерге жататынына негізделген — бұл заттар несеп айдау әсеріне ие. Атап айтқанда, кофеин бүйрекке баратын қан ағымын арттырады. Бұл оларды белсенді жұмыс істеуге, көбірек тұз бен суды шығаруына итермелейді. Алайда, мұндай әсердің өзі ағзаның құрғауына әкелуі екіталай.

PLOS One журналында жарияланған, күніне 3-6 кесе кофе ішетін 50 ер адам қатысқан Бирмингем университетінде жүргізілген зерттеу барысында қатысушылар үш күндік екі эксперименттен өтті: бірінде олар күніне 4 кесе кофе (әрқайсысы 200 мл), ал екіншісінде тек су ішті.

Ғалымдар әр эксперименттің алдында және кейін ағзадағы жалпы су мөлшерін өлшеді. Сонымен қатар несеп пен қан көрсеткіштерін тіркеді және дене салмағын өлшеді.

Нәтижелер көрсеткендей, сынаққа қатысушылар кофе немесе су ішкеніне қарамастан тәжірибеден кейін ағзадағы су деңгейінде елеулі өзгерістер болған жоқ. Зәрдің көлемі және ылғалдану көрсеткіштері бірдей деңгейде қалды. Жалғыз айырмашылық — кофе ішкен кезде зәр арқылы натрий (тұз) көбірек шығарылды. Қатысушылардың дене салмағында екі жағдайда да айтарлықтай өзгеріске болған жоқ. Зерттеу авторларының қорытындысы бойынша, адам кофені тұрақты түрде ішіп жүрсе, орташа мөлшерде кофе ішу ағзадағы су балансын су ішумен бірдей деңгейде ұстайды.

Journal of Human Nutrition and Dietetics журналында жарияланған Британияның Лафборо университетінің мета-зерттеуде Medline дерекқорынан 1966-2002 жылдарда жарық көрген мақалалар талданды. Ізденіс тақырыптары шай, кофе, кофеин, зәр шығару, сұйықтық балансы және су-электролит балансының өзара байланысын қамтыды.

Жиналған және талданған мәліметтер кофеиннің үлкен дозалары (ең аз дегенде 250–300 мг, бұл шамамен 2–3 шыны кофе) кофеин ішпеген адамдарда бірнеше күн немесе апта ішінде зәр шығаруды уақытша көбейтуі мүмкін екенін көрсетті. Ал кофені үнемі ішетіндерде ағза бейімделіп, несеп айдау әсері айтарлықтай төмендейді. Сонымен қатар, шай немесе кофенің стандартты порциясында кездесетін аз мөлшердегі кофеин несеп айдау әсерін тудырмайды.

Зерттеу авторларының қорытындысы бойынша, кофеин бар сусындарды күнделікті өмірдің бір бөлігі ретінде тұтыну ағзаны құрғатпайды.

Кливленд клиникасының жарияланымында диетолог Бет Червони кофеден ағза өте сирек құрғайтынын, бұл тек кофеинді шамадан тыс көп тұтынғанда және басқа жолдармен суды жеткіліксіз қабылдағанда ғана мүмкін екенін айтады.

Осылайша, кофені қалыпты мөлшерде ішсе, ағзадағы су балансына әсері аз ғана болады. Бірақ қандай мөлшер «қалыпты» саналады?

Дені сау ересек адамның орташа тәуліктік кофеин мөлшері шамамен 400 мг немесе дене салмағына байланысты әр килограммға 5,7 мг құрайды.

Сонымен қатар кофедегі кофеиннің мөлшері дәндердің түріне, қуыру деңгейіне, дайындау әдісіне және кесенің көлеміне байланысты әртүрлі болуы мүмкін. Орташа алғанда (1, 2) 240 мл жаңа қайнатылған кофеде шамамен 100 мг кофеин болады; ерігіш кофеде — 30–90 мг; «кофеинсіз» кофеде 3 мг және эспрессо порциясында 63 мг кофеин бар.

Кофеин мөлшерін есептегенде, оның шай, шоколад, газдалған сусындар мен кейбір дәрі-дәрмектер құрамында да барын ескеру керек.

Неліктен кофе сумен бірге беріледі?

Кофені сумен бірге берудің пайда болу себебіне қатысты көптеген теория бар: уланудан қорғау, қонақжайлылық көрсету немесе сусынды араластырған қасықты қоюдың тәсілі деп қабылдау. Тағы бір нұсқа бойынша, сумен бірге берілетін стақан сусынды дайындау үшін таза су пайдаланылғанын көрсету мақсатында қолданылған.

Қазіргі дәстүр италиялық кофеханалардан бастау алған. Онда клиенттерге эспрессомен бірге су қоса беріледі.

Суды бірге беру арқылы, клиенттер бұрын жеген тағамдардың дәмі әсер етпей, кофенің барлық хош иістік нюанстарын бағалай алады. Сондай-ақ, көптеген адам кофенің дәмін жеңілдету үшін кофеден кейін бір жұтым су ішеді. Бұдан басқа, бұл қызмет көрсетуші персоналға клиентке ұсынылған эспрессоның ұнамағанын түсінуге мүмкіндік беретін маңызды белгі саналады.

Материалды Арайлым Сейпилова дайындады

Фактчек в Казахстане и Центральной Азии. Первый центральноазиатский фактчекинговый ресурс. Открыт в мае 2017 года. Член Международной сети фактчекинговых организаций (IFCN)

Factcheck.kz