Ғаламторда 9-сыныпқа арналған Қазақстан географиясы оқулығын ақтарып отырған автордың бейнеролигі тарап жатыр. Бейнероликте көрсетілген бетте «Қазақстания» атауы бар жердің бір бөлігін көрсететін картаның фрагменті бар иллюстрацияны көруге болады. Виедодан ирониялық мәнерде төмендегі «диалог» жазылған.
– Сен қайда тұрасың?
– «Қазақстанияда!»

Instagram желісінде wowavva есімді қолданушы, роликті бөлісіп, былай деп жазған:
«Мүмкін сіз білмейтін шығарсыз… 400 млн жыл бұрын бәрі осылай болған».
Тексеру барысында видео 7 мыңнан астам лайк жинап, 180 мыңнан астам рет қаралғаны анықталды. Кейбір пікір білдірушілер білім сапасының төмендеуіне ашуланып, оны «ежелгі укрлар» терминімен салыстырған (ондай болмаған, теріске шығару туралы материалды мына жерден оқуға болады), басқалары видеода көрсетілген ақпаратты мүлдем жалған деп санаса, тағы бір бөлігі мұндай терминнің шын мәнінде бар екенін айтады.
Factcheck.kz редакциясы «Қазақстания» терминінің тарихты мифологияға айналдыру мақсатында ойдан шығарылған ба, әлде ғылымда белгілі ұғым ба екенін тексеруді жөн көрді.
Үкім: Шындық
«Қазақстания» термині шын мәнінде бар. Алайда, қолда бар деректерге сүйенсек, бұл атау ағылшын тіліндегі дәстүрден алынған. Орыс тілді ғылыми ортада бұл атау «Қазақстан континенті» немесе оның «Қазақ палеоконтиненті» нұсқасына сәйкес келеді.
Толығырақ
Мысалы, «Қазақстания» атауын «Британника» энциклопедиясында палеозой дәуірінің үшінші геологиялық кезеңі – силур кезеңіне арналған мақалада кездестіруге болады, бұл кезең шамамен 443,8 миллион жыл бұрын басталып, 419,2 миллион жыл бұрын аяқталған.
Мұнда біріншіден, Қазақстанның Сібір палеоконтинентімен шектесіп жатқан палеоконтинент екені жазылған. Екіншіден, сол кезде Солтүстік Қытай (Манчжурия мен Кореяны қамтиды) және Оңтүстік Қытай (Янцзы платформасы) экваторға жақын орналасқан екі бөлек континент болғаны айтылады.
Осы деректерге сүйене отырып, қазіргі құрлықтардың ежелгі континенттер аумағындағы орналасу орнын, сондай-ақ континенттер дрейфіне байланысты олардың қазіргі көрінісінен өзгеше болғанын түсіну үшін палеогеологияда елдердің атаулары шартты түрде қолданылады.
Ағылшын тіліндегі «Қазақстания» термині орыс тілді ғылыми дәстүрде «Қазақ континенті» ұғымына сәйкес келеді.
Мысалы, «Қазақстан және Тарым микроконтиненттерінің девондық палеотектоникалық реконструкциясы» атты ғылыми мақалада Қазақстанның палеозойлық террейні (микроконтиненті) ордовик кезеңінде ерте палеозойлық террейн мен аралдық доғалардың қосылу нәтижесінде қалыптасқаны туралы Ресей Ғылым академиясының академигі Кирилл Дегтяревтің зерттеулері келтірілген.
«Қазан университетінің ғылыми жазбаларында» да Қазақстан палеоконтинентінің Алай, Тарым және Жоңғар микроконтиненттерімен соқтығысуы туралы деректер бар.
Сондай-ақ, тексеріліп жатқан бейнематериалда (оқулықтағы иллюстрацияда) картада миллиондаған жылдар бұрын Қазақстан құрлығын шайған Түркістан теңізін көруге болады. Бұл топонимді (Түркістан палеотеңіз немесе палеомұхит) «Ресей ғылым академиясының геоғылымдар бөлімі хабаршысы» мен «Gondwana Research» журналының 2018 жылғы санынан табуға болады. Онда авторлар Түркістан мұхитының эволюциясы кезінде пайда болған жанартаулық және субвулкандық жыныстардың изотоптарын зерттеген.
Осылайша, ежелгі «Қазақстания» (немесе «Қазақстан континенті») және «Түркістан теңізі» атаулары ғылымда белгілі ежелгі геологиялық құрылымдардың атауы.
Пікір қалдыру үшін өз аккауныңызға кіріңіз.