13 маусымда Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен туризмді дамыту жөніндегі кеңес өтті. Кеңесте Тоқаев еліміздегі туризм саласына қатысты бірнеше мәлімдеме жасады. Оның сөзінше Қазақстанға келетін туристердің 90%-і ТМД елдерінен. Factcheck.kz Тоқаевтың мәлімделерін тексеріп көрді.
Мәлімдеме: Шетелдік туристердің 90 пайызына жуығы көршілес ТМД елдеріне тиесілі. Алыс шетелден келетін туристер әзірге аз.
Қасым-Жомарт Тоқаев
Үкім: Жалған
Ұлттық статистика бюросының дерегіне сай, 2023 жылы елге 1 084 771 турист келген. Ал ТМД елдерінен осы уақыт аралығында барлығы 551 015 адам келген. Осылайша ТМД елдерінен келгендердің жалпы үлесі 50,7%.
Мәлімдеме: Халықаралық зерттеулерге сәйкес, саяхатшылардың 70 пайыздан астамы ұшақпен 4 сағат айналасында жететін демалыс орындарына барғанды жөн көреді. Демек Қытай, Үндістан, Шығыс Азия, Таяу Шығыс елдерінен келетін туристер үшін Қазақстан өте тартымды болуы мүмкін.
Қасым-Жомарт Тоқаев
Үкім: Шындық
Great Hotels of the World (GHOTW) жүргізген Bleisure сауалнамасы саяхатқа шығатын адамдардың 70%-і төрт немесе одан да көп сағатқа созылатын ұшуды қажет ететін бағыттарға саяхат жасағанын көрсетеді. Сауалнамаға қатысушылардың 30%-і осындай саяхат түрін жылына 3-4 рет жасаған.
Мәлімдеме: Алдағы бес жылда елімізге келетін туристер санын екі есе, тіпті үш есе арттыруға мүмкіндігіміз бар. Әуе тасымалы саласын дамыту қажет. Ең алдымен, танымал әуе бағыттарындағы лоукостерлердің санын көбейту керек. Қазір Қазақстанның жолаушылар тасымалы құрылымындағы лоукостерлердің үлесі – небәрі 21 пайыз. Салыстырмалы түрде айтқанда, Грузия мен Әзербайжанда бұл көрсеткіш 56 және 37 пайызды құрайды.
Қасым-Жомарт Тоқаев
Үкім: Шындық
CAREC ұйымының 2023 жылы жүргізген есебіне сәйкес, Қазақстанда халықаралық әуе рейстерінің 21%-і лоукостерлік компанияларға тиесілі. Ал Грузияда бұл көрсеткіш 56%, Әзірбайжанда 37%.
Ұйым мәліметінше, Грузия мен Қазақстан Орталық Азия өңірлік экономикалық ынтымақтастығы елдері арасында әуе тасымалы дамыған елдер. Грузияға шетелден келушілер ағыны көп болса, ал Қазақстанда жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнімі жоғары. Сондай-ақ, Қазақстан Орталық Азия өңірлік экономикалық ынтымақтастығында ішкі әуе рейстері бойынша ең ірі елі.

Пікір қалдыру үшін өз аккауныңызға кіріңіз.