Қазақстандық астрофизиктер әлемде алғаш болып гамма-жарқылды тіркеді ме?

2023 жылғы 5 сәуірде Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі «қазақстандық астрофизиктер әлемде алғаш болып гамма-жарқылды тіркегені» туралы жаңалық жариялады. Бұл — бірнеше миллисекундтан бірнеше минутқа дейін созылатын жарық электромагнитті жарқыл. Жаңалық қазақстандық баспасөз құралдарында тарады (1,234). 

Factcheck.kz редакциясы жазба мазмұнының рас-өтірігін тексеріп көрді.

Мәлімдеме: Қазақстандық астрофизиктер әлемде алғаш болып гамма-жарқылды тіркеді және жарықтық қалдық жарықтау бойынша 41 секундтан 30 минутқа дейінгі ең бастапқы деректерді алды.

Ғылым және жоғары білім министрлігі

Үкім: Манипуляция

Қазақстандық астрофизиктер расымен құбылыс басталған соң 41 секундтан кейін гамма-жарқылды тіркеген және бұл бұрын-соңды болған жағдайларға қарағанда жылдам. Бірақ әлемде гамма-жарқылды алғаш болып америкалық ғалымдар 1967 жылы анықтаған. Министрлік хабарламасында және кейбір жаңалық ресурстарында сөйлем құрылымы кездейсоқ немесе әдейі сәтсіз таңдалған, бұл гамма-жарқыл тарихта алғаш боп тіркелгендей әсер қалдырады.

Дегенмен, жаңалықтың Назарбаев Университетінің сайтындағы алғашқы нұсқасында «әлемде алғаш болып» деген екіұшты сөз мүлдем қолданылмайды. Оның орнына «тіркелген ең жылдам бақылау» туралы айтылады. Редакция ең дұрыс нұсқа сол деп санайды.

Толығырақ: не болды

2023 жылғы 28 наурызда Астана уақытымен сағат 20:55:23-те Назарбаев Университетінің Ассы-Түрген астрофизикалық обсерваториясында орналасқан NUTTelA-TAO телескопы GRB230328B гамма-жарқылын құбылыс басталған соң 41 секундтан кейін анықтаған. Энергетикалық ғарыш зертханасының (ECL) жобалық тобындағы инженер-зерттеуші Жанат Мақсұт «Бұл гамма-жарқылды оптикалық көпканалды бақылаудың ең жылдам тіркелген жағдайы» деді. Ғалым халықаралық ғылыми қауымдастық бақылау туралы хабарлама алғанын айтты.

NASA-ны басып озды ма?

Бір қызығы, білім және жоғары білім министрлігінің хабарламасында, сондай-ақ баспасөз құралдарындағы жарияланымдарда қазақстандық астрофизиктердің командасы NASA спутниктерін басып озғаны, агенттік қызметкерлерінің есебінде қазақстандық обсерватория әлемде алғаш болып гамма-жарқылды анықтағаны расталғаны айтылады.  

Біріншіден, Назарбаев Университетінің хабарламасында бұл туралы ештеңе айтылмаған. Екіншіден, министрлік хабарламасында айтылған NASA есебін ашық дереккөзден таба алмадық. Бұл жағдай бойынша жалғыз баяндаманы агенттікке Энергетикалық ғарыш зертханасы жіберген. Оны NASA сайтындағы General Coordinate Network (қаз — Координаталардың жалпы желісі) жүйесіне орналастырған. Бұл ғылым министрлігінің баспасөз қызметі осы есеп туралы айтып отыр деп болжам жасауға итермелейді. Үшіншіден, Қазақстандық телескоп гамма-жарқылды бақылайтын басқа да обсерваториялар мен ұйымдарды басып озды ғой. Сондықтан NASA-ға неліктен акцент жасалып отырғаны мүлдем түсініксіз.

Factcheck.kz