Қазақстанда вейп сатылымы 372%-ке өсті ме?

Депутат Дәулет Тұрлыханов 11 қазанда өткен мәжілістің жалпы отырысында вейп тұтыну мәселесін көтеріп, бірнеше мәлімдеме келтірді. Оның айтуынша, елімізде вейп сатылымы кейінгі 6 айда 372%-ке өсіпті.

Депутат мәлімдемесі (тайм-код: 2:22:41)

Factcheck.kz редакциясы депутат келтірген деректердің қаншалықты рас екенін тексерді.

Мәлімдеме: Бүгінде проблемаға айналған темекінің осы түрін [вейп-авт.] қолдануға әлемнің 35 елінде қатаң тыйым салынған.

Дәулет Тұрлыханов

Үкім: Шындыққа жақын

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының 2021 жылғы ақпаратына сай, әлемде электронды темекіге (яғни вейпке) 32 елде тыйым салынған. Ал 79 ел мұндай өнімдерді қоғамдық орындарда пайдалануға, оларды жарнамалауға, қолдануға ынталандыруға және демеушілік жасауға тыйым салатын не қаптамада ескертулерді талап ететін кем дегенде бір ішінара шектеу бар. Дей тұрғанмен, ақпараттың 2 жыл бұрынғы екенін ескеру қажет, одан бері басқа елдерде де заңнамаға өзгеріс енгізілуі мүмкін. Ұйымның 2022 жылғы дерегінде “әлемнің 30-дан астам елінде электронды темекіні сатуға тыйым салынғаны” жазылған. ДДСҰ бір жыл бұрынғы цифрын 2023 жылы да қайталады.

Мәлімдеме: Электронды вейп деген — никотин, жас баланың миына 8 секундта тарап, оның тамырын тарылтып, жүрегіне ауыртпалық түсіреді.

Дәулет Тұрлыханов

Үкім: Шындық

Расымен көптеген электронды темекінің (вейптің) құрамында никотин болады (тіпті орауында никотин жоқ екені жазылып тұрса да) және ол адам бойына, әсіресе миына лезде жетеді. Кейбір зерттеулерге сай, никотин ағзаға енгеннен кейін қан арқылы тез тарап, 10-20 секунд ішінде миға жетеді. 

Никотин қан тамырларын, соның ішінде терідегі және коронарлық қан тамырларын тарылтады, бірақ қаңқа бұлшықетіндегі қан тамырларын кеңейтеді. Терідегі қан тамырларының тарылуы теріге қан ағымының төмендеуіне және саусақ ұшында тері температурасының төмендеуіне әкеледі. Никотиннің микроваскулярлық қан ағынын төмендететін әсері жараның жазылуының бұзылуына, макулярлы дегенерацияға, бүйрек ауруларының өршуіне және жүктілік кезінде плацентарлы дисфункцияға ықпал етуі мүмкін.

Мәлімдеме: 2018 жылы мектеп оқушыларының мінез-құлқын зерттеу нәтижесінде Қазақстандық ұл балалардың 14 пайызы және 15 жастағы қыздардың 6 пайызы вейп қолданып көрген. Ал орта есеппен 15 жасқа дейінгі балалар арасында тұтыну 6,2 пайызды құрады.

Дәулет Тұрлыханов

Үкім: Шындық

Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының 2018 жылға арналған ақпаратына сай, 15 жастағы ұлдардың 14%-і және дәл сол жастағы қыздардың 6%-і өмірінде кем дегенде 1-2-ден көп рет электронды темекі тартып көргенін айтқан. Дәл осы орталықтың 2018 жылға арналған тағы бір есебінде, 11-15 жас аралығында 1-2-ден көп рет электронды темекі шеккен ұлдар көрсеткіші 8,5%, қыздардыкі 3,8% болған. Яғни орта есеппен — 6,15%.

Қазақстанда вейп сатылымы 372%-ке өсті ме?
Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының есебі

Мәлімдеме: Соңғы 6 ай ішінде вейп сатылымы еліміз бойынша 372 пайызға өскен.

Дәулет Тұрлыханов

Үкім: Жалған

Редакция депутат сөзін растайтын дереккөз таба алмады. Вейптің сатылымы 372%-ке өскені туралы ақпарат алғашқы рет тұтынушылардың ұлттық лигасы мәлімдеген. Мұны Ашық НҚА-да жарияланған электронды темекіге тыйым салу туралы аналитикалық формада айтылған. Қызығы, лига вейптің сатылымы кейінгі 6 айда 372%-ке артқаны туралы 2022 жылы ақпанда, Алматы мен Астана қаласына қатысты айтқан. Яғни лиганың бұл дерегін тексере алмайтынымыздан бөлек, ақпарат ескірген және барлық Қазақстанға қатысты емес.

Шенділер бұл мәлімдемені “кейінгі 6 ай” тіркесін қосып 2023 жылы шілдеде де қайталаған. Бұл да, түсінгеніміздей —жалған.

Фактчекер-журналист. Factcheck.kz сайтының шығарушы редакторы.

Factcheck.kz