2024 жылы 13 маусымда Қасым-Жомарт Тоқаев туризмді дамыту жөніндегі кеңес өткізді. Жиын барысында президент Қазақстандағы туризм саласындағы мәселелерді айтып, бірнеше дерек келтірген-ді. Factcheck.kz редакциясы оның сөзі қаншалықты рас деген сұраққа жауап іздеді.
Мәлімдеме: Бүгінде әлемдік жалпы өнімдегі туризмнің үлесі 9 пайыздан асты. Яғни, пандемияға дейінгі деңгейге қайта келді деуге болады.
Қасым-Жомарт Тоқаев
Үкім: Шындық
World Travel & Tourism Council (WTTC) ұйымының деректеріне сенсек, 2023 жылы саяхат және туризм секторы әлемдік ЖІӨ-нің 9,1%-і болған, бұл 2022 жылмен салыстырғанда 23,2%-ке өскен, ал 2019 жылғы деңгейден 4,1%-ке аз. 2019 жылы бұл көрсеткіш 10,4% межесінде болған.
Мәлімдеме: Дүниежүзіндегі жұмыс орындарының шамамен 10 пайызы туризмге тиесілі. Әрбір төртінші жұмыс орны осы салада ашылып жатыр.
Қасым-Жомарт Тоқаев
Үкім: Техникалық қате
Халықаралық еңбек ұйымы 2023 жылы туризм индустриясы бүкіл әлем бойынша 230 миллионнан астам жұмысшыны не жаһандық жұмыс күшінің шамамен 7,2%-ін жұмыспен қамтып отырғанын жазды. Дегенмен бұл көрсеткіш салаға жанама қатысы бар жұмысшыларды ескермейтін болса керек, өйткені Statista.com дерегіне сенсек, былтыр 330 млн адам осы салада жұмыс істеген.
Тоқаевтың әрбір төртінші жұмыс орны туризм саласында ашылып жатқаны туралы дерегі де ескірген. Халықаралық еңбек ұйымының жазуынша, мұндай статистка пандемияға дейін болған. Тікелей және жанама жұмыс орындарын ескерсе, 2019 жылы әлем бойынша шамамен 10 жұмыс орнының 1-і және 4 жаңа жұмыс орнының 1-і туризм секторына қатысты деп бағаланған. Қазір көптеген ұйым деректердің пандемияға дейінгі көрсеткішке жақындап келе жатқанын жазады. UNWTO ұйымының жазуынша, 2023 жылы әлемдік туризм саласы пандемияға дейінгі деңгейдің 88%-не жеткен.
Яғни президенттің сөзі пандемияға дейінгі дерек болса да, бүгінгі фактілер сол кездің көрсеткішімен теңесіп қалған.
Мәлімдеме: Көрсетілетін қызметтер бойынша әлемдік экспорттың 30 пайызы, инвестицияның 7 пайызы және салық түсімдерінің 5 пайызы туризм арқылы түседі.
Қасым-Жомарт Тоқаев
Үкім: Шындыққа жақын және дәлелденбеген
Қай сөзі шындыққа келеді: Дүниежүзілік банктің WTTC ұйымына сілтеп жазуынша, пандемияға дейін әлемдегі қызмет экспортының 25%-і туризм саласына тиісті болған. Ал, жоғарыда жазғанымыздай, туризм жанданып, пандемияға дейінгі деңгейге жақындап келе жатқандықтан, цифрда айтарлықтай өзгеріс болмаған деген қорытынды жасауға болады.
Несі дәлелденбеді: Біз сенімді дереккөзден жаһандық инвестицияның 7%-i және салық түсімдерінің 5-i туризмге тиесілі екені туралы дерек таппадық.
Дегенмен осы ақпаратты қазақ және орыс тілінде жиі кездестіруге болады. Мысалы, еліміздің туристік саласын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасынан көруге болады. Оған дейін мұны Kazakh Tourism-нің басқарма төрағасының орынбасары Тимур Дүйсенғалиев 2018 жылы айтқан. Ең қызығы, дәл осы дерек 2015 жылы ғылыми журналда жарияланған, оның авторлары 2008 жылғы лекцияға сілтейді. Ал лекцияда Дүниежүзілік туристік ұйым дерегіне сүйенген.
Сонымен, біз инвестиция мен салыққа қатысты дерек таба алмасақ та, президент айтқан дерек ескіргенін айта аламыз. Өйткені, дәл сол 2008 жылғы лекцияда туризм әлемдік жалпы ұлттық өнімнің шамамен 6%-ін, әрбір 16-жұмыс орнын қамтамасыз етіп отырғаны жазылған. Бірақ жоғарыда жазғанымыздай, бұған қатысты қазіргі деректер өзгерген.
Мәлімдеме: Соңғы төрт жылда экономика құрылымындағы туризмнің үлесі 3,7 пайыздан 3,2 пайызға дейін азайып кетті. Бұл әлемдегі орташа көрсеткіштен үш есе төмен.
Қасым-Жомарт Тоқаев
Үкім: Манипуляция
Ұлттық статистика бюросының ең кейін жаңарған статистикасында тек 2022 жылға дейінгі ақпарат бар, “соңғы төрт жыл” туралы айту үшін 2023 жылғы дерек болуы керек.
ЖІӨ-дегі туризм салаларында жасалған жалпы қосылған құнның үлесі 2023 жылы емес, 2022 жылы 3,2% болған, одан төрт жыл бұрын, 2019 жылы 4% еді.
Дегенмен мұның әлемдегі орташа көрсеткіштен үш есе төмен екеніне дәлел таба алмадық
Мәлімдеме: Бұған қоса, аталған көрсеткіш бойынша біз климаты мен мәдениеті ұқсас көрші елдерге де есе жіберіп отырмыз.
Қасым-Жомарт Тоқаев
Үкім: Жартылай шындық
Көрші елдердің көрсеткіші әртүрлі. Мысалы, Өзбекстанның, Қырғызстанның және Қытайдың экономикасында туризмнің көрсеткіші біздің елмен салыстырғанда көп, ал Ресейде аз. Яғни, 2022 жыл Өзбекстанның ЖІӨ-дегі туризм салаларында жасалған жалпы қосылған құнның үлесі — 4,8%, ал Қырғызстанның ЖІӨ-дегі туристік қызмет үлесі — 3,6%, Қытайда — 3,71% болса, Ресейде — 2,6%. Ашық дереккөзден Түркіменстанға қатысты дерек табылмады.