Қазақстан жаңа заң жобасында «Ресей – елге төнген қауіптің бірі» деп танымақшы ма?

2024 жылғы 17 сәуірден бастап орыс тіліндегі ақпараттық кеңістікте Қазақстанның Ресеймен соғысқа дайындалып жатқаны туралы хабар тарай бастады (1, 2, 3, 4, 5). Бұл пікірлерге Мәжілістің «Қазақстан Республикасының аумақтық қорғанысы туралы» заң жобасын қабылдауы себеп болды. Қазіргі таңда бұл құжат Сенаттың қарауында.

2024 жылдың 24 сәуірінде ҚР Қорғаныс министрлігі бұл мәлімдемелерді теріске шығарып, «заң жобасы елдің ішкі қауіпсіздігін нығайтуға ғана бағытталған және антиресейлік сипатта емес» екенін атап өтті.

Алайда Factcheck.kz редакциясы бұл тақырыпты зерттей келе, «соғысқа дайындық» туралы пікірлер заң жобасында Ресей Қазақстанға төнетін «негізгі ықтимал қауіптердің бірі ретінде көрсетілген» деген уәжбен дәлелденіп жатқанын байқады, өйткені аумақты қорғау күштерінің ең үлкен тобы – 20 құраманың сегізі – Қазақстан мен Ресей шекарасында орналастырылмақ деген болжам айтылған (1, 2, 3).

Біз, заң жобасында ондай тұжырымның бар-жоғын тексеріп көрдік.

Үкім: Жалған

Заң жобасында Ресей Қазақстанға төнетін қауіп ретінде көрсетілмеген. Аумақ әскерлері саны елдің әкімшілік бөлінісіне байланысты.

Толығырақ

«Ресей Қазақстанға төнетін ықтимал қауіп ретінде қарастырылады: аумақты қорғау бригадаларының 8-і Ресеймен шекарада орналасады. Салыстырып қарасақ: Өзбекстанмен шекарада – 5, Қытаймен – 4, ал қалғаны Қырғызстан және Түрікменстанмен шекарада», – деп жазады «Независимая газета».

«Заң жобасына сәйкес, Ресей Қазақстанға төнетін ықтимал қауіп ретінде қарастырылады», – дейді «Антифашист» сайты, сондай-ақ шекаралардағы бригадалар санын салыстырады.

«Қазақстан құжатта Ресейді ресми түрде ықтимал қауіп деп таныды», – деп жазады Topnews және осы деректерді келтіреді.

Алайда заң жобасында Ресей туралы ешқандай ескерту жоқ, ал «қауіп» туралы тұжырымдар тек шекарадағы бригадалар санына сүйеніп жасалған болжамдар екені байқалады.

Мысалы, RTVI былай деп жазады: «заң жобасына сүйенсек, Қазақстан Ресейді ықтимал қауіп ретінде қабылдайтын сияқты, өйткені аумақты қорғау бригадаларының көпшілігі – 20-ның 8-і – Ресеймен шекарада орналасады».

Бірақ бұл жарияланымдардың ешбірі бастапқы дереккөзге сілтеме келтірмейді.

Сонымен, шекарадағы бригадалар саны Қазақстан үкіметі Ресейден қауіп күтеді деген тұжырымға негіз бола ала ма?

2017 жылдан бастап Қазақстанда аумақты қорғау әскерлері бар. Депутаттардың айтуынша, жаңа заң жобасы бұл саланы дербес бағыт ретінде бекітіп, қорғаныс міндеттерін атқару үшін қажетті күштер мен құралдарды, мемлекеттік органдардың құзыреті мен функцияларын, сондай-ақ аумақты қорғау саласындағы азаматтардың құқы мен міндеттерін айқындайды.

Заң жобасындағы «аумақтық әскерлер» ұғымына сәйкес, олар елдің әкімшілік-аумақтық бірліктері шегінде орналастырылады. «Аумақты қорғау аймағы» ретінде 17 облыс және республикалық маңызы бар 3 қала (Астана, Алматы және Шымкент) көрсетілген – яғни, 20 әкімшілік бірлік.

2022 жылы-ақ қорғаныс министрлігі әр облыста және республикалық маңызы бар қалаларда аумақтық әскер бригадалары бар екенін хабарлаған.

Заң жобасында нақты бригадалар саны көрсетілмесе де, аумақты қорғау аймақтарының санына қарай кемінде 20 бригада болады деп болжауға болады. Бұл цифраны біз тексерген материалдар авторлары да келтіреді және оны облыстар санына байланысты түсіндіреді.

Қазақстан мен Ресей шекарасында 8 облыс бар, яғни, аумақты қорғау бригадасының болуы – әкімшілік картаға сай логикалық сәйкестік.

Қазақстан жаңа заң жобасында «Ресей – елге төнген қауіптің бірі» деп танымақшы ма?
Қазақстанның әкімшілік бөлінісі, Уикипедия

Мақала авторлары бұл логиканы түсінетін сияқты, дегенмен сонда да Қазақстан «Ресейді ресми түрде қауіп ретінде таниды» деген тұжырымға дәлел ретінде ұсынып отыр, бригадалар санының «шекарада» көп болуын алға тартады.

Алайда жоғарыда атап өткендей, аумақтық әскерлер саны елдің әкімшілік бөлінісіне байланысты.

Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі де бұған дейін аумақтық бригадалар саны өңірлердің логистикалық, географиялық және демографиялық ерекшеліктеріне сай орналастырылатынын растаған-ды.

Factcheck.kz