Telegram мессенджерінде (1, 2) Қазақстан экономикалық өсім көрсеткіші бойынша бірқатар мемлекеттен алда деген ақпарат тарады. Ақпаратқа сенсек, Қазақстан әл-ауқатының өсу көрсеткіші Қытай, Қатар, Израиль сияқты мемлекеттерден алда екен-міс.
Factcheck.kz деректі тексеріп, шынында Қазақстанның экономикасы 190%-ке өсіп, Қытай, АҚШ секілді алпауыт елдерден басып озды ма дегенді анықтап көрді.
Үкім: Дәлелденбеген
“UBS Global Wealth” есебіне сай, Қазақстанның әл-ауқатының проценттік өсімі 2010-2023 аралығында 190%-ке жеткен. Жылдық өсім — 9%. Есеп дерегіне сай, шынында Қазақстанның әл-ауқатының өсімі Қытай (185%), Қатар (157%), Израильден (140%) жоғары.
Алайда, нақты әл-ауқат өсімін анықтайтын статистика болмағандықтан бір ғана ұйымының методологиясы елдің экономикалық жағдайын толық көрсетпейтінін ескеру керек.
UBS Global Wealth есебінің методологиясына сай, мемлекеттің әл-ауқаты — тұрғындардың қаржылық активтері және нақты активтерінің (жылжымайтын мүлік) қосындысынан тұрғындардың қарыздарын шегергендегі көрсеткіш.
UBS Global Wealth Қазақстанның әл-ауқатының жоғары өсімі елдегі урбанизация, жылжымайтын мүлік құнының өсуі және қаржылық қызметтерге қол жеткізудің артуы сияқты әртүрлі макроэкономикалық тенденцияларға байланысты болуы мүмкін екенін жазады.
Есепте 56 мемлекеттің дерегі жарияланған және елдердің экономикалық жағдайын бағалайтын басқа да көрсеткіштер ұсынылған. Мәселен, жан басына шаққандағы орташа әл-ауқат өсімі 2022-2023 Қазақстанда 17%-ке төмендеген. Бұл көрсеткіш Қытайда шамамен 7%-ке өскен.
Қазақстан ең тез байып келе жатқан мемлекет пе?
Мемлекеттің әл-ауқатын бағалау кезінде бірнеше экономикалық көрсеткішке мән беру керегін ескерсек, аталмыш есеп елдің әл-ауқатының өсімін немесе ең жылдам байып жатқан мемлекет екенін көрсете алмайды. Оған қоса нақты әл-ауқатты бағалайтын дүниежүзілік ресми статистика жүргізілмейді.
БҰҰ-ның 2018 жыл бойынша елдердің байлығы есебінде, Қазақстанның әл-ауқатын жалпы алғанда 109 074 АҚШ долларына бағалаған. Бұл елдегі өндірілген капитал, адам капиталы, табиғи ресурстар, таза шетелдік активтер сияқты көрсеткшітердің жиынтық бағасы. Ал Қытайдың әл-ауқаты 174 365 АҚШ долларына бағаланған.
Жоғарыда есепте экономикалық дамуы ең жоғары деген 5 мемлекеттің көрсеткіштерін жинақтадық. Оның ішінде 2010-2022 жылдар аралығындағы жалпы ішкі өнімінің өсімі мен 2023 жыл бойынша жан басына шаққандағы жалпы ұлттық табыс мөлшерін (ЖҰТ) салыстырып көрдік. Кестеде көрсетілгендей 12 жылда Қазақстанның ЖІӨ өсімі 49.7%-ке өскен, бұл Қытайдың ЖІӨ өсімінен шамамен 50%-ке аз.
Ал жан басына шаққандағы ЖҰТ көрсеткіші, Қазақстаннан бірнеше саты төмен тұрған Қатар мен Израильде әлдеқайда жоғары.
Мемлекет | ЖІӨ өсімі (%) (2010-2022 ж) | Жан басына шаққандағы ЖҰТ (USD) 2023 жыл |
Қазақстан | 49.7% | $10,940 |
Қытай | 90.4% | $13,400 |
Қатар | 59.1% | $70,070 |
Израиль | 55.2% | $55,020 |
Үндістан | 77.2% | $2,540 |
Мемлекеттің әл-ауқатын бағалау кезінде елдің экономикалық көрсеткіштерінен бөлек, елдегі сыртқы қарыз, елдегі инфляция деңгейі сияқты бағалауларды да ескеру маңызды. UNCTAD дерегінше, Қазақстанның мемлекеттік қарызы жалпы есепте 60 млрд АҚШ доллары және бұл ЖІӨ-нің жалпы есепте 23%-іне тең. Қазақстан және Қатардың сыртқы қарызы мен елдегі ЖІӨ салыстырмалы түрде төмен. Бұл мемлкекеттердің экономикалық жағдайы тұрақты және қарызды өтеуде қабілетті екенін көрсетді. Ал салыстырылмалы түрде Қытай (83,6%), Израиль (61,9%) , және Үндістан (82,7%) сияқты елдердің қарыз деңгейі жоғары қарызды өтеу қабілеті экономикалық өсуіне тікелей байланысты екенін көрсетеді.
Сыртқы қарыз | ЖІӨ қатынасы | |
Қазақстан | 60 млрд доллар | 23% |
Қытай | 15 000 млрд доллар | 83,6% |
Қатар | 92 млрд доллар | 39,4% |
Израиль | 316 млрд доллар | 61,9% |
Үндістан | 3000 доллар | 82,7% |
Елдегі инфляцияның өсімі – шынайы экономикалық жағдайын көрсететін көрсеткіштердің бірі. Кейінгі 13 жылдағы сатистикалық деректер біз тоқталған 5 мемлекеттің ішінде Қазақстан мен Үндістанда жылдық инфляция салыстырмалы түрде жоғары екенін байқаймыз. Елдегі инфляцияның жоғары болуы, халықтың сатып алу қабілетін төмендетеді.
Адам дамуының индексіне (АДИ) көз жүгіртсек, кейінгі деректерде Қазқастан АДИ өте жоғары деңгейдегі мемлекеттер қатарында. 2022 жыл бойынша Қазқастанның АДИ көрсеткіші 0.802 көрсеткен. Адам даму индексі ел тұрғындарының өмір сүру ұзақтығы, білім алуы және жан басына шаққандағы жалпы ұлттық табыстың (ЖҰТ) орташа көрсеткші. Алайда, Қазақстанның 2010-2022 жылдар аралығында АДИ орташа өсімі басқа елдермен салыстырғанда жоғары қарқында емес. 2010-2022 жылдар аралығында Қазақстанның АДИ орташа өсімі 0,38%-ті көрсетті.
Қорытынды
Қазақстанның әл-ауқатының өсуі жоғары болғанымен, бұл көрсеткіш елдің экономикалық жағдайын толық көрсетпейді. UBS Global Wealth есебінде көрсетілген 190%-тік өсім тек қаржылық және нақты активтерге негізделген, бірақ бұл елдегі экономиканың толық жағдайын сипаттамайды. Қазақстанның экономикалық тұрғыдан оң өсулері бар, алайда бұған сүйеніп “әлемдегі ең тез байып келе жатқан ел” деуге келмейді. Оған қоса, Қазақстанның ЖІӨ өсімі және жан басына шаққандағы жалпы ұлттық табысы Қытай, Қатар және Израиль сияқты елдерден төмен, ал инфляция деңгейі –әлдеқайда жоғары.
Пікір қалдыру үшін өз аккауныңызға кіріңіз.