Қарақат Әбден ауылдағы әйелдердің кәсіпкерлігі туралы рас сөйледі ме?

22 сәуірде өткен мәжілістің жалпы отырысында депутат Қарақат Әбден 3 млн 800 мың әйел ауылда өмір сүреді, бұл ауыл халқының 49%-і деген мәлімдеме жасады. Депутат айтқан осы және өзге де мәлімдемені Factcheck.kz тексеріп көрді.

Депутаттың мәлімдемесі (тайм-код: 02:51:03)

Мәлімдеме: 2024 жылғы 1 қаңтардағы есеп бойынша ауылдық жерлерде 3 миллион 800 мың әйел немесе жалпы ауыл халқының 49,2% тұрады, бұл республикадағы жалпы әйел халқының 36,4%. Социологиялық сауалнама нәтижесі көрсеткендей, ауылдағы әйелдердің 43%-нен астамы кәсіпкерлікпен айналысуға ниет білдірді.

Қарақат Әбден

Үкім: Шындыққа жақын

Ұлттық статистика бюросының дерегіне сәйкес 2024 жылдың 1 қаңтарындағы көрсеткішке сүйенсек еліміздің ауылдарында 3 730 259 әйел өмір сүреді. Жалпы ауылдарда 7 582 542 адам тұрса, әйелдер 49,2% болады екен. Сондай-ақ Қазақстанда 10 249 954 болса, соның 36,4% ауылда өмір сүреді.

Депутат “социологиялық сауалнама нәтижесі” деп нақты қай зерттеуді меңзегені белгісіз. Дегенмен, БҰҰ-ның жариялаған “Әйел кәсіпкерлігінің гендерлік ерекшеліктері” атты зерттеуіне сәйкес, Қазақстан ауылдарындағы әйелдердің 24,1%-і, ал ерлердің 27,8%-і кәсіпкерлікпен айналысуға ниет білдірген. Бұл көрсеткіш шағын қалалардағы әйелдердің арасында 16,7%-ке түскен. Дегенмен, ұйым ауылда ерлер арасында да (17,9%), әйелдер арасында да (13,2%) жаңа кәсіпкерлердің аз екенін айтады.

Мәлімдеме: Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, 2010 жылы бағдарлама басталғаннан бері бүгінгі күнге дейін 100 мыңға жуық жоба субсидия алса, оның тек 6% ғана ауылда тұратын әйелдердің кәсібі. 

Қарақат Әбден

Үкім: Техникалық қате

Спикер Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша 2010 жылдан бері жасалып келе жатқан «Бизнестің жол картасы» («БЖК») деп аталатын мемлекеттік бағдарламаны меңзеп отырған көрінеді.

14 жыл ішінде мемлекет 100,9 мың жобаға ұжымдық субсидия берген, оның 45,4 мыңы әйелдерге, 55,5 мыңы ерлерге тиесілі.

«Даму» Қорының мәліметінше, «БЖК» бағдарламасы 2010 жылдан бастап қазірге дейін қалаларда 81 280 жобаға субсидия берген, оның ішінде 44 256 жоба ерлерге және 37 024 әйелге тиесілі.

Ауылдық жерлерде 19 712 жоба субсидия алған, оның ішінде 11 270 жоба ерлерге және 8 442 жоба әйелдерге тиесілі, яғни бағдарлама басталғаннан бері субсидия алған жобалардың жалпы санынан — 8,35%-і.

Бағдарлама шеңберіндегі қаражаттың негізгі үлесі бүкіл кезең бойынша мынадай салаларға тиесілі: өңдеу өнеркәсібі (9,3 мың жоба), көлік және қойма шаруашылығы (8,2 мың жоба), көтерме және бөлшек сауда (7,3 мың жоба).

Экономика министрлігінің мәліметінше, әйелдер 44,6% немесе 638 мың жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъектілерін (ШОБ) басқарады. Әйелдер басқаратын және ерлер басқаратын ШОБ арасындағы ең елеулі айырмашылық білім беру саласында. Білім саласындағы барлық ШОБ субъектілерінің 70%-ін әйелдер басқарады.

Анықтама: 2010 жылы Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша елімізде кәсіпкерлікті қолдау және дамыту бағдарламасы жасалды. Бағдарлама екі кезеңді қамтиды: бірінші кезең – 2010-2014 жылдары және екінші кезең – 2015-2020 жылға дейін. 2018 жылдың соңында Назарбаевтың тапсырмасы бойынша бағдарлама 2025 жылға дейін ұзартылды. Несиелерді субсидиялау және кепілдендіру операторы «Бәйтерек» ұлттық холдингінің еншілес ұйымы «Даму» қоры.

Контекст: ЕҚДБ қолдауы

Еуропалық қайта құру және даму банкі де (ЕҚДБ) түрлі бағдарлама арқылы қазақстандық кәсіпкерлерді қаржыландырады. Мәселен, 2015-2018 жылдар аралығында ЕҚДБ «Бизнестегі әйелдер» бағдарламасы бойынша «Даму» қорына 3,7 млрд теңге бөлді. Қолда бар мәліметтерге сәйкес, қаражат сауда кәсіпорындарын дамытуға және қолдауға жұмсалды: кондитерлік цех, дәмхана, наубайхана; жеке медицина – сұлулық салоны; мектепке дейінгі мекеме, балабақшалар түріндегі жеке білім беру. ЕҚДБ 2023 жылғы есебіне сәйкес, банк әйелдер кәсіпкерлігі мен іскерлік белсенділігін дамыту үшін KMF микроқаржы ұйымына 35 миллион АҚШ доллары көлемінде несие берді.

Factcheck.kz