Хорватияда үйлер 60 теңгеге сатылып жатыр ма?

Желіде Хорватияның Леград қаласында үйлер бар болғаны 13 евроцентке немесе 60 теңгеге сатылып жатыр деген ақпарат тарады. БАҚ-тағы дерекке (1, 2, 3, 4, 5) сенсек, бұл қаладағы халық санының азаюына байланысты қабылданған шешім. Расында Хорватияда 60 теңгеге үй алу мүмкін бе, тексеріп көрдік.

https://www.instagram.com/reel/C2R8TfbtE9X/?utm_source=ig_web_copy_link

Мәлімдеме: Хорватияның Леград қаласында баспаналар 13 евроцентке шамамен 60 теңгеге сатылып жатыр.

БАҚ-та тараған ақпарат

Үкім: Шындық

Хорватияның Леград қаласында жас отбасыларды қолдау бағдарламасы жүріп жатқаны рас. Қала әкімшілігі конкурстық іріктеу арқылы жас отбасыларға жеңідетілген бағамен баспана алуға мүмкіндік береді. Яғни Леград қаласынан жергілікті валюта бойынша 1 кунаға немесе 13 евроцентке үй сатып алуға болады.

Желіде тараған ақпараттың рас-өтірігін анықтау және толық ақпарат алу үшін Леград қаласының әкімшілігімен байланысқа шықтық. Сұрағымызға қала мэрі Иван Саболич ақпараттың рас екенін және бұл жобаның мақсаты қаладағы тұрғындар санын көбейту екенін мәлімдеді.

Бағдарлама бойынша дайындалған заң жобасының 4.2-бөлімінде көрсетілген ақпаратқа сәйкес, бағдарламаға қатысушы Леград аймағындағы тұруға жарамды баспананы немесе ғимаратты жеңілдетілген бағамен 1 кунаға яғни орта есеппен 13 евроцентке ала алады. Бағдарлама бойынша тек баспана алуға емес, үй құрылысына және жөндеу жұмыстарын жүргізуге де жеңілдіктер қарастырылған. Бағдарламада бекітілген ережелерге сәйкес (4.1-бөлімі), жоба бойынша жас отбасыларға алғашқы баспананысын салу үшін аймақтағы жарамды құрылыс учаскісін 1 хорват кунасына сатып алуға болады. Сонымен қатар, бағдарлама бойынша (5-бөлім) өтініш беруші жаңа тұрғын үйді салу, қайта құру, кеңейту және жаңарту қажеттігін құжаттармен дәлелдеген жағдайда, жас отбасына қолдау көрсету шығындардың 75%-і өтеледі (шамамен 50,000 куна). Жеңілдетілген бағамен баспаналы болған отбасылар комуналдық төлемдерден босатылады.

Бағдарламаның негізгі мақсаты аймақтағы халық санын арттыру. Қала әкімшілігінің ресми деректеріне сәйкес (2.1-бөлім), 2011 жылғы халық санағы бойынша Леград муниципалитетінде жалпы халық саны 2 241 болған, бұл 2001 жылғы санақтан 18,9%-ке аз. 1857 жылғы алғашқы халық санағын ескерсек, Леград муниципалитетінің халқы 50,49%-ке қысқарған. 1921 жылы муниципалитеттің халық саны 5 891 адам болған, бұл — аймақтағы демографияның максимумға жетуі. Осы жылдан кейін қалаларға және шетелге көші-қонның алғашқы толқыны кезінде халық санының тұрақты төмендеуі байқалған.

Дегенмен, баспананы біз ойлағандай кез-келген адам қалауынша 60 теңгеге сатып ала алмайтынын да ескеруіміз керек. Аймақтағы баспананы жеңілдетілген бағамен яғни 13 центке алу үшін конкурстық іріктеуден өту міндетті.

Үйді кімдер ала алады?

Қала әкімдігінің ресми мәлімдеуінше (құжаттың 3-бөлімі) Леград қаласынан баспананы:

  • 40 жастан аспаған азаматтар;
  • Жаңа шаңырақ құрған ерлі-зайыптылар;
  • Балаларын жалғыз тәрбилеп отырған ата-аналар;
  • ерлі-зайыптылардың кем дегенде біреуінің кемінде 3 жыл жұмыс өтілі бар тұлғалар;
  • Жағдайы төмен отбасылар ала алады.

Конкурс жеңіпаздары қалада кемінде 15 жыл тұруға міндетті.

Қосымша, баспананы өзге мемлекет азаматтары ала алмайды. Қала мэрінің сөзінше жобаға қызыққан шетелдіктер көп болды, алайда бағдарлама әзірге жергілікті деңгейде ғана жүргізіліп жатыр.

Factcheck.kz