Грекия стадионында “Зеленский диктатор” деген жазу пайда болды ма?

Жақында “РИА Новости” сайтында Грекиядағы “Олимпиакос” стадионында “Зеленский — диктатор”, “Украинадағы нацизмға жол жоқ” деген мәтін пайда болды деген ақпарат тарады. Кейін ресейлік басқа да медиалар (1, 2, 3, 4, 5) осы ақпаратты бөліскен. Мысалы кейбір медиа, оның ішінде RG.ru және Gazeta.ru сайтында видео “Грекиядағы “Олимпиакос” футбол клубының стадионында түсірілген” деп жазылған. Factcheck.kz ақпараттың қаншалықты рас екенін тексеріп көрді.

Грекия стадионында "Зеленский диктатор" деген жазу пайда болды ма?
РИА Новости таратқан видеоның скриншоты.

Үкім: Фейк

Біріншіден, видеодағы жазуды монтаждап қосқанын түсіну қиын емес. Мысалы, Украина деген жазудың әріптері дірілдеп, стадионның үстіне, яғни, бос кеңістікке шығып кетеді. Екіншіден, бұл ресейлік медиа жазғандай Грекиядағы Пирей қаласында орналасқан “Олимпиакос” футбол клубының стадионы емес, Пирейдегі “Бейбітшілік және достық стадионы” (Peace and Friendship Stadium).

Ресейлік пропаганда бұл ақпаратты таратпас бұрын, нақты қандай стадион екенін анықтамаған. “РИА Новости” видеоны оқиға орнынан бұл сәтке куә болған адамдардың жібергенін жазған. Алайда стадионның “Олимпиакос” футбол клубына тиесілі емес екенін де тексермеген. Кадрда түрлі спорттық ойындарды өткізуге арналған “Бейбітшілік және достық стадионы” бейнеленген.

  • Грекия стадионында "Зеленский диктатор" деген жазу пайда болды ма?
  • Грекия стадионында "Зеленский диктатор" деген жазу пайда болды ма?

Сонымен қатар, бұл ақпараттың шындыққа жанаспайтынын, яғни, ресейлік пропаганда таратқан ақпараттың монтаждалғанын кейбір украиналық antikor.com.ua (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы портал) медиасы да жазды.

Контекст

  • Бұл ақпарат 21 тамызда Украина президенті Владимир Зеленский Грекия премьер-министрі Кириакос Мицотакиспен кездескен соң тарай бастады. Жалпы Ресей Украинаға соғыс ашқалы “РИА Новости” және басқа да ресейлік медиа мыңдаған жалған әрі манипуляция ақпарат таратты.
  • Көбіне, ресейлік пропаганда, әсіресе РИА Новости журналистері соғыс басталғалы Байден мен Зеленский жайлы жиі жалған ақпарат жариялап отырды. Мысалы Байденнің жасына байланысты көп сұрақ қоятын. Factcheck.kz оның “алжығанына”, “ауамен амандасқанына”, “қайтыс болғандарды іздей бастағанына”, тіпті, Рим Папасын “ең танымал афроамерикалық бейсболшы” деп атағанына қатысты біренше материал жариялады. Бұдан бөлек, ол Варшавада Украина туының үстінен жүрді деген жалған ақпарат тараған. Сонымен қатар, АҚШ президенті өзінің жұмысын ұмытыпты деп жазғандар да болды.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz