Француз тілі 600 жыл бойы Англияның ресми тілі болды ма?

Әлеуметтік желілерде және түрлі сайттарда қызық факт ретінде француз тілі 600 жыл бойы, тіпті одан да көп уақыт Англияның ресми тілі болғаны айтылып жүр.

«Британия тарихында өте қызық парадокс болды. Шамамен 600 жыл бойы, де юре, елде мемлекеттік тіл француз тілі болған», — деп жазылған «Яндекс Дзендегі» Historia Brittonum тобында.

«Француз тілі Англияда 600 жылдан астам уақыт бойы ресми тіл болды», — делінген Гжель мемлекеттік университетінің (Ресей) сайтында.

Factcheck.kz редакциясы мұның рас-өтірігін тексеріп көрді.

Англо-норманд тілі сабақтары

Әртүрлі энциклопедиялық және академиялық дереккөздерде француз тілі ұзақ уақыт бойы ағылшын ақсүйектерінің тілі болғаны айтылған. Атап айтқанда, бұл туралы «Британника» энциклопедиясының француз тілі туралы мақаласында, әртүрлі диалектілерге арналған абзацта жазылған.

Француз диалектісі негізінен солтүстік-орталық диалектісі ретінде кейбір солтүстікке тән ерекшеліктерімен көзге түседі. Бұған дейін әдебиет саласында басқа диалектілер, әсіресе норман диалектісі үлкен беделге ие болған (Британияда ағылшын-норман ретінде дамып, 14-ғасырға дейін кеңінен қолданылған).

«Британника» энциклопедиясы

Англо-норманд әдебиетіне арналған «Британника» энциклопедиясының басқа мақаласында келесідей мәліметтер берілген.

Англо-норманд әдебиеті — ортағасырлық Англияда қолданылған ескі француз тілінде жазылған шығармалар жиынтығы. Бұл диалект Эдуард кезінде ағылшын сарайында пайда болғанымен, оның нақты тарихы 1066 жылғы Нормандиялық жаулаудан соң басталды. Сол кезде ол сарайдың, заңның, шіркеудің, мектептердің, университеттердің, парламенттің, кейінірек муниципалитеттер мен сауданың тіліне айналды. Ағылшын ақсүйектері үшін ағылшын-норманд тілі меңгерілген тіл болды және оны қолдану ақсүйектіктің белгісіне айналды. Ол Уэльс пен Ирландияға әкелінді және Шотландияда шектеулі түрде қолданылды. Ағылшын-норманд диалектіндегі бізге жеткен ең ерте әдеби мәтіндер XII ғасырдың басында І Генрихтің билік еткен кезеңіне, ал ең кейінгілері XV ғасырдың басында IV Генрихтің билік еткен кезеңіне жатады.

«Британника» энциклопедиясы

Ағылшын-норманд сөздігінің алғысөзінде Вильям Ротвейл (сөздіктің әртүрлі басылымдарының редакторы және зейнетке шыққанға дейін Манчестер университетінің француз тілі кафедрасының меңгерушісі болған) неліктен жаңа жерде француз тілін «англо-норманд» деп атай бастағанын түсіндіреді.

Англо-норманд немесе дәлірек айтқанда, англо-француз тілі — 1066 жыл мен XV ғасырдың ортасы аралығында Британияда қолданылған француз тілінің бір түрі. «Англо-норманд» термині бұл тіл Ла-Манш арнасын Уильяммен бірге кесіп өткен норман жаулап алушыларының аймақтық диалекті деп саналған кезден бастау алады (Нормандия — бұрын викингтер қоныстанған Францияның тарихи аймағы – ред.).

Англо-норманд сөздігінің алғысөзінен

Оксфорд университеті гуманитарлық бөлімінің сайтында ортағасырлық француз әдебиеті бойынша PhD дәрежесі бар Хью Грейндж бізді қызықтырған мәселе туралы былай жазады.

Француз тілі бірнеше буын англо-норманд ақсүйектерінің ана тілі болды. Бірақ одан да көп британдықтар француз тілін екінші тіл ретінде үйренген болуы керек. XII ғасырдағы Хазелберилік Вульфрик сияқты әулиелердің ортағасырлық өмірбаяндары бір тілді ағылшындарды француз тілінде еркін сөйлейтін адамдарға айналдырғандар туралы әңгімелейді.

Хью Грейндж

Осылайша, алдын ала қорытынды жасасақ, француз тілі шамамен 300-400 жыл бойы Англияда қолданылып, ақсүйектердің, заңдардың, білімнің, сауданың және т.б. тілі болды. Сонымен қатар дереккөздерде француз тілінің “ресми” тіл болғаны айтылмаған. Ол кезде мұндай термин болған-болмағаны белгісіз.

1270 пен 1731

Бірақ ағылшындардың маңызды салада француз тілін 600 жыл бойы қолданғаны туралы мәлімдеме қайдан шыққан? Бір қызығы, бұл ақпарат ағылшын тілді интернет кеңістігінде де өзекті — мысалы, Quora танымдық сайтынан оқырманның осы тақырыпта қойған сұрағын көруге болады.

Француз тілі 600 жыл бойы Англияның ресми тілі болды ма?
Quora танымдық сайтының скриншоты

Бәлкім, мұның бәрі француз тілінің 18-ғасырда да Англияда тар салада — заң саласында әлі де қолданылуымен байланысты шығар. Бұл туралы 1998 жылы Кембридж университетінің ағылшын құқығы тарихының профессоры Джон Гамильтон Бейкер өзінің «Жалпы құқықтың үш тілі» атты еңбегінде жазады.

Бейкердің сөзінше, 1270 жылға қарай жалпы құқықтың негізгі лексикасының көп бөлігі реттелген. Оның француз тілінен шыққан түбірлері болғанымен, бұл мағыналарды Францияда сөйлейтін тілден табу мүмкін емес еді (яғни, бұл таза техникалық тіл болды).

Француз тілі Францияда сөйлейтін тілге ұқсамаған да шығар, бірақ оған қажеттілік те болған жоқ. Ағылшын заңгерлері шетелдіктерге әсер етуге немесе космополитизм көрінісін жасауға тырысқан жоқ. Олар француздардың кейпін де танытпады.

Джон Гамильтон Бейкер

Бейкер 1362 жылғы заң актісін атап өтеді. Онда Англия тұрғындарының көпшілігі білместіктен заңды бұзатыны айтылған — олар француз тілінде жазылған заң мәтіндерін түсіне алмайды. Бұл акт бойынша барлық өтініштерді соттарға ағылшын тілінде беру, қорғау, жауап беру, талқылау және шешім шығару қажет болды (жазбаша құжаттар үшін латын тілі сақталды).

2016 жылғы International Journal of Legal Discourse журналындағы француз құқығы тарихы туралы ғылыми мақаласында автор алдыңғы зерттеушілердің жұмыстарына сілтеме жасай отырып, Англияда француз тілінің заң тілі ретінде тұрақты қолданылғанын жазады.

Архаикалық тілді — заң французшасын қолдану шамамен XIII ғасырдан 1731 жылға дейін жалғасты. Бұл оны білмейтін барлық адамды белсенді түрде шеттетіп, осылайша заң мәселелерін арнайы оқытылған шағын элита тобының қолына қалдыруға мәжбүрледі. Заң француз тілі бастапқыда ескі норман, ескі француз және англо-норман тілдеріне негізделген тіл болды

<…>

Француз құқығын қолдану толық тоқтатылды. 1731 жылғы заң актісі заңда ағылшын тілін қолдануды ресми бекітті, ал басқа тілдерге тыйым салды. Алайда екі жылдан кейін nisi prius, habeas corpus және т.б. сияқты сөз тіркестерін қолдануға рұқсат беретін қосымша заң қабылдауға тура келді. Бұл терминдер заң сөздігіне терең енгені сонша, оларды ағылшын тіліне аудару мүмкін болмады. Сонымен қатар, қазіргі ағылшын жалпы құқық тілінде француз құқығының мұрасы бары даусыз.

1731 жылғы акт мәтінінде былай делінген:

1733 жылғы 25 наурыздан бастап және осы күннен кейін, барлық сот бұйрықтары, олардың процестері мен есептері, сондай-ақ оларға қатысты сот талқылаулары және барлық өтініштер, ережелер, бұйрықтар, айыптау қорытындылары, мәліметтер, тергеулер, ұсыныстар, үкімдер, тыйымдар, куәліктер және барлық патенттер, хартиялар, кешірімдер, комиссиялар, хаттамалар, қаулылар, актілер, қол қою парақтары, облигациялар, тізімдер, жазбалар, айыппұлдар мен өндіріп алулар, сондай-ақ осыған байланысты барлық рәсімдер және соттардағы барлық талқылаулар… сондай-ақ олардың барлық көшірмелері және жалпы кез келген соттардағы барлық сот талқылаулары Ұлыбританияның Англия деп аталатын бөлігінде және Шотландияның қазынашылық сотында, латын немесе француз тілінде немесе басқа тілде емес, тек ағылшын тілінде жасалуға тиіс.

1731 жылғы заң актісінен

Келтірілген мысалдардан XVIII ғасырда нақты заңдағы француз тілін ағылшын тілі алмастырғаны туралы қорытынды жасауға болады.

Үкім: Жалған

Академиялық дереккөздер Англияда 600 жыл бойы француз тілінің ресми тіл болғанын растамады. Француз тілі арал тұрғындары арасында, әсіресе ақсүйектер ортасында және мемлекеттік басқаруда, сондай-ақ сауда, сот ісі және білім беру салаларында XI-XV ғасырларда, яғни шамамен 4 ғасыр бойы (немесе тіпті 3 ғасыр шамасында — 12-15 ғғ. аралығында, өйткені жаңа тілді енгізу біртіндеп жүргенге ұқсайды) белсенді қолданылды. 17-ғасырда, француз тілінің тарала басталғанына 600 жыл өткен соң, ол Англияда тек заң тілі ретінде өзекті болып қалды. Ол кезде оны негізінен кәсіби заңгерлер мен судьялар білетін. 1731 жылы заң саласында да француз тіліне тыйым салу туралы заң шықты (оның 1733 жылдан бастап қолданысқа енді).

Журналист, медиакритик, фотограф. Работал на ТВ (телеканалы «Алматы», Astana, КТК, 7 канал), в печатных и мультимедийных интернет-изданиях, сотрудничал с проектом «Радиоточка» до его закрытия в 2017 году, занимался медиакритикой в издании «Новый репортёр».

Factcheck.kz