Фейк | «Митталдың ашық әңгімесі (әңгімеден үзінді)»

WhatsApp мессенжері мен әлеуметтік желілерде (үлгілері мында, мында және мына жерде) аты аталмаған журналист пен «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының иесі Лакшми Миттал арасында болған сұхбаттың үзіндісі тарап жатыр. Онда Миттал шахтада болған оқиғаның (қай шахта екені де нақтыланбайды, болжам бойынша Костенко атындағы шахта) жауапкершілігін өзінен ысырып, ары таза екенін айтады және бәріне «модернизацияға бөлген» қаржыны «өз қалтасына салып алған» жемқор шенеуніктердің ашкөздігі кінәлі деп мәлімдейді.

Фейк | «Митталдың ашық әңгімесі (әңгімеден үзінді)»
WhatsApp-тағы хабарлама скриншоты

Журналистің «мұндай психологияның себебі неде» деген сұрағына Миттал «сопылық ортада өмір сүретін адамдарды бір сәтте байып кету туралы ой азғырса, есінен адасып кете жаздайды» деп айтыпты-мыс. Содан кейін сот алдында жауап беруге дайын екенін, бірақ «оған шенеуніктер жол бермейтінін», себебі «жағымсыз фактілер ашылуы мүмкін» екенін мәлім етеді.

Тарап жатқан әңгіменің толық мәтіні мынадай:

МИТТАЛДЫҢ АШЫҚ ӘҢГІМЕСІ

(Әңгімеден үзінді)

Журналист: Қарағандыда қайғылы жағдай болды. Адамдар қаза тапты

Миттал: Иә, білем. Туыстары мен жақындарына көңіл айтамын

– Өзіңізді кінәлі сезінбейсіз бе?

– Мен қолымнан келгеннің бәрін істедім, келісімшарт талаптарын сақтадым… Менің арым таза

– Адамдар Сізді табысқа жетем деп қауіпсіздікті ескермеді деп есептейді

– Күдікті сейілткім келеді. Менің әлем бойынша осы секілді кәсіпорным көп. Шахталар өте жақсы жабдықталған, жұмысшылар лайық жалақы алып жатыр

– Онда Қарағандыдағы жағдай неге соншалық нашар?

– Бар мәселе сіздердің шенеуніктерде болып тұр. Мен модернизацияға, жалақыға, экологиялық мәселелерді шешуге деп бөлген қаржыны олар өз қалтасына салып алған. Шахтерлердің түбіне отандастырыңыздың ашкөздігі жетті. Олардың әрекетін көріп, үнемі таңғалатын едім. Өз халқын осыншалықты жек көруге бола ма?! Осындай басшыларыңыз бар кезде құрбандар саны арта береді

– Сіз оларға түсіндіруге тырыспадыңыз ба?

– Бірнеше рет.

– Олар не деп жауап беретін еді?

– Еліміздің ерекшелігі, халықтың түсінігі осындай. Адамдарға көп ақша төлеуге болмайды, әйтпесе олар маскүнем боп кетеді

– Соған сендіңіз бе?

– Мен не істей алам? Бұл – сіздердің ел, шешетін өздеріңіз. Егер адамдар оған көніп жатса – олар үшін қалыпты жағдай болғаны.

– Сіз өміріңізде әлемнің бірқатар көшбасшысын көрдіңіз. Мұндай психологияның сыры неде деп ойландыңыз ба?

– Не туралы айтып отырсыз?

– Өз халқына деген қарым-қатынас

– Қиын сұрақ. Мәселенің түбі тереңде жатыр деп ойлаймын. Ұзақ уақыт бойы сопылық ортада жүріп, кенет тез байып кету мүмкіндігі болса, адамдар есінен адасып кете жаздайды. Мен қателесіп отыруым да мүмкін. Жалпы мұндай жағдай сіздің елге ғана тән емес. Мұндай жағдайды Африка елдерінен жиі байқаймын. Өсу ауруы.

– Сот ісінен қорықпайсыз ба?

– Қай мағынада?

– Сіз адамгершілікке жатпайтын еңбек жағдайын жасағаныңыз үшін айыпталуыңыз мүмкін

– Күлкілі естілсе де, сот алдында қуана жауап беремін. Бірақ шенеуніктеріңіз оған жол бермейтініне бек сенімдімін

– Неге?

– Себебі жағымсыз фактілердің беті ашылуы мүмкін.

Оқырмандардың өтінішімен Factcheck.kz редакциясы хабарламаның рас әлде өтірік екенін тексерді.

Үкім: Фейк

Желіде мұндай сұхбаттың болғанына еш дәлел жоқ. Кілт сөздер бойынша іздеу біз тексерген кезде әлеуметтік желілердегі осы хабарлама сілтемелерін ғана шығарып берді. Қазақстандық және шетелдік БАҚ-та мұндай әңгіме жарияланбаған. Хабарламаның фейк екенін мәтінде сұхбат жүргізілген уақыт, орын көрсетілмегені, Митталмен әңгімелесіп отырған журналистің аты да, жұмыс орны да жазылмағаны жанама түрде айқындап тұр. Мәтінде «АрселорМиттал Теміртау» иесінің атынан басқа маңызды дерек мүлдем жоқ.

Контекст

2023 жылдың 28 қазанына қараған түнде Қарағанды облысындағы «АрселорМиттал Теміртау» компаниясына тиесілі Костенко атындағы шахтада өндіріс кезінде өрт тұтанып, болжам бойынша лавадағы метан жарылған. Апат салдарынан 46 адам мерт болды. 2023 жылғы 29 қазан жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды. Костенко атындағы шахтада болған жарылыс тәуелсіз Қазақстан тарихындағы құрбан саны ең көп шахтадағы апат болды. Қайғылы жағдайдан кейін ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметке «АрселорМитттал Теміртау» компаниясымен инвестициялық серіктестікті тоқтатуды тапсырды.

Фактчекер, главный редактор русскоязычной версии Factcheck.kz

Factcheck.kz