Фактчек | Шойгу: «НАТО ҰҚШҰ елдеріне басып кіруге дайындалып жатыр»

6 маусымда НАТО-ның ҰҚШҰ елдеріне басып кіруге дайындығы туралы ақпарат БАҚ пен әлеуметтік желіде желдей есті (1, 2, 3, 4, 5, 6). Бұл туралы Алматыда өткен ҰҚШҰ Қауіпсіздік кеңесі хатшылары комитетінің отырысы барысында Сергей Шойгу мәлімдегені хабарланды.

ҰҚШҰ-ға мүше елдер үшін тікелей қауіп НАТО-ның үздіксіз экспансиясы. Ұжымдық қауіпсіздік аймағының солтүстік және батыс шекараларында альянстың әскери қатысуы ұлғайып, жаңа қару-жарақ жүйесі орналастырылуда. Әуе кеңістігінде арандатушылық әрекеттер саны артып келеді, көптеген әскери оқу-жаттығулар өткізіліп жатыр, оның ішінде ҰҚШҰ елдерінің аумағына басып кіруге де дайындық бар.

Сергей Шойгу, Ресей Федерациясы Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы

Factcheck.kz редакциясы шенеуніктің мәлімдемесінде дәлелдің бар-жоғын тексеруді ұйғарды (қою шрифтпен белгіленген – ред.).

Үкім: Дәлелденбеген

Спикер НАТО-ның ҰҚШҰ елдерінің аумағына басып кіруге дайындалып жатқаны туралы дәлел келтірмеді, бұл туралы БАҚ-та да хабарланбады, сол себепті оның рас болуы екіталай. Сондықтан, тексеру кезінде біз мәлімдемені дәлелденбеген деп бағалаймыз.

Сонымен бірге, НАТО шабуылы теориясын жақтаушылар еуропалық және америкалық шенеуніктердің соғысқа дайындығы туралы жария мәлімдемелеріне сілтеме жасайды, бірақ мұндай мәлімдемелер шабуыл емес, қорғаныс шебін құру туралы айтады, оның өзінде ҰҚШҰ мүшелеріне емес, Ресейге қатысты айтылады.

Мәселенің мән-жайы

НАТО-ның Ресейге және оның одақтастарына дайындап жатқан шабуылы туралы идеясы Кремльдің негізгі мотивтерінің бірі, ол басқа нәрсемен қатар Украинаға басып кірудің себептерінің бірі ретінде көрсетілген (1, 2, 3, 4, 5). Бұл ретте ресейлік шенеуніктер мен сарапшылар Ресейдің НАТО-мен соғысып жатқанын біраздан бері айтып жүр (1, 2, 3). НАТО агрессиясы туралы талқылаулар кейінгі бірнеше айда болуы мүмкін ядролық қақтығыс туралы әңгіме кезінде күшейді.

НАТО да кейінгі кездері Ресеймен тікелей қақтығысу мүмкіндігі туралы жиі айта бастады. Алайда, Солтүстік Атлантикалық альянсқа мүше мемлекеттердің шенеуніктері ықтимал қақтығыс туралы айта отырып, шабуыл емес, қорғаныс шебін құруды меңзейді, яғни олар Ресейдің агрессиясынан қорқады.

Мысалы, Шойгудың сөзінен бір күн бұрын БАҚ-та Германияның қорғаныс министрі Борис Писториустың 2029 жылы болуы мүмкін соғыс туралы мәлімдемесі тарады (1, 2, 3, 4). Алайда, сіз тақырыптардың шеңберінен шығып, министрдің дәйексөзін оқысаңыз, оның Ресейдің блок елдеріне ықтимал шабуылы туралы айтқанын түсінуге болады.

Писториус бұл елдің соғысқа қатысушы болғысы келмейтінін атап өтті, бірақ сонымен бірге Украинадағы соғыс жағдайында оның қорғаныс қабілетін елеусіз қалдыруға болмайтынына назар аударды.

Жақында ресейлік ақпарат саласында дүрбелең тудырған тағы бір оқиға – америкалық әскерді АҚШ-тың еуропалық одақтастарының шекараларына көшіру үшін құрлық дәліздерін қамтитын НАТО жоспары туралы айтатын The Telegraph және Daily Mail материалдарының жариялануы (1, 2, 3, 4, 5).

Фактчек | Шойгу: «НАТО ҰҚШҰ елдеріне басып кіруге дайындалып жатыр»
www.dailymail.co.uk

Дегенмен, бұл жоспар Ресей батысқа қарай жылжыған жағдайда ғана жасалғаны айтылған.

Корольдік Біріккен Қызметтер Институтының (RUSI) жаңа есебінде Украинадағы ресейлік әскердің көбеюі атап өтілді. Осылайша, институттың мәліметі бойынша, 2023 жылдың басында әскери қызметкерлердің саны 360 мың болса, сол жылдың жазына қарай 410 мыңға дейін өсті. 2023 жылдың басында 9M723 «Искандер» баллистикалық зымырандарының өндірісі айына алтау болды, зымыран қоры 50 оқ-дәріні құрады. 2023 жылы жазға қарай арсенал 200-ге жуық 9M723 баллистикалық зымырандар мен 9M727 қанатты зымырандарға дейін артты.

ҰҚШҰ-ның бұған қандай қатысы бар?

ҰҚШҰ төңірегіндегі шиеленістің күшею үрдісі Американың соғысты зерттеу институтында (ISW) байқалды. Ұйым сарапшылары бұл одақ ішіндегі тұрақсыздық пен жолдастардың белгісіз әрекетінен болуы мүмкін деп болжайды. Мысалы, Армения алғашында қатысуын тоқтатып, кейін Таулы Қарабақтан айырылғаннан кейін ҰҚШҰ-ны қаржыландырудан бас тартты, Крокус Сити Холлдағы лаңкестік әрекеттен кейін Ресей Федерациясы мен Тәжікстан арасындағы қарым-қатынаста біршама шиеленіс пайда болды, Орталық Азия елдері оның әсерінен қайталама санкциялардан қауіптенеді.

Осының барлығы, ISW сарапшыларының пікірінше, Ресейді одақтастарын ҰҚШҰ және басқа ұйымдар аясындағы ынтымақтастық олар үшін тиімді екеніне сендіруге күш-жігерді күшейтуге итермелейді. Сонымен қатар, сарапшылардың пікірінше, Қазақстан, Қырғызстан және Тәжікстанның «Кремль елестеткен Батыспен геосаяси текетіреске» келісуі екіталай.

Дегенмен, Мәскеу Минскіге үміт артып отыр және желіде «НАТО Ресейді Беларусь арқылы соғысқа тартады» деген хабарламалар пайда бола бастады, оны Альянс 2025 жылы басып алады екен-мыс. Steadfast Defender 24 жаттығулары кезінде тактиканың пысықталғаны атап өтілгенімен, қаңтар айының соңынан мамыр айының соңына дейін өткен бұл жаттығуларда шабуыл ғана емес, қорғаныс сценарийлері де қарастырылған.

Журналист, сценарист. Изучала политическую журналистику.

Factcheck.kz