Фактчек | Он жылға шолу: Алматыны велоқала ету жолындағы сәтсіздіктер

Он жыл бұрын Алматының бұрынғы әкімі Ахметжан Есімов “2020 жылға қарай қаладағы көліктердің 2 пайызын велосипедтер алмастырады. Біз қалалық велосипед паркін құрып, оларға арнаулы жол салып, тұрақ соққымыз келеді” деген. Содан бері Алматы осы бір көлік түріне ден қойып келеді.

Жоба қалай басталып еді?

9 жыл бұрынғы сұхбатында Ахметжан Есімов “қаладағы велосипедтер бір түсті болуы керек, олардың арнаулы тақтайшасы мен аппаратурасы тұру тиіс” деген. “Кез келген адам велосипедпен саябаққа барып, сол жерге тастап кете алады” деген ол карта арқылы төлеу жүйесі жайлы да айтқан.

Шетелдік кеңесшілер ұсынған жоба кейбір көшелердің реттелуіне септесіп, жаяу жүргіншілер мен велосипедшілерге ыңғайлырақ бола түсуін көздеген. Голландиялық «Виттвен энд Бос» компаниясының қала қозғалыс департаментінде кеңесші болып істейтін Йерун Буистің сол кезде айтқанына қарағанда, негізгі міндет – неғұрлым көп тұрғынды велосипедке “көшіру” болатын.

“Адамдарды машинамен – аз, автобус, велосипедпен көбірек жүретіндей ету керек,

– дейді Буис, – Жоба көліктерге, автобустарға я велосипедке арналмаған. Мұның бәрі – қала үшін. Қаланың ауасы тазарып, кептеліс азайып, қаланың көрікті бола түскені керек.

Голландиялық урбанистердің ойынша, жолақтар неғұрлым тар болса, соғұрлым машиналар да жай жүреді. Машиналар жай жүрген сайын көше де қауіпсіз әрі ыңғайлы бола түседі.

Ал бүгінгі ахуал қандай?

  • Қазақстандағы, тіпті Орталық Азиядағы бірінші велосипед жолағы 2011 жылы Алматыда пайда болды.
  • Бүгінде, түрлі дерек бойынша, Алматыда 30-60 шақырым аралығында веложолақ бар. (Әкімдік дерегінше, қаладағы веложолдың ұзақтығы – 30 км, Вело-Алматы сайтында “60 км шақырым бар және басқалары салынып жатыр” делінеді)
  • Жоба демеушісі Samruk Kazyna-ның логосымен қалада тәулік бойы жұмыс істейтін 181 автоматтық велостанция бар. Былтыр олардың саны 200 болған (19 станция жөнделіп жатыр).
  • Велосипедтің барлығына gps-трекер қойылған, яғни оларды ұрлап кету мүмкін емес.
  • kz қорының дерегінше, велосипедті 6687 алматылық жиі жалға алады (Астанада – 3078, Шымкентте – 1765 адам). Орта есеппен қалада велосипед 1500-2000 рет жалға беріледі (Шымкентте – 200-250, Астанада – 1000-1500).
  • Күн сайын техникалық қызмет орта есеппен 15 велосипедті жөндейді (үш қаланы бірге алғанда).
  • Еуропа, АҚШ пен Ресей қалаларындағы тәжірибе бойынша автобустардың алдына велосипед қоюға болатын бекіткіш орната бастады. Велосипедті бекіткішке қою оңай, көп күш те кетпейді.
  • 2015 жылы жол жүру ережесіне велосипедшілерге қатысты өзгерістер енгізілді: велосипедпен жолаушы тасымалдауға тыйым салынды; көлік жүретін жерде велосипед айдауға болатын азаматтардың минималды жас мөлшері енгізілді; тротуарда велосипед айдауға тыйым салынды.

Велосипедшілер vs жүргізушілер

“Велосипедтің танымал болғаны – факт. Тіпті әкімдік қызметкерлері де күн сайын жалға алуға болатын велосипедпен жүреді.

Әкімдік маңындағы станса да сұранысқа ие. Костюм киіп, галстук таққан велосипедтегі адамдар ұшырасады.

Өзім көрем, бірақ, өкінішке қарай, суретке түсіріп алуға мүмкіндігім бола бермейді, – дейді “Вело-Алматы” белсендісі Светлана Спатарь.

– Ең үлкен кемшілігі – бағасы. Бірақ қауіпсіздік жағдайын да ескеріп жасағандықтан, біздің жүйенің бағасы өте қымбат болғанын да түсінуге болады, – дейді ол.

Қалалық велосипедтердің артықшылығы – бір адам аз ақшаға қаланың бір бұрышына барып, велосипедті сонда қойып кете алады (Алматы ландшафтына байланысты түстен кейін қаланың жоғарғы бөлігінде велотұрақтар бос тұрады да, төмен жағы велосипедке лық толы болады. Velocity.kz қызметкерлері күн сайын байктар теңдей боп толып тұруы үшін жоғарыға велосипедтерді әкеліп қояды).

Фактчек | Он жылға шолу: Алматыны велоқала ету жолындағы сәтсіздіктер
Сурет Алматы әкімдігі сайтынан алынды

“Жыл сайын велосипед қозғалысы жиілеп келеді. Нақты дерекпен айтсақ, мәселен, 2018 жылғы көрсеткіштер үш жыл бұрынғымен салыстырғанда екі есе жоғары”, – деді Velocity.kz өкілі Әсем Исабекова. Одан бөлек, 2014 жылдың ортасында, экс-әкім Есімовтің сөзінше, велосипедшілер саны 90 мыңға жеткен.

Бірақ… көлік жүргізушілер саны да өскен. Ресми статистика дерегінше, 2009 жылы Қазақстанда 2,5 млн жеңіл көлік тіркелген. 2014 жылдың маусымында тіркелген жеңіл және коммерциялық жеңіл көлік саны 3,3 миллионға жетті. Қазақстанда қазір 3,8 миллион жеңіл көлік бар.

Қарапайым арифметикалық есептеулер арқылы жалпы көлік санындағы Алматы велосипедистерінің үлесі 2 пайыз екенін көреміз. Дегенмен бұл шамалап қана айтқанда:

Велосипедшілер жүргізуші куәлігін алмайды, көліктерінде номері жоқ. Сондықтан қанша көлік жүргізушісінің байкқа көшкенін анықтау қиын.

Қалада жүрген көлік саны да нақты қанша екенін айту қиын: басқа қаладан келетіндер мен транзиттік көлік көп.

Осыны ескергенде, Қазақстанның ішкі істер министрлігі ұсынған статистикаға қарау қызық.

Министрліктің баспасөз қызметінің айтуынша,

биыл алты айда Алматыда велосипедпен болған апат саны мүлдем тіркелмеген. Ресми хабарламада “ал былтыр тап осы уақыт аралығында 127 оқиға жол апаты оқиғасы тіркеліп еді” деп жазылған.

Министрлік “Астанада жарты жыл ішінде 1 апат тіркелді” деген. Бірақ Velocity.kz қалада 5 оқиға – велостанциямен 3 апат, велосипедпен 2 оқыс жағдай болғанын хабарлады.

“Оқиғаның ешбірі ауыр емес. Байктердің бір-екі жері сынған, айдағандар ешқандай жарақат алмаған. Жол полициясы құжат рәсімдеді де, ары қарай сақтандыру компанияларымен жұмыс жүргізілді. Барлық оқиға тату аяқталды”, – деді Әсем Исабекова.

Қазақ тіліне аударған: Аян Қалмұрат

Factcheck.kz