Желіде Жанаділ Райымбеков есімді журналистің “әйел адам бірнеше еркекпен қосылса инфекция таратып, еркектер инфекция таратпайды” деген мәлімдемесі тарады. Мұны отанды БАҚ-та жазды (1, 2). Видеоның өзі Райымбековтің Instagram парақшасында 10 мамырда пайда болған.
Мәлімдеменің жалған екені анық болса да, редакциямыз оқырманның өтініші бойынша негізгі екі тұсын талдап көрді.
Мәлімдеме: Егер әйел адам бірнеше еркекпен қосылатын болса, ол міндетті түрде инфекция таратады. Еркек, мысалы, көп әйелі бар еркек өзінің көп әйелімен қосылатын болса, ол инфекция таратпайды. Ешқашан таратпайды екен.
Жанаділ Райымбеков
Үкім: Жалған
Автор мәлімдемесі жай ғана ғылымға қайшы жалған ақпарат емес, ол формалды логиканың негізгі төрт заңының бірін — жеткілікті негіз заңын бұзады. Басқаша айтсақ, Райымбековтің сөзінің екі тұрғыдан талдауға болады: біріншіден, әйел адам бірнеше еркекпен жатқаннан “міндетті түрде” инфекция таратпайды, өйткені бұл үшін қандай да бір инфекция жұқтырған адаммен қорғанбай жыныстық қатынасқа түсуі керек. Екіншіден, жыныстық жолмен берілетін инфекция жұққан жағдайда оны ер де, әйел де (жынысына да, ориентациясына да, ұлты мен нәсіліне қарамастан) таратады.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының анықтамасына сай, жыныстық жолмен берілетін инфекциялар (ЖЖБИ) деп көбіне жыныстық қатынас кезінде берілетін инфекцияларды айтады. Яғни инфекция қынапқа енуден, аналды не оралды секстен жұғуы мүмкін. Алайда кейбір ЖЖБИ анадан балаға жүктілік және босану кезінде не болмаса жұқтырған қан мен одан жасалған қандай да бір өнімдер арқылы берілуі мүмкін. Ал АҚШ-тың ауруларды бақылау және алдын алу орталығының (CDC) жазуынша, бұл инфекциялар кейде ұзақ аймаласу кезінде де жұғуы мүмкін.
ДДСҰ-ның ақпаратына сәйкес, жыныстық жолмен 30-дан астам бактерия, вирус пен паразит жұғады. Оның ішінде төрт жұқпалы ауруды — мерез, гонорея, хламидиоз және трихомониазды емдеуге болады. Қалған вирустық сипаттағы төрт инфекция — В гепатиті, қарапайым герпес вирусы, АИТВ мен адам папилломавирусын емдеу мүмкін емес.
Дегенмен CDC-дің дерегінше, көптеген ЖЖБИ-дің симптомы жоқ не тек жеңіл белгілері болады, сондықтан адамдар инфекция жұқтырғаны туралы білмеуі мүмкін. Сонымен қатар ЖЖБИ ерлерге қарағанда әйелдерге көбірек әсер етеді. Бұл негізінен әйел анатомиясына байланысты. Әйелдердің несеп-жыныс мүшелерінің анатомиясы ерлердікіне қарағанда ЖЖБИ-ге сезімтал және осал, әсіресе қынаптың шырышты қабаты жұқа, нәзік болғандықтан инфекция оңай енеді.
Автордың “көп әйелмен жататын ерлердің” инфекция таратпайтыны туралы мәлімдемесі де толықтай жалған. Өйткені, керісінше, бірнеше секс партнеры бар еркектің ЖЖБИ жұқтыру және тарату мүмкіндігі көбірек.
ДДСҰ ЖЖБИ-ден қорғаудың ең тиімді әдісінің бірі ретінде мүшеқапты ұсынады. Бірақ оны дұрыс және жүйелі түрде пайдаланған жөн. Презервативтерді мүмкіндігінше барлық вагинальды және анальды секс үшін пайдалану керек. Бірақ ұйым презервативтертің тиімділігіне қарамастан, экстрагенитальды ойық жараларды (яғни, сифилис немесе жыныс герпес) тудыратын ЖЖБИ-ден қорғамайды дейді.
Мәлімдеме: Инфекция қай жақтан пайда болады десеңіз, әйел адам бөтен еркекпен қосылғаннан инфекция пайда болады. Сондықтан да біліп қойыңыздар, ол ғылыми дәлелденген нәрсе.
Жанаділ Райымбеков
Үкім: Манипуляция
Райымбековтің “ғылыми дәлелденген” бұл сөзі де қате. Инфекция “бөтен” адаммен жыныстық қатынасқа түскеннен пайда болмайды. Шынтуайтында, жыныстық қатынаспен айналысатын кез келген адам ЖЖБИ-ды жұқтыру және тарату қаупі бар. Әсіресе инфекцияны қорғанбай секспен айналысатындар мен көп партнеры барлар жұқтыруы мүмкін. Кейде психобелсенді заттарды тұтынатыну адамның қорғануы керектігін ұмыттырып, ал инені ортақ пайдалану көптеген инфекцияның таруын жеңілдетеді. Ал жалпылама айтсақ, ЖЖБИ бактерия, вирус және паразиттерден туындайды.