Фактчек | Қазақстандықтардың несиесі ел бюджетінің 78%-іне жетті

5 маусымда өткен мәжілістің жалпы отырысында Amanat партиясы фракциясының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев қазақстандықтардың несие алу мәселесіне алаңдап, бірнеше дерек келтірді. Оның айтуынша, тұтыну несиесінің көлемі еліміздің жылдық бюджетінің 78%-не тең екен-мыс.

Депутат мәлімдемесі (тайм-код: 50:57)

Factcheck.kz редакциясы депутаттың сөзін тексеріп, мәлімдемеден манипуляция мен қате тапты.

Мәлімдеме: Мәселен елімізде жұмыс істейтін 10 млн адамның 9 млнда несие бар болса, ал борышкерлер реестрінде қарызы бар жеке тұлғалар саны 3,5 млн.

Елнұр Бейсенбаев

Үкім: Техникалық қате және дәлелденбеген

Елімізде ресми органдар кредит алған адамдарға қатысты тұрақты түрде статистика жүргізбейді. Ұлттық банк те, қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі де мұндай деректерді бірінші кредиттік бюродан алу қажеттігін айтты.

Неге техникалық қате: Ұлттық статистика бюросының дерегіне сенсек, елімізде 9,6 миллион адам Қазақстанның жұмыс күші болса, оның ішінде 9,1 миллионы жұмыс істейді. Бірінші кредиттік бюроның Data Hub аналитикалық орталығының 1 мамырдағы деректеріне сүйенсек, 8,8 млн адамда кез келген түрдегі несие бар. 8 млн 300 мың адамда тұтыну кредиті бар. Яғни, депутат сандарға қатысты қате жібергенімен, мәлімдеменің жалпы мағынасы өзгермейді: жұмыс істейтін қазақстандықтардың 96,7%-де кредит бар.

Дей тұрғанмен, орталық бір қарыз алушының әртүрлі типтегі бірнеше несиесі болуы мүмкін екенін де ескеру керек дейді. Демек, біз жай ғана сандарды бір біріне қосып я болмаса жалпы саннан алып тастай алмаймыз.

Несі дәлелденбеді: аналитикалық орталық қанша адамның несиесі төленбей, кешігіп жатқанына қатысты дерек бере алмады. Дегенмен, 90 күнге дейін мерзімі өткен кез келген түрдегі барлық қарыз өтелмеген жалпы қарыздың 5,1%-не тең. Барлық кредит бойынша төленбеуі 90 күннен асқан несиелердің үлесі әрбір топ бойынша жалпы қарыздың 10,5%-іне, кепілсіз тұтынушылық несиелер бойынша – 13,6%-іне, кепілмен тұтыну несиелер бойынша – 26,2%-іне тең.

Мәлімдеме: Сондай-ақ тұтынушылық несие көлемі 2022 жылы 13,2 трлн теңге болса, 2023 жылдың қорытындысы бойынша, 18,2 трлн теңгені құрап отыр.

Елнұр Бейсенбаев

Үкім: Манипуляция

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің деректеріне сүйенсек, 2022 жылы жеке тұлғаларға 14,2 трлн теңге несие берілсе, оның ішінде тұтынушылық кредит көлемі — 7,7 трлн теңге болған. 2023 жылы жеке тұлғаларға 18,2 трлн теңге несие берілген, бірақ халық оның 10,3 трлн теңгегесін тұтыну мақсатында алған. Депутат жеке тұлғаларға берілген жалпы несие мен тұтынушылық кредитті шатастырып алғанға ұқсайды.

Жеке тұлғалардың алған несиесі деген категорияның ішіне азаматтардың ипотека, тұтынушылық мақсатта және басқа да қарыздың барлық түрі кірсе, тұтынушылық мақсаттағы кредит — халық тұтынатын тауарларды сатып алу үшін азаматтарға тікелей берілетін несие.

Қызығы, ұлттық банктің деректері агенттік деректерінен ерекшеленеді. Оған сүйенсек, 2022 жылы халыққа 11,3 трлн теңге қарыз берілген, бірақ тұтынушылық мақсаттағы несие көлемі — 8,5 трлн теңге. 2023 жылының қорытынды дерегі де депутат айтқаннан санға сәйкес келмейді. Былтыр халық 14,7 трлн теңгеге кредит алған, бірақ оның 12,1 трлн теңгесі тұтынушылық мақсаттағы несие.

Мәлімдеме: 18 трлн тг көлеміндегі тұтынушылық несие еліміздің жылдық бюджетінің 78%-на пара пар.

Елнұр Бейсенбаев

Үкім: Манипуляция

18 трлн теңге Қазақстанның 2024 жылғы бюджет жоспарының шығынының (23,3 трлн теңге) 78%-і, кірісінің (20,1 трлн теңге) 90%-і екені рас. Дегенмен, депутат тағы да тұтынушылық несие туралы айтқанын, ал 18 трлн теңге жеке тұлғалардың несиесі екенін ескерсек, бұл мәлімдеме де — манипуляция. Шындығында, 2023 жылғы тұтыну мақсатында алынған несие (10,3 трлн теңге) еліміздің биылғы бюджет кірісінің 51%-не, шығысының 44,1%-не тең.

Журналист-фактчекер, Factcheck.kz сайтының авторы әрі шығарушы редакторы. Organised Crime and Corruption Reporting Project ұйымында тағылымдамадан өткен.

Factcheck.kz