Кейінгі бірнеше күнде әлеуметтік желілер мен сайттар Еуропада әлдебір эксперимент үшін он күнге мың еуро төлеуге дайын екенін жарыса жазып жатыр (1, 2, 3, 4). Ақпаратқа сай, Еуропалық ғарыш агенттігі он күнге арналған ғылыми эксперимент жүргізгелі жатыр, ал қатысушыларға ең кемі 5 мың еуро төлеуге дайын екен. Тіпті комментарийлерде Еуропада он күнге 5 мың еуро төленетін жұмыс пайда болыпты деген пікірлер пайда болған. Аталған дерек қаншалықты рас, Factcheck.kz тексеріп көрді.
Ақпарат: 10 күндік экспериментке 5 мың еуро төленеді
Үкім: Шындық
Еуропалық ғарыш егенттігі III Vivaldi деп аталатын ғылыми эксперимент жүргізіп жатқаны рас және қатысушыларға 5 мың еуро төлейді. 2025 жылдың ақпанында басталған эксперимент Medes ғарыш клиникасында жүріп жатыр, жоспар бойынша зерттеу сәуірдің соңына дейін созылады. Дегенмен жалпы процесс 10 күн емес — 21 күн. Алғашқы 5 күн негізгі өлшемдерді жүргізуге, 10 күн эксперимент үшін, тағы 5 күн денені қалпына келтіру және бір күн бақылау жүргізуге кетеді.
Толығырақ
Эксперимент Францияның Тулуза университетінің ауруханасындағы Medes ғарыш клиникасында жүріп жатыр. Талап бойынша қатысушылар су толтырылған контейнерлерге жатып, ғарыш станциясындағы ғарышкерлердің күйін сезінеді. Негізгі мақсат – ғарыштың адам ағзасына қалай әсер ететінін түсіну. III Vivaldi жобалары ғарышкерлердің денсаулығына төнетін қауіп-қатердлерді алдын ала болжауға әрі азайтуға бағытталған.