Еуропада масаның вирус тарататын түрі пайда болды ма?

2023 жылғы сәуірдің басында бірнеше қазақстандық баспасөз құралы (123) Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына сілтеп, еуропада масаның денге, Зика және Чикунгунья секілді вирустарды тарататын жаңа түрі пайда болғаны туралы жаңалық жариялады. Factcheck.kz редакциясы хабарламаның рас-өтірігін тексеріп көрді.

Мәлімдеме: Еуропада масаның вирус тарататын жаңа түрі пайда болды.

Медиа

Үкім: Манипуляция

Жаңалықтарда масаның ғылымда бұрыннан белгілі және қауіпті вирус тарататын Aedes aegypti деген түрі туралы айтылады. Еуропаның кейбір жерінде бұл түр бұрыннан бар, сондықтан әлемнің нақты осы жерінде жаңадан шыққан деп айту қисынсыз.

Бір қызығы, жаңалық ресурстары хабарламаларында ДДСҰ құжатына сілтеме келтіреді, ал оның мәлімдемеге еш қатысы жоқ. Онда Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріндегі инсектицидтерге Aedes aegypti масаларының тұрақтылығы туралы айтылады. Еуропа туралы ештеңе жоқ.

Ақпарат көзі ретінде ДДСҰ- ның қай есебі алынғаны (және ондай есептің бар-жоғы) анық болмай отыр. Ұйым бірнеше жыл бойы денге вирусының тарауы, оның ішінде Еуропада да өршіп жатқаны туралы дабыл қағып жатыр.

Толығырақ

Тарихтан Ae. aegypti континенттер арасында сауда кемелерімен тарағаны белгілі. Олардың Оңтүстік Еуропаға келгенінің алғашқы құжатталған деректері XVIII ғасырдың аяғында кездеседі. 1930 жылға дейін денге безгегі Оңтүстік Еуропа елдерінде эндемикалық болды. 1927-1928 жылдары Грекия мен Түркиядағы бірнеше денге тарауынан кейін 1500-ге дейін адам қаза тапқан. XX ғасырдың ортасына қарай ауру да, оны таратушылар да бұл жерлерден жоғалған. Мұның нақты себебі белгісіз.

Бірақ кейінгі бірнеше жылда Еуропада денге қаупі күшейді. Бұл туралы ДДСҰ Еуропалық аймақтық бюросының 2020 жылғы баяндамасында да айтылады. Жердің бұл бөлігінен XX ғасырдың ортасында жойылып кеткен Ae. Aegypti масалары Мадейра аралы мен Қара теңіздің солтүстік жағалауында қайта пайда бола бастады. 2012 жылғы қазан мен 2013 жылғы мамыр арасында Мадейрада ауру кең тарап, 2100-ден астам адамның вирус жұқтырғаны тіркелді.

Еуропа континентінде Ae. Aegypti қайтадан пайда болып жатқанының себептерінің бірін ДДСҰ сарапшылары климаттың өзгеруінен көреді. Бұл Солтүстік жартышардағы жәндіктер ареалының кеңеюіне ықпал етіп жатыр.

2017-2020 жылдар аралығында Еуропада 3000-нан астам вирус жұқтыру жағдайы тіркелген, оның ішінде сырттан келгендер де, мемлекет ішінде анықталғандар да бар. «Ауру жұқтырудың Хорватия, Франция және Португалияда тіркелген жергілікті жағдайлары контитентті Еуропада инфекцияның тарауы мүмкін екенін көрсетеді. Мұнда Ae. aegypti және Ae. Albopictus бар»,— деп жазылған баяндамада.

Еуропада масаның вирус тарататын түрі пайда болды ма?
Ae. aegypti масаларының Еуропада тарау картасы. Ақпан, 2023 жыл (Дереккөз: Еуропа ауруды бақылау және алдын алу орталығы)

Кейінгі шыққан жаңалықтарда айтылмайтын Ae. Albopictus масалары Еуропада Ae. Aegypti-ге қарағанда кеңірек тараған. Олардың тарау аумағы Испаниядан Грекияға дейінгі Жерорта теңізінің батыс бассейнін қамтиды.

Еуропада масаның вирус тарататын түрі пайда болды ма?
Ae. albopictus масаларының Еуропада тарау картасы. Ақпан, 2023 жыл (Дереккөз: Еуропа ауруды бақылау және алдын алу орталығы)

Контекст

Сарыбезгек масасы ретінде танылған Aedes aegypti бірнеше вирусты тарататынымен танымал. Оның ішінде сары безгек, денге безгегі, Чикунгунья вирусы және Зика вирусы бар. Қазір Африканы қоса алғанда өзі шыққан тропиктерде және АҚШ оңтүстік-шығысы, Таяу Шығыс, Оңтүстік-шығыс Азия, Тынық мұхиты мен Үнді аралдары, Солтүстік Австралия сияқты субтропикалық аймақтарда тараған. Сонымен қатар Жерорта теңізі, Кавказ, Ресейдің оңтүстік бөлігі, Канар аралдары және Азор аралдарында кездеседі.

Азия жолбарыс масасы ретінде танылған Aedes albopictus сары безгек, денге безгегі, Чикунгунья вирусы, дирофиляриоз және т.б. ауруларды таратады. Табиғатты қорғаудың халықаралық одағы жанындағы Invasive Species Specialist Group (қаз — инвазивті түрлер бойынша мамандар тобы) бойынша, Жер шарындағы ең инвазивті 100  жаратылыс қатарына кіреді. Ол Оңтүстік-Шығыс Азиядан шыққан. Бүгінгі таңда Азияның кей жерлерінде және Австралазияда, Оңтүстік, Орталық және Солтүстік Америкада, Кариб аралдарында, Оңтүстік Еуропа мен Африкада кездеседі.

Factcheck.kz