Кейінгі күндері БАҚ беттерінде «Ер гинеколог — харам» деген тақырыпта ақпарат жариялана бастады (1, 2, 3). Ақпарат жазған сайттардың біріне сүйенсек, мұны Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұстазы, имам Данияр Кенжеұлы айтыпты-мыс. Factcheck.kz редакциясы ақпаратты талдап көрді.
Үкім: Дәлелденбеген
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының (ҚМДБ) Factcheck.kz-ке берген жауабында, ер адамның гинеколог болуы құпталмайтыны айтылды. Десе де, діни басқарма нақты арам немесе арам емес деп пәтуа қоюдан бас тартты. Сондай-ақ, ҚМДБ өкілі «құпталмайды» деген сөздің «арам» дегенмен теңестірілмейтін айтты. ҚМДБ-ның ақпаратына сай, Данияр Кенжеұлы деген адам бұл басқармада жұмыс істемейді.
Бұл тұста видео авторы «Еркектің гинеколог болуы арам» дегенді тікелей айтпайтынын ескеру керек, ол видеода «Ер адамның гинеколог болып істеуі құпталмайды шариғатта» дейді. Артынан ол мұны арсыздыққа теңейді де, «Егер, кімде кім біреуді шақуатпен барып ұстаса немесе әурет жеріне қарайтын болса, шақуатпен, <…> харамдық бекітіліп кетеді» дейді. «Шақуат» сөзі қазақ тілінде нәпсі қалауы, жыныстық сезім құмарлығына қатысты айтылады. Ал гинеколог дәрігер, мейлі ол ер адам болсын, пациентке кәсіби маман ретінде қарайтынын, ал жыныстық қызығушылық медицинада орынсыз екенін айта кету керек.
Толығырақ
Мамыр айының басында @daniyar_kenzheuly атаулы Instagram қолданушысы «ер адамның гинеколог болуы дұрыс емес» деген тақырыпта видео жариялайды. Видеода бұл жағдайда қыздарды қыз маман, ерлерді ер маман қарағаны дұрыс, ал егер әйел гинеколог мүлде болмай жатса, онда амалдың жоқтығынан рұқсат етілетіні айтылады. Кейіннен БАҚ өкілдері ақпаратты бұрмалап, «ер адамның гинеколог болуы – харам» деген тақырыпта ақпарат таратты (1, 2, 3).
Factcheck.kz редакциясы Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының өкілдерінен ақпарат туралы пікір сұраған еді. ҚМДБ-ның шариғат және пәтуа бөлімінің маманы Елбек Тасболатұлы ер мен әйел қалаған мамандығын таңдай алатынын айтып, кейбір мамандық ислам дінінде құпталмайтынын сөз етті. Гинеколог мамандығы да соның ішінде. Діни басқарма өкілі де шарасыздықта рұқсат етілетін айтты. ҚМДБ маманының толық жауабын төмендегі видеодан көре аласыз.
ҚМДБ өкілі гинеколог мамандығы арам немесе адал деген жауаптан бас тартса да, кейіннен «құпталмайды» деген сөздің «арам» дегенмен теңестірілмейтінін, яғни мәні әр түрлі екенін айтты.
Осы тақырыпта мақала жазған «КТК» телеарнасы, ақпаратты алғаш таратқан Данияр Кенжеұлы деген адамның Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұстазы екенін жазған. Бірақ, ҚМДБ-ның ақпарат бөлімі Данияр Кенжеұлы деген адамның бұл басқармада жұмыс істемейтінін айтты. Данияр Кенжеұлы өзінің Instagram парақшасында Сарыағаш медресесінде жұмыс істейтінін көрсеткен.
Бұл тұста еліміздің конституциясының бірінші бабында Қазақстан зайырлы мемлекет екені көрсетілгенін еске саламыз. Қазақстанда белгілі бір жынысқа, яғни әйелдер мен еркектерге тыйым салынған мамандық тізімі жоқ. Бұрын еңбек кодексінің 26-бабының 2-тармағының 4-тармақшасында әйелдерге тыйым салыған мамандықтарда жұмыс шартын жасауға болмайтыны жазылған еді. Кейіннен 2021 жылы өзгертулер нәтижесінде бұл тармақша алынып тасталды.