Ердоған Қазақстан шекарасына қатысты пікір білдірді ме?

Өткен аптада Ресей Мемлекеттік думасының депутаттары Вячеслав Никонов пен Евгений Федоров Қазақстанның қазіргі шекарасына қатысты даулы мәлімдеме жасады. Осыдан соң әлеуметтік желілерде Режеп Тайып Ердоғанның “пікірі” тарай бастады. Ердоған “Түркия Қазақстанды қиын жағдайда тастап кетпейді, әрқашан да қолдау көрсетеді” деген сарындағы ойын білдіріпті-міс. Оқырмандарымыздың өтініші бойынша, Factcheck.kz мұның рас-өтірігін тексерді.

Ердоған Қазақстан шекарасына қатысты пікір білдірді ме?
Халық арасында тараған ақпарат

Үкім: Фейк және арандату

Біз Түркия президентінің ресми сайтынан да, Түркияның Сыртқы істер министрлігінің сайтынан да, Эрдоғанның Twitter парақшасынан да мұндай ақпарат таппадық. Ресей депутаттарының сөзіне Түркия тарапынан ешқандай реакция болмаса да, бұл фейк тез тарап жатыр. Біздің байқағанымыз, хабарды таратушылардың көп бөлігі Назар Хақназар атты Facebook қолданушысына сілтеме жасаған. Алайда оның парақшасынан қандай да бір дереккөзге сілтеме таба алмадық.

Түркі халықтарының қарым-қатынасын жақсартып, елдерді жақындастыру үшін жұмыс істейтін ТҮРКСОЙ сайтында да оқиғаға қатысты ақпарат байқалмайды.

Айтылуы тиіс мәселе, қазір Түркия ресейлік С-400 зениттік зымыран жүйесін сатып алғаны үшін АҚШ тарапынан санкцияға ұшырап жатыр. Мұны Түркия Ұлттық қорғаныс министрі Хулуси Акар сынға алып, АҚШ пен Түркия қарым-қатынасына сызат түсетінін ескерткен.

Контекст

  • 10 желтоқсанда Ресей Мемлекеттік думасының депутаты Вячеслав Никонов “Қазақстан бұрын болмаған, ал Қазақстанның солтүстік аймағы бос қаңырап тұрған еді” деген ой айтты;
  • 12 желтоқсанда Қазақстан Сыртқы істер министрлігі Ресей дипломатына нота табыстап, “Ресей тарапының мұндай мәлімдемелерді тиісті деңгейде бағалап, бұдан әрі Ресей Федерациясының мемлекет қайраткерлерінің осыған ұқсас мәлімдеме жасамауын қадағалауға” шақырды;
  • Кейін Никонов өзінің Telegram каналында “Қазақ КСР-і шекарасын анықтау кезінде Қазақстанның мүдделері толық сақталды деп ойлайтынын және бауырлас қазақ еліне ыстық ықыласын білдіргісі келетінін” жазған.

Фактчекер-журналист. Organised Crime and Corruption Reporting Project ұйымында тағылымдамадан өтті, Factcheck.kz сайтының авторы әрі шығарушы редакторы.

Factcheck.kz