Көп қабатты үйде тұратындар бір рет болса да «шулы көршімен» келіспей қалған жағдай бар екені анық. Түнде шулауға болмайтынын бәріміз білеміз, ал күндіз ше? Күндізгі қатты музыка, айқай не дарылдаған жөндеу жұмыстары үшін айыппұл салына ма? Осы сұрақтың жауабын Factcheck Dive курсының түлегі Ляззат Қалмырза зерттеп көрді.
Үкім: Шындық
Жауап – иә. Күндізгі шуға қатысты Денсаулық сақтау министрінің 2022 жылғы 16 ақпандағы Адамға әсер ететін физикалық факторлардың гигиеналық нормативтерін бекіту туралы № ҚР ДСМ-15 бұйрығымен белгіленген. Осы бұйрықтың 2-қосымшасы 2-кестесінің 10-жолына сәйкес шудың күндізгі шектік нормасы – 55 Дб. Егер күндізгі уақытта бұл шек асып кетсе, ол санитарлық заңбұзушылық ретінде тіркеліп, ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабына сәйкес жаза тағайындалады: жеке тұлғалар үшін — 20 АЕК (78 640 теңге), лауазымды тұлғалар мен шағын/орта бизнес өкілдеріне — 160–210 АЕК (629 120 теңгеден 825 720 теңгеге дейін ), ал ірі бизнес субъектілеріне — 1600 АЕК (6 291 200) көлемінде айыппұл салынуы мүмкін.
Түнгі шу ше?
Жұмыс күндері сағат 22.00-ден бастап 09.00-ге дейін және демалыс, мереке күндері 23.00-ден 10.00-ге дейінгі аралықта көршілірдің тыныштығын бұзуға болмайды. Тыныштық бұзылып, дәлелді арызданған жағдайда, ҚР ӘҚБтК-нің 437-бабына сай, шулаған жеке тұлғаларға 5 (19660 теңге), шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 20 (78 640 теңге), орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 30 (117 960 теңге), ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 100 (393 200 теңге) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады.
Бұдан бөлек жоғарыда аталған Адамға әсер ететін физикалық факторлардың гигиеналық нормативтерін бекіту туралы № ҚР ДСМ-15 бұйрығы бұзылды деп те арыздануға болады. Осы бұйрықтың 2-қосымшасы 2-кестесінің 11-жолына сәйкес шудың түнгі шектік нормасы – 45 Дб.
Барлық жағдайда тек арыз жеткіліксіз екенін білген жөн. Кез-келген бұзылған тәртіпті дәлелдеу керек. Сондықтан да, “көршімнен кек аламын” деп, дәлелсіз арызданып жүрмеңіз.