Дүкендерде «Сыпайы адамдар» ойыншықтары сатылып жатыр ма?

Сәуірдің басында қазақстандық БАҚ (123) пен әлеуметтік желілерде (12) елдегі балаларға арналған дүкендерде, оның ішінде «Детский мир Казахстан» дүкенінде «Сыпайы адамдар» сериясының ойыншықтары сатылып жатқаны туралы ақпарат пайда болды. Бұл тіркес 2014 жылдан бері Қырымды басып алуға қатысқан Ресей әскерін білдіреді, сол себепті жаңалық түрлі интернет-платформаларда қызу талқыланып жатыр. Factcheck.kz шынында Қазақстан нарығында осындай атауы бар балаларға арналған тауар пайда болды ма деген сұраққа жауап іздеді.

Үкім: Шындық

Әскер тақырыбындағы ойыншықтары көп сатылатын «Детский мир Казахстан» дүкендер желісіннен расында «Сыпайы адамдар» сериясының сарбаздарын табуға болады. Бір қызығы, «Сыпайы адамдар» тауар белгісі РФ Қорғаныс министрлігімен байланысы бар ресейлік «Военторг» АҚ-ға тиесілі. Ал «Детский мир Казахстан» дүкенінің өзі ресейлік «Детский мир» холдиңінің бір бөлігі. Сонымен қатар мұндай ойыншықтарды қазақстандық Zeta.kz және Flap.kz сайттарынан да табуға болады.

Толығырақ

Бірінші болып бұл жаңалықты қазақстандық спортшы әрі қоғам қайраткері Айдар Махметов таратты. Ол «Сыпайы адамдар» деген жазуы бар ойыншық сарбаздардың фотосын көрсетіп, жазба жариялады:

Дүкендерде «Сыпайы адамдар» ойыншықтары сатылып жатыр ма?
фото: Aidar Makhmetov

Махметов суретті Астанадағы «Детский мир» дүкенінде түсіргенін айтып, әскери тақырыптағы ойыншықтарға таңдау көп екеніне алаңдайтынын білдірді.

 … Бұл тіпті НЛБ [нейролингвистикалық бағдарламалау-ред.] емес, көршіміздің ерекше құндылықтарды насихаттауы. Украинадағы жағдай «Сыпайы адамдардан» басталды… Құзыретті мекемелер бұл мәселені шешеді және іс видео арқылы жалған кешірім сұраумен аяқталмайды деп үміттенемін.

«Сыпайы адамдар» – Қырымдағы Ресей әскерін атау үшін 2014 жылдан бері қолданылатын эвфемизм. Олардың киімінде ешқандай ерекше белгілер болмаған, сол себепті оларға «жасыл адамдар» және «олар ол жақта жоқ» терминдері қолданылды, бірақ «сыпайы адамдар» тіркесі пропагандашылар арасында да, халық арасына да сіңіп кетті. Нәтижесінде Ресей Қорғаныс министрлігімен байланысты «Военторг» АҚ «Сыпайы адамдар» тауар белгісін тіркеді. Тіркеу туралы құжатты new.fips.ru сайтынан 520879 номерімен іздеп табуға болады.

Дүкендерде «Сыпайы адамдар» ойыншықтары сатылып жатыр ма?

Жариялымнан бірнеше күн өтсе де «Детский мир» өкілдері желідегі дау-дамайға қатысты мүлдем пікір білдірмеді. Сол себепті біз «Сыпайы адамдар» орнында тұр ма – тексеріп көрейік деп шештік. Сонымен қатар ойыншықтарды басқа дүкендерден де іздедік.

detmir.kz сайтынан біз «Сарбаздар жиынтығы Нордпласт Сыпайы адамдар 8 дана» ашық қораптағы ойыншықты таптық, қосымша картон қағазда атауы мен сипаттамасы жазылған. Бір қызығы, үш күн бұрын Айдар Махметов суретке түсіріп, жариялаған бір данадан тұратын сарбаздар сатылымда жоқ болып шықты. Сонымен қатар detmir.kz сайтында «Сыпайы адамдарға» 100% ұқсайтын, бірақ атауы «Ресей ӘДӘ сарбаздары» деп жазылған жиынтық бар. Олар да ашық қорапта, бірақ ерекше белгілері жазылмаған және бағасы 2000 теңгеге арзан. «Детский мир»-дің Астанадағы бөлімшелерінің сөрелерінде дәл осындай жиынтықтар бар.

Дүкендерде «Сыпайы адамдар» ойыншықтары сатылып жатыр ма?

Дегенмен көзге көрінетін жерде ӘДӘ сарбаздары тұрғанымен, гаубицалары бар қораптардың арасынан бәрібір «сыпайы» солдаттарды таптық. Бірақ бағасы мен сипаттамасы жазылмаған.

«Детский мир»-ден бөлек, басқа ірі оффлайн сатушылардың тауары арасынан «Сыпайы адамдарды» байқамадық. Ойыншықтар онлайн түрде Zeta.kz және Flap.kz дүкендерінде сатылған. Дегенмен тираж аз болған тәрізді, қазір тауар таусылып қалған.

Бір қызығы, кейбір әлеуметтік желі қолданушылары сарбаздардың «Қытайда пайда болғанын» жазды (123). Бірақ, қаптамасы мен сайттағы ақпарат бойынша, өндіруші – ресейлік «Нордпласт» компаниясы. Олардың өндіріс орны Санкт-Петерборда орналасқан, ал өкілдігі Мәскеуде екен. Оған қоса «Детский мир»-дің өзі де ірі ресейлік холдиң.

Қорытынды

Астанада расында «Сыпайы адамдар» сериясынан милитари-ойыншықтарды табуға болады. Бірақ олар тек бір ғана ірі сауда желісі — «Детский мир Казахстан»-да сатылады. Бұл Ресей холдиңінің Қазақстан мен Белорусь мемлекетінде жұмыс істейтін бөлімшесі. Сондай-ақ қазақстандық екі онлайн-дүкенде де олар сатылған, бірақ қазір тауар екеуінде де жоқ.

Factcheck.kz