Депутат Садықовтың орта бизнес туралы сөзіне фактчек

6 желтоқсанда өткен мәжілістің жалпы отырысында депутат Асқар Садықов шағын және орта бизнесті қолдау туралы айтып, соған қатысты бірнеше дерек келтірді. Factcheck.kz депутат сөзінің қаншалықты рас екенін тексерді.

Депутаттың мәлімдемесі (тайм-код: 1:49:52)

Мәлімдеме: Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің ресми деректеріне сәйкес, егер 2019 жылы шағын және микрокәсіп субъектілері 128 мыңнан астам рет тексерілсе, 2020 жылы олардың саны 5 есеге азайған.

Асқар Садықов

Үкім: Техникалық қате

Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің дерегіне сай, 2019 жылы шағын және микрокәсіпкерлерді тексеру туралы 97 819 акті тіркелген. Оның 90 200-і аяқталған. 2020 жылы тексеру туралы акті саны 13 162-ге дейін түскен. Яғни тексеріс саны 7 есеге азайған. Демек, депутат жалпы цифрдан қателессе де, мәлімдеме мәні өзгермеген.

Дегенмен 2020 жылдың көрсеткішінің айтарлықтай азайғанына карантиндік шаралардың әсері болуы мүмкін екенін де ұмытапған жөн. Мысалы, 2021 жылы 15 711 тексеру туралы акті тіркелсе, бұл көрсеткіш 2022 жылы 19 862-ге дейін өскен.

Дей тұрғанымен, тексерулер мен профилактикалық бақылау жүргізуге жарияланған мораторийдің әсері жоқ деп айтуға да болмайды. 5 жыл ішінде, яғни 2018 жылдан 2022 жыл аралығында мұндай тексеріс саны 4 есеге азайған.

Мәлімдеме: Орта бизнес ШОБ субъектілерінің жалпы санының небәрі 0,2%-іне тең, алайда осы саладағы өндірістің 20%-ін қалыптастырады.

Асқар Садықов

Үкім: Техникалық қате

ШОБ субъектілерінің жалпы санының ішінде орта бизнестің үлесі — 0,15%. Ұлттық статистика бюросының дерегіне сай, елімізде 2023 жылы 1 желтоқсанда жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны — 2 035 147. Оның ішінде орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны — 2 953. Одан бөлек, бюроның ең кейінгі дерегіне сай, ШОБ ішінде орта кәсіпкерліктің өнім шығарылымы 17,6% болған. Яғни, орта кәсіпкерлікті барлық ШОБ санымен салыстырғанда көлемі аз болғанымен, өнім шығарылымы айтарлықтай көп.

Депутат Садықовтың орта бизнес туралы сөзіне фактчек
2023 жылы қаңтар-наурыздағы ШОБ субъектілері қызметінің негізгі көрсеткіші

Фактчекер-журналист. Factcheck.kz сайтының шығарушы редакторы.

Factcheck.kz