ДДСҰ енді 45 жасқа дейінгі адамдарды жастар деп санайтыны рас па?

Наурыз айының соңында орыс тіліндегі интернет кеңістігінде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) жас ерекшеліктерін қайта қарап, 45 жасқа дейінгі адамдарды жастар қатарына қосты деген жаңалық кең тарады. Бұл ақпаратты БАҚ-та (1, 2, 3, 4, 5, 6, 7, 8, 9, 10) және әлеуметтік желідегі парақшаларда (1, 2, 3, 4, 5, 6) кездестіруге болады.

Жарияланымдардың географиясы кең, әлемнің түрлі елдерін қамтиды, бірақ біз бұл жаңалықтың ағылшын тіліндегі ешқандай дереккөзде жоқ екенін анықтадық.

Factcheck.kz редакциясы бұл ақпараттың рас-өтірігін тексеруді жөн көрді.

Үкім: Жалған

Қолда бар деректерге сәйкес, ДДСҰ немесе БҰҰ-ның кез келген құрылымы жас ерекшеліктерін қайта қарастыратыны туралы мәлімдеме жасаған жоқ. БҰҰ 15-24 жас аралығындағы адамдарды жастар қатарына жатқызады. ДДСҰ да осы жас ерекшеліктерін ұстанады: «жастар» деп 15-24 жас аралығындағы адамдарды, «жасөспірімдер» деп 10-19 жас аралығын, ал «жас адамдар» деп 10-24 жас аралығындағы адамдарды атайды.

Толығырақ

Жас шегінің өзгергені туралы жаңалық жаңа емес. ДДСҰ-ның «жастық шақты ұзартқаны» туралы тақырыптар ақпарат кеңістігінде кем дегенде 2012 жылдан бері аракідік шығып тұрады (1, 2, 3, 4, 5).

Бұл жаңалықтың қайта тарауына, бәлкім, 24 наурызда «Тәжірибе экономикасы» конференциясында Украинаның Демография институтының директоры Элла Либанованың сөйлеген сөзі түрткі болған шығар. Видеода профессор, басқа мәселемен қатар, БҰҰ мен ДДСҰ-ның жас ерекшеліктеріне қатысты санаттарын сөз етіп: «…Егер Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынған жас ерекшеліктеріне қарасақ, онда 45 жасқа толмаған адамның барлығы жастар қатарына кіреді…» деп айтқан.

https://youtu.be/OHLF4xiCIm0

Либанованың бұл жерде жаңа классификацияны меңзеп тұрғаны ма, әлде бұрыннан бар жүйені айтып отыр ма – оның сөзінен нақты түсіну қиын. Дегенмен кейінірек жаңалықтар ресурстары ғалымға сілтеме жасап, оны жаңа өзгеріс ретінде сипаттады.

Қалай болғанда да, БҰҰ сайтында (1, 2) былай деп нақты жазылған:

Жастардың жас санаты бойынша халықаралық деңгейде жалпыға ортақ анықтама жоқ. Дегенмен, статистикалық мақсатта БҰҰ – мүше мемлекеттер қабылдаған кез келген басқа анықтамаларға нұқсан келтірмей – «жастар» ұғымына 15 пен 24 жас аралығындағы адамдарды жатқызады.

Жоғарыда айтылғандай, ДДСҰ да осы ұстанымды қолдайды.

ДДСҰ-ның әр жылдары жарық көрген есептері мен тақырыптық баяндамаларында кейде 15-44 жас аралығындағы топ «жастар» ретінде аталады. Бірақ мұндай тұжырымдар зерттеу мақсаттарына байланысты қолданылады: деректерді талдау ыңғайлылығы, елдер арасындағы салыстырмалылық және басқа да факторлар үшін жас топтары біріктірілуі мүмкін. Осы контексте «жастар» терминінің қолданылуы ДДСҰ-ның ресми анықтамасын өзгертуді білдірмейді.

БҰҰ-ға қарасты кейбір ұйымдар жастардың жоғарғы шегін жоғарырақ белгілегенімен, ол еш жерде 45 жасқа дейін жетпейді.

Мысалы, БҰҰ-ның UN-HABITAT (қала халқы мәселелері жөніндегі бағдарламасы) жастар санатына 32 жасқа дейінгі адамдарды жатқызса, Африкалық жастар хартиясы (The African Youth Charter) бұл шекті 35 жасқа дейін ұзартады.

Қазақстанда да, есімізде болса, 2022 жылы жастар санатының жоғарғы шегі 35 жасқа дейін созылды.

Ұзартылған жастық шақтың тарихы

ДДСҰ-ның «жаңа жас классификациясы» туралы жалған ақпараттың түпнұсқа көзі табылған жоқ. Алайда бұл идея 2008 жылы-ақ ресейлік «Аргументы и факты» басылымына берген сұхбатында геронтолог Владимир Шабалиннің айтқан сөздерімен байланысты болуы мүмкін. Ол кезде ғалым «БҰҰ мен ДДСҰ-ның жас ерекшеліктеріне қатысты жүйесіне сәйкес, 45 жас – жастық шақтың жоғарғы шегі» деп мәлімдеген. Бірақ профессор бұл жіктемені жаңа өзгеріс ретінде сипаттамаған.

2011 жылы ресейлік «Кузбасс» газетінде Кемерово мемлекеттік медицина академиясының профессоры Татьяна Раскина Шабалиннің сөздерін айнақатесіз сол күйінде қайталаған, бірақ ешқандай ресми дереккөзге сілтеме жасамаған.

Ал Владимир Шабалин әртүрлі сұхбаттарында «жастық шақтың жоғарғы шегі – 45 жас» деген тұжырымды жиі қайталайды.

2012 жылы «Независимая газета» басылымында ДДСҰ классификациясы туралы мынадай мәлімет жарияланған: 75 жастан кейін – кәрілік, 60 жастан кейін – егде жас, ал 45 пен 60 жас аралығы – орта жас кезеңі. Бұл жіктеу медицинадағы Medical Subject Headings (MeSH) жүйесіндегі жас санаттарына ұқсайды. Алайда MeSH-тің ДДСҰ-ға ешқандай қатысы жоқ.

ДДСҰ енді 45 жасқа дейінгі адамдарды жастар деп санайтыны рас па?
Google аударма. Дереккөз

Көп ұзамай, сол жылы «жаңа жас классификациясы» туралы ақпарат украиналық «News.Торецк.Online» басылымында жарияланды. Ал бір жылдан кейін бұл туралы «Аргументы и факты» жазды.

Осыдан кейін ДДҰС-ның «соңғы», «жаңа», «жаңартылған» немесе «қазіргі» классификациясы туралы жаңалықтар тек ақпарат құралдары мен әлеуметтік желідегі пабликтерде ғана емес (1, 2, 3, 4, 5, 6, 7, 8, 9, 10, 11, 12), сонымен қатар ғылыми еңбектерде (1, 2, 3, 4, 5), мемлекеттік органдар мен қоғам қайраткерлерінің мәлімдемелерінде (1, 2), тіпті кейбір құқықтық құжаттарда (1, 2) да кездеседі. Бірақ осы жас жіктемесі туралы нақты ДДСҰ құжатына сілтеме жасаған бірде-бір дереккөз жоқ.

Бұдан бөлек, әртүрлі дереккөздерде бұл «өзгеріс» 2012 жылы, 2015 жылы (1, 2), немесе 2016 жылы (1, 2) болды деп көрсетілгенімен, жас санаттары барлық материалдарда бірдей күйінде қалады. Көптеген ақпараттық ресурстар бұл мәліметті даусыз шындық ретінде таратып келеді.

Қызығы, жарияланымдарда жастық шақтың төменгі шегі әртүрлі көрсетіледі — бір дереккөзде 18 жас, ал басқаларында 25 жас деп жазылған.

Тағы бір қызықты жайт — біз тапқан «ДДСҰ бойынша 45 жасқа дейінгі жастар» туралы материалдардың басым бөлігі орыс тілінде болған немесе орыстілді авторлар ағылшын тілінде жазған.

Біз тек бір ғана ағылшын тіліндегі материалды таптық, ол біздің зерттеу тақырыбымызға сәйкес келеді. 2021 жылы Оңтүстік Кореяның танымал әлеуметтік желілерінде және Facebook-та БҰҰ жас ерекшеліктерін қайта қарастырып, 17 жасқа дейінгі адамдарды – «кәмелетке толмағандар», 18-65 жас аралығын – «жастар», 66-79 жасты – «орта жас», 80-99 жасты – «қарттар», ал 100 жастан асқандарды – «ұзақ жасаушылар» деп белгілеген деген ақпарат тарады. Алайда бұл мәлімдемені AFP Fact Check фактчекиң басылымы жоққа шығарды. Журналистердің сұрауына жауап берген БҰҰ-ның әртүрлі агенттіктері, оның ішінде ДДСҰ өкілдері, бұл ақпараттың еш негізсіз екенін мәлімдеді.

Қорытынды

Осылайша, ДДСҰ жас ерекшеліктерін қайта қарап, жастық шақты 45 жасқа дейін ұзартты деген мәлімдеме ашық деректермен расталмайды және жалған деп бағаланады.

лингвистка, фактчекерка

Factcheck.kz