2022 жылы 13 қыркүйекте өткен үкімет отырысында ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек 2025 жылға дейін елдегі ғалымдардың саны 50%-ке арттырамыз деді. Қазір 2025 жылдың мамыр айының ортасына келіп қалдық.
Factcheck.kz редакциясы министр жоспарын қаншалықты орындай алғанын тексерді.
«Ұлттық жоба бойынша ғылымның кадрлық әлеуетін нығайту үшін 2025 жылға дейін ғалымдар санын 1,5 есеге арттыру міндетін қойып отырмыз, яғни ғалымдар мен жас ғалымдар санының 50 пайызға өсуі жоспарланған. Бүгінгі таңда ғалымдар мен зерттеушілердің саны 21,6 мың адамды құрайды…»
Cаясат Нұрбек
Үкім: Ішінара орындалды
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2024 жылдың қорытындысы бойынша, Қазақстандағы ғалымдар саны 27 146-ға жеткен, яғни министр айтқан 21,6 мың адамнан 25%-ке өскен.
Толығырақ
Министр сөзінде ғалымдар санын нақты қай кезеңмен салыстырғанда 50%-ке арттыруды жоспарлағанын айтпайды. Алайда Саясат Нұрбек келтірген бастапқы деректер мен жоба туралы деректерден мұның қай кезең екенін топшалауға болады.
Біріншіден, Саясат Нұрбек ғалымдар санын көбейту «Цифрландыру, ғылым және инновациялар есебінен серпіліс» ұлттық жобасы аясында жүзеге асатынын айтқан. Бұл жобаға президент Тоқаев 2021 жылы қазанда қол қойған-ды.
Екіншіден, министр мысалға алған 21,6 мың ғалым туралы мәлімет – ұлттық статистика бюросының 2021 жылғы ақпараты. Демек, бастапқы нүкте 2021 жылға тура келеді деген сөз.
Осы есеппен алсақ, ғалымдар саны 2022 жылы – 22 456, 2023 жылы – 25 473, 2024 жылы – 27 146 болды. Салаға 3 жылда 11 мыңнан астам ғалым қосылады деген жоспар орындалмады, ал үкімет «Цифрландыру, ғылым және инновациялар есебінен серпіліс» ұлттық жобасын 2024 жылы мерзіменен бұрын тоқтатты.
Материалды Factcheck Dive курсының түлегі Ерсін Шамшадин дайындады