Балабақшаға кәсіптік білімге қарағанда көп қаржы бөліне ме?

Қыркүйектің 4-і өткен мәжілістің жалпы отырысында депутат Ирина Смирнова техникалық және кәсіптік білім берудің (ТжКБ) қаржылануы аз деп, оны мектеп пен мектепке дейінгі ұйымның көрсеткішімен салыстырды. Оның сөзінше, Қазақстанда ТжКБ-ға ақша ЭЫДҰ елдерімен салыстырғанда аз жұмсалады. Factcheck.kz депутат сөзінің қаншалықты рас екенін тексерді.

Депутат мәлімдемесі (тайм-код: 1:44:45)

Мәлімдеме: ТжКБ-ны [Техникалық және кәсіптік білім-ред.] қаржыландыру жеткіліксіз. Бүгінгі таңда [қаржыландыру-ред.] мектепке дейінгі және мектеп ұйымдарымен салыстырғанда 2 есе төмен.

Ирина Смирнова

Үкім: Шындық

Оқу-ағарту министрлігінің 2024-2026 жылдарға арналған бюджеттік бағдарламасына сай, биыл мектепке дейінгі тәрбие мен білім беруге 95 млрд теңге қарастырылса, мектептерге 842 млрд теңге, ал ТжКБ-ға 54 млрд теңге жоспарланған. Яғни балабақшаларның бюджеті ТжКБ-нің бюджетіне қарағанда 1,7 есе, ал мектептікі 15 есе көп.

Дегенмен, сол бюджеттік бағдарламада 2025 жылы мектептерге бөлінетін қаржы 916 млрд теңгеге өсіп, 2026 жылы бірден 201 млрд теңгеге азаятыны көрсетілген. Бұл уақытта балабақшаларға бөлінетін қаржы 2025 жылы 106 млрд және 2026 жылы 110 млрд теңгеге өсуі жоспарланған. Ал ТжКБ бюджеті алдымен 88 млрд теңгеге, сосын 2026 жылы 95 млрд теңгеге өседі (дегенмен жоспарланған бюджет өзгеруі мүмкін екенін ескеру керек).

Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары — қоғамға пайдалы кәсіптің негізгі бағыттары бойынша техникалық және қызмет көрсету мамандарын даярлайтын кәсіптік лицейлер мен колледждер.

Кейінгі бес жылдағы динамикада ТжКБ ұйымдарының саны төмендеуі байқалады. 2023 жылы 2019 жылмен салыстырғанда колледждер мен лицейлер саны 0,9%-ке азайған. Бірақ, бір қызығы ТжКБ ұйымдарында білім алушылар саны 1,2%-ке өскен.

Мәлімдеме: Бұл ЖІӨ-нің 0,3%-і, ал ЭЫДҰ елдерінде бұл 1% және одан да көп.

Ирина Смирнова

Үкім: Шындыққа жақын және дәлелденбеген

Несі шындыққа жақын: Ирина ханым сандардан аз қателескен — жоғарыда жазғанымыздай, ТжКБ бюджеті 2024 жылы 54 млрд теңге (нақтырақ айтсақ — 54 962 647 000 теңге). Бұл 51 трлн теңгелік жалпы ішкі өнімнің (нақтырақ айтсақ — 51 851 043 700 000 теңге) 0,11%-і.

Несі дәлелденбеді: Депутат ханымның Экономикалық ынтымақтастық пен даму ұйымына қатысты ақпаратты қайдан алғаны белгісіз, бірақ ұйымның сайтындағы деректер ең кейінгі рет 2021 жылы жаңарған, оның үстіне көп елге қатысты ақпарат жоқ. Дерегі бар елдердің өзінде көрсеткіш жалпы ішкі өнімнің 0,1-0,2% аралығында екені жазылған. Мысалы, Аустралия ТжКБ-ға жалпы ішкі өнімінің 0,1%-ін жұмсаса, Германия 0,2%-ін жұмсайды.

Журналист-фактчекер, OFA 2023 түлегі, KIMEP университетінің 3-курс студенті

Factcheck.kz