Мамыр-маусым айларында әлеуметтік желіде Freedom Finance инвестициялық компаниясы сауалнамаға қатысқан әр адамға топ-компаниялардың 10 акциясын сыйға тартатыны туралы жарнамалар толып кетті.
«Freedom-нан керемет мүмкіндік: бір-екі клик пен мини-тест өткен адамға 10 ТЕГІН акция»; «Тегін 10 акцияны алатын мүмкіндікті жіберіп алмаңыз» – мұндай тартымды ұсынысы бар жарнама желіде күн сайын дерлік пайда болады (1, 2, 3, 4, 5). Ол негізінен Facebook және Instagram платформаларында тарайды.


Factcheck.kz редакциясы Freedom Finance осындай акция өткізіп жатыр ма, жоқ па, соны тексеріп көрді.
Үкім: Алаяқтық
Біз ресми жарнама ретінде бүркемеленген тағы бір алаяқтық схемаға тап болдық. Инвестиция мен табысқа арналған жалған платформалар сияқты, бұл схеманың негізгі ерекшелігі – жарнама құралдары арқылы таратылуы. Мақсат – адамды күмәнді сайтқа кіргізіп, өзінің жеке деректерін қалдыруға итермелеу. Осыдан кейін онымен жалған «мамандар» байланысып, барын салып, жоқ акцияларға ақша салуға көндіруге тырысады.
Толығырақ
Ең алдымен, Freedom Finance-тің ресми сайттарында компанияның 10 акцияны таратып жатқаны туралы ешқандай ақпарат жоқ екені күдік тудырады. Компанияның әлеуметтік желідегі ресми парақшаларында да тегін акциялар туралы бірде-бір мәлімет жоқ. Керісінше, мамыр айының соңында компания қазақстандықтарды жалған жарнама, фейк аккаунттар мен фишиңдік сайттардың «толқыны» туралы ескертіп, алаяқтық жазбалардың үлгілерін көрсетіп, өзінің ресми ресурстарын еске салды.
Жарнама жарияланған аккаунттар сырттай Freedom Finance парақшаларына ұқсайды – брендтің түстерін пайдаланады, атаулары ұқсас не бірдей болуы мүмкін: Finance Invest, Freeform Capital, Freedom24, Freedom News және т.б. Алайда сол парақшаларға кірсеңіз, көбі мүлде бос екені анықталады. Кейбіреулерінде Freedom Finance парақшаларынан көшірілген жазбалар бар, бірақ оларды алаяқтық аккаунт екенін аз жазылушылар саны мен жазбаларға лайк пен пікірдің болмауы айқын көрсетеді. Байқауға болатын тағы бір белгі – байланыс деректері. Электронды пошта мекенжайлары (егер көрсетілсе) ресми мәліметтерден мүлде басқа.
Барлық жарнамалық жазба бір сайтқа апарады. Онда пайдаланушыдан шағын сауалнама толтыруды сұрайды – инвестиция саласындағы тәжірибесі мен мақсаты туралы. Содан соң аты-жөні, электрондық поштасы және телефон нөмірін жазып, «Тіркелу» батырмасын басу керек болады, бұл ретте қандай да бір шарттарды қабылдауға мәжбүр. Бұл жерде сайттың мекенжайына ерекше назар аудару қажет – ол ресми сайттардан өзгеше болады.
Мәселе – бұл жағдайда айналып өтуге тиіс нақты бір парақшаларды көрсету мүмкін емес. Мұндай алаяқтық схемаларда аккаунттар мен сілтемелер тез ескіреді, жұмысын тоқтатады, орнына жаңа ресурстар пайда болады. Олар шектеулі мерзімде жұмыс істеп, кейін қайта жоғалады. Хабарламалар да өзгеруі мүмкін: бүгін сауалнама үшін – 10 акция, ал ертең – мүлде басқа нәрсе.

Мұндай схемалардан қорғанудың ең қарапайым жолы – компанияның ресми сайты мен парақшаларындағы ақпаратпен салыстыру.
Контекст
Кейінгі уақытта қазақстандық әлеуметтік желі қолданушылары түрлі алаяқтық схемалардың куәсі әрі құрбанына айналып келеді. Алаяқтар көбіне танымал компаниялар мен қоғам қайраткерлерінің атынан әрекет етеді. Әсіресе жарнамалық құралдарды пайдалану арқылы жасалатын алаяқтық белең алып келеді. 13 маусым күні Қаржылық мониториң агенттігінің (ҚМА) баспасөз қызметі 2025 жылдың басынан бері Қазақстанда жалған инвестициялық жобаларға арналған 7 мыңнан астам сайттың бұғатталғанын хабарлады. Алайда соған қарамастан, алаяқтық жарнамалар әлеуметтік желіде таралуы тоқтаған жоқ.
Пікір қалдыру үшін өз аккауныңызға кіріңіз.