Кейінгі бірнеше күнде Facebook-та “Сәуірдің соңына дейін Qazaq oil 30 литрлік жанармай картасын небәрі 1300 теңгеге сатып жатыр” деген ақпарат тарап жатыр (1, 2, 3; кейбірінің архивтелген нұсқасы 1, 2, 3, 4). Ақпаратқа сай, Qazaq oil компаниясының мерейтойына байланысты акция жүріп жатыр-мыс. Factcheck.kz тағы бір “акцияның” ақ-қарасын анықтап көрді.



Үкім: Алаяқтық
Qazaq oil компаниясында арнайы жанармай карталары бар, алайда ол жерде “30 литр бензин” акциясы туралы ешқандай ақпарат жазылмаған. Сондай-ақ компанияның ресми Facebook аккаунты мен фейк аккаунтының арасында да біраз айырмашылық бар. Фейк аккаунтта негізгі фокусты “Тегін берілетін 30 литр бензинге” аударуға тырысқан, оның арасында бірнеше таргет жарнама бар. Алаяқтық схема да бұған дейін тексерген алаяқтыққа ұқсайды.


Ал сілтеменің өзіне кіріп қарасақ, әдеттегідей алаяқтық схеманы байқаймыз: бірнеше оңай сұрақ, ұтыс ойындар және түрлі сыйлықтар. Сұрақтарға жауап бере келе тегін қораптар шығып, біреуін таңдағанда 30 литр бензинді тегін ұтып алғаны туралы ақпарат шыға келеді. Ал жанармай картасын алу үшін 1300 теңге төлеу керектігі жазылған әрі міндетті түрде жеке деректер мен банк карталарын толтыру керек екені көрсетілген.




Біз бұған дейін де бірнеше алаяқтық схеманы әшкерелеген едік, оның арасында Zara, Nike, Dodo pizza, Wildberries компаниялары мен Қазақстан поштасының атынан жасалған фишиң де бар. Барлық схема бір-біріне өте ұқсас, тегін не өте арзан бағада бренд атынан тауарды ұсыну арқылы картаға не басқа да жеке деректерге қол сұғады. Біз тек ресми дереккөздерге не сол компанияның сайтына жүгінуді ұсынамыз.
Пікір қалдыру үшін өз аккауныңызға кіріңіз.