АҚШ-тағы Tesla компаниясының жұмысшысына робот шабуыл жасады ма? 

Желтоқсанның соңында БАҚ пен әлеуметтік желіде Tesla компаниясының инженеріне «роботтың шабуыл» жасағаны туралы жаңалық тарап кетті (1, 2, 3, 4, 5, 6). Орыс тілді БАҚ-тың басым бөлігі сілтеме жасаған Daily Mail басылымы оқиғаны былай сипаттайды:

Tesla-ның инженері Остин маңындағы Giga Texas компаниясының зауытында өрескел әрі соңы қан төгіске әкелген ақаудың кесірінен роботтың шабуылына ұшырады. Жаңа құйылған автокөлік бөлшектерін алып, орнын ауыстыруға арналған машинаның шабуылына екі адам куә болған. Робот Tesla-ның өшіп тұрған басқа екі роботтың бағдарламасын текшеп жатқан инженерді қысып, жон арқасы мен қолына металл тырнақтарын сұғып алып, еденді қанжоса қылған. 

Daily Mail мақаласының үзіндісінен

Желідегі бұл жаңалықпен бірге «машиналардың бас көтеруі» (1, 2, 3) және роботтар мен жасанды интеллектің қауіпі туралы пікірлер қоса айтылып жүр. 

Factcheck.kz редакциясы оқырмандардың өтініші бойынша роботпен болған оқиға туралы жаңалықты тексеруді жөн көрді. 

Үкім: Манипулияция

Үкім: Манипуляция

Tesla зауытындағы 2021 жылы болған оқиға рас. Дегенмен БАҚ-тың мұны қалай жеткізгеніне қарасақ, манипуляция екеніне көз жеткізуге болады. 

  1. Көптеген басылымдар, оның ішінде Daily Mail де бар, оқиғадағы кәсіпорын манипуляторының («автоматтандырылған қолдар») фотосымен бірге (кейде тіпті орнына) бұл жағдайға қатысы жоқ Optimus* фотосын қойған.
  2. Daily Mail оқиғаны сипаттап жазғанда эмоцияға ерік беріп, жарқын сөздерді қолданған. Жарақатқа алып келген ақауды олар «қанжоса» әрі «жауыздық» деген сөздермен баяндайды. Ал аппараттың әрекетін олар «шабуыл жасады», «тырнағын сұғып алды» деп жазады. Бұл етістіктер роботтың еркіндікке бой алдырып, әдейі істегендей етіп көрсетеді.  

Кейбір дереккөздер (1, 2, 3) тақырыпта «машиналардың бас көтеруі мен «Терминатор» фильміндегі SkyNet корпорациясымен паралель келтірген. Жаңалықты бұлай «әрлеу» – оқырманның жаңалықты бұрыс түсініп, шындықтан адасып қалуына әкеп соғады. 

*Optimus –  Tesla-Bot деген атпен танымал – өздігімен оқып, дамитын ЖИ негізінде жасалған концептуалды андроид-роботтарының моделі. Жұмысқа жарамды прототиптері 2022 жылы 30 қыркүйекте таныстырылған. Роботтардың көптеп жасалуы немесе компания зауыттарында жұмыс істейтіні туралы ақпарат мүлде жоқ. 

Зауытта не болды?

Daily Mail Tesla компаниясының АҚШ-тың еңбекті қорғау басқармасына (Occupational Safety and Health Administration, OSHA) Форма 300 бойынша берген есебінің көшірмесін ұсынған. Ол жерде опық жеген әлдебір инженер, ал жарақат себебі робот екені көрсетілген оқиға туралы жазған.  

The Information басылымы зауыттың екі жұмысшысының куәгерлігіне сілтеме жасап, бұл жағдайды бір үтірін қалдырмай сипаттаған. Көргендердің айтуы бойынша, оқиға болғаннан бұрын жарақат алған инженер үш аппараттың бағдарламалық жасақтамасын реттеп жатқан. 

Дегенмен, әлдебір себептер бойынша, тек екі робот қана өшірілген. Алюминий бөлшектерді көтеріп, конвейермен қозғалту үшін жасалған үшінші робот бағдарламалық жасақтаумен айналысатын команда жанында болғанда қосулы қалған. Нәтижесінде өзіне енгізілген стандартты бағдарлама бойынша әрекет етіп, инженерді қабырғаға қысып ұстаған, салдарынан жұмысшының арқасы мен қолына құлтемірдің «тырнағы» кіріп кеткен (Tesla берген есепте тек сол қолы зақымданған деп жазылған). Инженердің бақытына орай, басқа қызметкер жедел өшіру батырмасын басып үлгеріп, жарақат алған инженер тез арада шығып үлгерген. 

Роботтың «шабуылы» туралы жаңалыққа Tesla-ның иесі Илон Маск та Х әлеуметтік желісінде жауап ретінде жазба қалдырды. Ол БАҚ «екі жыл бұрынғы оқиғаны жарыққа шығарып, оны кәсіпорындағы манипулятор емес (барлық зауыттарда тұрған), Optimus жасағандай етіп көрсетті» деп жазады.

Адамдар машинадан да қауіптірек

БАҚ-тың жазуынша (1, 2, 3, 4), роботтарды жаппай қолданатын кәсіпорындардағы жарақат алу орташа индустриядағы жарақаттан көбірек. Журналистер негізінен Tesla зауыты мен Amazon қоймаларындағы қауіпсіздік мәселелері туралы айтады. 

Дегенмен бұл проблема «бас көтерген машиналардың» кесірінен емес, адами фактордың әсерінен туындайды. Роботтар компаниялардың миллиондаған долларын үнемдейді және қызметкерлердің денсаулығын сақтап қалуға көмектеседі, себебі машиналар адам үшін қауіпті әрі ауыр тапсырмаларды орындайды. Сондай-ақ роботталған механизмдермен әрекеттескенде абайлау керек, себебі роботтармен бірге жұмыс істейтін сәтте адам үшін қауіп төнуі әбден мүмкін

Industrial Safety & Hygiene News-тың айтуынша, қызметкерлер роботпен жұмыс істегенде қауіпсіздік ережесін сақтамай, басқару ережелерін ескермегеннің кесірінен жарақат алып жатады. Басылым Германиядағы Volkswagen зауытында болған қайғылы оқиғаны мысалға келтірген. Ол жерде ауыр робот қызметкерді басып қалған. Қауіпсіздікті сақтау мақсатында робот темір тордың ішінде жұмыс істеуі керек болған, бірақ әлдебір себептерге байланысты қайтыс болған қызметкер механизм оңай жететін қоршаудың ішіне кіріп кеткен.

Машинаға берілген тапсырмалар мен қуаты жететіндей жұмыс берудегі қателер де жарақат алуға себеп болып жатады. Жұмысшылардың роботтың жұмыс істеу жылдамдығына ілесе алмай қалуы да Amazon қоймаларындағы қызметкерлері арасында жарақаттың көп болуына әсер етіп жатыр. 

Кәсіпорындағы роботталған механизмдердің аяқасты «өзгеру» қауіпі роботтардың өзінен, болмаса алгоритмдерден емес, хакерлерден келуі мүмкін. Мысалы, әлдебір хакер зауыттың жүйесін бұзып кіріп, роботтарға басқа бағдарлама орнатып, оның адам өмірі мен денсаулығына қауіпті етуі ғажап емес. Бұл ғылыми фантастика емес, көптеген жылдар бойы пікір таласып келе жатқан киберқауіпсіздіктегі үлкен қауіп

лингвистка, фактчекерка

Factcheck.kz