АҚШ саясаткері Блэк “Қанша украиндық қаза болғаны маңызды емес” деді ме?

Кейінгі күндері желінің орыс тілді сегментінде (1, 2, 3, 4, 5, 6) америкалық саясаткер, Республика партиясының өкілі Ричард Блэктің “Бізге қанша украиндық, бейбіт тұрғын, әйел, бала мен сарбаздардың қаза болғаны маңызды емес” деген мәлімдемесі тарап жатыр.

Блэктің бұл сөзін 2022-2023 жылдары орыс, ағылшын тілді YouTube арналар (1, 2, 3, 4, 5), түрлі медиа (1, 2) мен Ресейдің Оңтүстік Африкадағы елшілігінің Х ресми парақшасы таратқанын анықтадық.

Factcheck.kz редакциясы саясаткер мұндай мәлімдеме жасады ма, тексеріп көрді.

Үкім: Манипуляция

Біріншіден, ресейшіл БАҚ таратқан ақпаратта “Блэк АҚШ Сенатының бұрынғы мүшесі” ретінде көрсетілген, шын мәнінде ол Вирджиния штатының 2012-2020 жылдарындағы сенаторы.

Екіншіден, Ричард Блэктің 2022 жылы 26 сәуірінде The Schiller институтына берген сұхбатында мұндай мәлімдеме жасағаны рас. Блэк сұхбатта АҚШ пен Ұлыбритания Украинадағы соғысты “қолдап”, көп әскери қару-жарақ жеткізіп жатқанын айтады. Оның сөзінше, бұл саясат көптеген украиндық және ресейлік сарбаздың өліміне себеп болады.

Дегенмен, Блэктің жеке көзқарасы мен АҚШ-тың ресми ұстанымын ажырата білу маңызды. Себебі, халықаралық мәселелерге қатысты көзқарас әдетте уәкілетті өкілдердің ресми мәлімдемелері арқылы беріледі. Сондықтан, Блэктің пікірі АҚШ үкіметінің ұстанымын білдірмейді.

Бұдан бөлек, Блэк сұхбатта Путиннің 2021 жылдың желтоқсанында “НАТО-ға бейбіт келісімдер ұсыну арқылы соғысты болдырмауға күш салғанын” айтып, Ресейдің Украинаға ашқан соғысын “Донбаста стратегиялық шабуыл жасау жоспарына байланысты Ресей алдын ала соққы ретінде Украинаға басып кіруге мәжбүр болды” деп ақтайды.

Ричард Блэк — Кремль ұстанымын қолдайтын мәлімдемелерімен танымал. 2022 жылы Блэк Кремльдің “сөзсіз жеңіс” туралы нарративін насихаттап, Ресей “НАТО-ның кеңею қаупіне байланысты жеңіліске ұшырай алмайды” деген пікірін таратты. Оның мәлімдемелері Батыс елдерін Украинаны қолдаудан тайдыруға бағытталғаны үшін сынға алынды. Украина Дезинформацияға қарсы күрес орталығының дерегінше, Блэктің мұндай мәлімдемелері Батысты Украинаға көмек көрсетудің бекер екеніне сендіруге тырысып жатқан ресейшіл ақпараттық-психологиялық операциясының элементі.

Блэктің кремльшіл нарративтерді насихаттайтынын Ресей мемлекеті қаржыландыратын RT медиасына берген сұхбаттары растайды. Мәселен, 2023 жылы 24 ақпанда жарияланған интервьюде ол АҚШ-тың “Ирак пен Украинаның үкіметтерін қуыршаққа айналдыру үшін құлатқанын” мәлімдеді. Блэк Ирак пен Украина қақтығыстарының “көзі” Вашингтон екенін атап өтті.

RT-нің Ричард Блэктің көзқарасын бөлісуі — платформаның АҚШ-тың сыртқы саясатын сынайтын және АҚШ-тың халықаралық қақтығыстардағы әрекеттеріне күмән келтіретін нарративтерді қолдайтынын көрсетеді.

Одан бөлек, Блэк Сирия диктаторы Башар Асадтың қолдаушысы ретінде танымал. Саясаткер 2016 жылы Сирияға сапар шегіп, Асадпен екі сағаттық кездесу өткізді. Оның айтуынша, ресейшіл RT сайты — “Сириядағы қақтығыс туралы жазатын жалғыз сенімді негізгі БАҚ”.

Блэк гомосексуалдық туралы да даулы мәлімдемелер жасады. 2013 жылы берген сұхбатында ол біржынысты некені полигамия мен инцестпен салыстырды. Блэктің өзі полигамияға қарсы болғанымен, оның сөзінше, полигамия “кем дегенде биологиялық қызмет атқаратынын” және бұл гомосексуалдықтан “табиғирақ” екенін мәлімдеді.

The Schiller институты туралы не білеміз?

Блэк сұхбат берген The Schiller институты — 1984 жылы Хельга Зепп-Ларуш негізін қалаған Германияда ашылған “саяси және экономикалық сараптама орталығы”. Институттың алға қойған мақсаты — “қазіргі әлемдік дағдарыс” контекстінде ақын және философ Фридрих Шиллердің идеяларына сүйену. Алайда институт бірнеше медиа тарапынан сынға ұшырады. Оны The Independent басылымы «оңшыл конспирация теоретигі Линдон Ларушпен байланысқан экстремистік саяси сараптама орталығы» деп сипаттады. The Times институттың мақсаты «америкалық әсіре оңшыл экстремист Линдон Ларуштың жабайы антисемиттік қастандық теорияларын тарату» екенін хабарлады. “Berliner Zeitung” неміс газеті де Шиллер институтын антисемитизммен байланысы бар екенін жазады.

Контекст

  • Бұған дейін Ресей медиасы француз мемлекеттік кеңесінің мүшесі Арно Кларсфельдтің «орыс әдебиетінің туындыларын өртеп жіберген Украинаға ЕО-да орын жоқ» деген мәлімдемесін таратты. Кларсфельд Х парақшасында (архив) осындай мәлімдеме жасағаны рас. Ол нацистік соғыс қылмыскерлеріне қарсы белсенділігімен, антисемитизмге қарсы насихатымен танымал. Дегенмен оның Украинаға қатысты позициясы даулы болып отыр. Мәселен, Кларсфельд украиналықтар он мыңдаған еврей отбасын нацистермен ынтымақтаса отырып жоюға көмектескен украин ұлтшылдарын дәріптеуді, аса құрмет көрсетуді тоқтатуы керек деп мәлімдеді.

Factcheck Academy 2021 түлегі.

Factcheck.kz