Тоқаев БҰҰ-да қаншалықты рас сөйледі?

2023 жылы 20 қыркүйекте Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясының 78-сессиясы аясында өткен жалпы дебатқа қатысып, әлемдегі жағдайға байланысты бірнеше дерек келтірді. Бұған дейін Factcheck.kz Тоқаевтың 2021 жылы Біріккен ұлттар ұйымына барғандағы сөзін тексерген. Командамыз бұл жолы да дәстүрге сай президент мәлімдемелері қаншалықты шындыққа жанасатынын зерделеп көрді.

Мәлімдеме: Әлемде 108 миллион адам мәжбүрлі түрде босқынға айналды, 1 миллиардтан астам адам кедейлікте өмір сүріп жатыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев

Үкім: Шындық

Біріккен ұлттар ұйымының дерегіне сай, 2022 жылдың соңында, соғыс, қудалау, зорлық-зомбылық, адам құқықтарының бұзылуы я болмаса табиғи апаттар нәтижесінде босқын атанғанда саны 108,4 миллион болған, ал алдын ала болжам бойынша, 2023 жылдың мамырына қарай босқындар мен ішкі қоныс аударушылар саны 110 миллион адамға жеткен. Тоқаевтың кедейлікте өмір сүріп жатқан адамдарға қатысты дерегі де шындыққа келеді. БҰҰ 2022 жылы жариялаған дерегіне сай, қазір әлемде 1,2 млрд адам кедейлікте өмір сүріп жатыр, олардың жартысына жуығы 18 жасқа толмаған бала. Яғни, олар бір адамға шаққанда күніне 1,9 доллардан аз табыс табады. Ал Оксфордтың кедейлікпен күрес және БҰҰ-ның даму бастамасының 2023 жылы жариялаған дерегіне сәйкес, әлемнің 110 елінде 1,1 млрд адам кедейлік жағдайында өмір сүреді.

Мәлімдеме: 2 миллиард адам негізгі дәрі-дәрмектерге қол жеткізе алмай отыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев

Үкім: Дәлелденбеген

2015 жылы БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы комиссары басқармасының зерттеулер және даму құқығы бөлімінің директоры 2 миллиард ер мен әйелде, балаларда негізгі дәрі-дәрмекті алуға мүмкіндігі жоқ екенін айтқан. 2017 Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы осы статистиканы қайталап, 2 миллиардқа жуық адам негізгі дәрі-дәрмекке қол жеткізе алмайтынын, бұл адамдардың азап шегуіне алып келетінін жазған. Алайда дәрі жеткілікті болса, бұл азаптың алдын алуға болар еді. Дегенмен 2017 жылдың дерегінің өзі ескіргенін, қазір жағдай басқаша болуы мүмкін екенін ескеріп, дәлелденбеген деген үкім қойдық.

Мәлімдеме: Былтыр дүниежүзі халқының 10 пайызға жуығы аштықпен бетпе-бет келді.

Қасым-Жомарт Тоқаев

Үкім: Шындық

Біріккен ұлттар ұйымының 2022 жылға арналған азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі баяндамасына сәйкес, аштық проблемасына тап болғандар саны 691-783 миллион адам аралығында (орташа мәні — 735 миллион). Яғни, 2022 жылы 8 млрд адам болды десек, оның 9,19%-і аштыққа тап келді деген сөз. Ұйымның жазуынша, бұл 2019 жылмен салыстырғанда 122 миллион адамға көп.

Мәлімдеме: 2030 жылға қарай жаһандық температураның 1,5 градусқа көтерілуін шектей алғанның өзінде, Орталық Азиядағы температураның 2,-2,5 градусқа дейін көтерілуімен бетпе-бет келеміз.

Қасым-Жомарт Тоқаев

Үкім: Дәлелденбеген

Тоқаевтың климаттың мұндай өзгерісіне қатысты ақпаратты қайдан алғаны белгісіз, ашық дереккөздерден мұндай дерек табылмады.

Дегенмен жаһанды және оның ішінде Орталық Азияны расымен жылу күтіп тұрғаны рас. БҰҰ Қоршаған ортаны қорғау бағдарламасының бағалауына сай, егер ұлттық деңгейде белгіленген іс-шаралар іске асырыласа, 2030 жылға қарай атмосфераға зиянды шығарындыларды 7,5%-ін ғана қысқартуға мүмкіндік болады. Бірақ жылынуды 1,5 градус Цельсий шегінде ұстау үшін 55%-ке қысқарту керек. Егер ештеңе өзгермесе, бұл ғасырда жаһандық температура кем дегенде 2,7 градусқа көтеріледі.

2030 жылға қарай орташа жылдық температура индустрияға дейінгі дәуірмен салыстырғанда шамамен 2 градусқа өседі. Бұл туралы БҰҰДБ-ның Қазақстандағы Тұрақты өкілінің орынбасары климаттың өзгеруі жөніндегі Орталық Азия конференциясы барысында айтқан.

Фактчекер-журналист. Factcheck.kz сайтының шығарушы редакторы.

Factcheck.kz