“Ақырзаман сағаты” дегеніміз не және оны қалай белгілейді?

24, 25 қаңтарда медиада “ақырзаман сағаты” түн жарымға 90 секунд қалғанын көрсеткені туралы ақпарат тарады (1, 2, 3, 4). Медиа сағат тілшесінің түн ортасына жақындауы жаһандық апат қаупінің артуын білдіретінін, оның үш жылда алғаш рет түн ортасына қарай 10 секундқа жылжығанын және бұл 1947 жылы жоба құрылғаннан бергі апатқа ең жақын мән екенін жазып жатты.

Алайда оқырман арасында “ақырзаман түнінің сағатына” қатысты түсініспеушілік болуы мүмкін. Мысалы, тілшенің қашан және қалай жылжу керек екенін ғалымдар қалай анықтайды? Қандай тәртіпке сүйеніп шешім қабылдайды? Factcheck.kz осыны талдады.

Тарихы: “90 секундқа” қалай жеттік?

24 қаңтарда “Атом ғалымдарының бюллетені” журналында “Ақырзаман түні сағаты” он секундқа жылжып, түн ортасына 90 секундты көрсетіп тұрғаны туралы жаңалық жарияланды. Бұл, авторлардың жазуынша, сағаттың бұған дейінгі көрсеткіштерінің ішінде жаһандық апатқа ең жақын сәті. Осыған дейін, 2020 жылы “ақырзаман сағаты” түн ортасына 100 секунд қалғанын көрсеткен еді.

Ақырзаман түнінің сағаты негізінен Ресейдің Украинаға басып кіруіне және ядролық қарудың шиеленісу қаупінің күшеюіне байланысты түн ортасына 90 секунд қалды деп белгіленді. Сонымен қатар, сағаттың басқа уақытқа жылжыуына климаттық дағдарысқа байланысты жалғасып келе жатқан қауіп және технология жетістіктерімен байланысты тәуекелдерді, COVID-19 сияқты биологиялық қауіптерді азайту үшін қажетті жаһандық нормалар мен институттардың бұзылуы әсер етті.

Атом ғалымдарының бюллетені

Бұл тұста түн ортасы — ақырзаманның образы, ал нөлге дейін кері санау қазіргі замандағы ядролық жарылыс идиомасының образы.

1945 жылы Альберт Эйнштейн мен Манхэттен жобасы аясында алғашқы атом қаруын жасауға көмектескен Чикаго университетінің ғалымдары “Атом ғалымдарының бюллетенінің” негізін қалап, екі жылдан кейін бюллетень аясында “Ақырзаман түні сағатын” жасады. Олар өздері жасаған атом қаруының салдарынан сескенген еді. 1947 жылы «Ақырзаман түні сағаты» құрылған кезде, адамзат үшін ең үлкен қауіп ядролық қарудан, атап айтқанда, АҚШ пен Кеңес Одағының ядролық қарулану жарысынан болған. Бірақ 2007 жылы бюллетень алғаш рет климат өзгеруінің ықтимал апатты салдарын қарастырды. Сағат 1947 жылдан бері бірнеше рет өзгерген.

1953 жылы қырғи қабақ соғыстың ортасында сағат түн ортасына 2 минут қалғанын көрсетіп, ең алғаш рет “ақырзаман түніне” жақындады. Содан кейін қауіпті жағдай 1962 жылы Кариб дағдарысы кезінде болды, бірақ мәселе тез шешілгендіктен, сағатты жылжытушылар реакция танытып үлгермеді.

Сағат тілшелерінің түн ортасынан ең көп алшақтаған кезі 1991 жыл болды: қырғи-қабақ соғыс аяқталған соң АҚШ пен Кеңес Одағы стратегиялық қаруларды қысқарту туралы шартқа қол қойды, бұл екі елдің стратегиялық ядролық арсеналдарын айтарлықтай қысқарту туралы алғашқы келісім-шарт еді. Сол кезде сағат түн ортасына 17 минут қалды деп көрсеткен.

Уақытты кім және қалай өзгертеді?

“Сағат” пайда болғалы бері, яғни 1947 жылдан бастап “Атом ғалымдарының бюллетенінде” жарияланып келеді. Алғашында сағат тілінің түн ортасына қанша қалғанын бюллетеннің редакторы Юджин (Евгений) Рабиновичтің өзі белгілеп отырған. Кейін ол 1973 жылы өлген соң, бюллетеннің ғылым және қауіпсіздік кеңесі жауапкершілікті өз мойнына алып, содан бері жылына екі рет әлемдегі оқиғаларды талқылау және қажет болған жағдайда сағат тілін өзгерту үшін жиналады.

Бюллетеннің сайтындағы ақпаратқа сай, ғылым және қауіпсіздік кеңесі “ядролық технологиялар мен климатология бойынша терең білімі бар ғалымдар және басқа да сарапшылардан тұрады“. Олар әртүрлі сала бойынша әріптестерімен кеңеседі, сонымен қатар 10 Нобель сыйлығының лауреаты кіретін бюллетеннің демеушілер кеңесінің пікірін назарда ұстайды.

Бюллетеннің сайтынан сағат тілін белгілейтін “әлемдегі жағдайдан басқа” критерий табылмады. 2023 жылғы “90 секундқа” әлемдегі жағдайдың анализі әсер еткенін “Атом ғалымдары бюллетенінің” президенті және бас директоры Рэйчел Бронсон да айтқан.

Біз бұрын-соңды болмаған қауіп кезінде өмір сүреміз, ақырзаман түні сағаты осының көрсеткіші. Түн ортасына 90 секундтың қалуы — ақырзаман сағатында бұрын-соңды орнатылмаған түн ортасына дейінгі ең аз уақыт, біздің сарапшылар бұл шешімді оңай қабылдамады. АҚШ үкіметі, оның НАТО-дағы одақтастары мен Украинада диалог үшін көптеген арна бар; біз көшбасшыларды ақырзаман түні сағатының тілін кері бұру үшін осы арналардың барлығын толық қарастыруға шақырамыз.

Рэйчел Бронсон

Қорытынды

Сонымен, сағаттың мәнін “адамзатта қалған уақыт” деп тура қабылдаудың қажеті жоқ. Экзистенциал қауіптерді зерттеуші сөзінше, оның мақсаты адамзаттың алдында тұрған тәуекелдің қаншалықты қауіпті екенін айту емес, “қауіп туралы ескертуге” қаншалықты дайын екенімізді және жауап бере алатынымызды көрсетеді.

Түн ортасына дейін қалған уақыт халықаралық жағдайдың шиеленісін және ядролық қарудың дамуындағы прогресті, климаттық және басқа да жаһандық мәселелерді көрсететін метафора. Түн ортасының өзі ядролық катаклизм сәтінің символы. Оны Нобель сыйлығының лауреаттары мен сарапшылар, “Атом ғалымдарының бюллетенінің” редакторлары “әлемдегі жағдайды саралап” көріп, өзгертіп отырады.

Фактчекер-журналист. Factcheck.kz сайтының шығарушы редакторы.

Factcheck.kz