Қазақстанда кедейлік деңгейі өсті ме?

15 маусымда өткен сенаттың жалпы отырысында депутат Серік Өтешов халықтың өмір сүру сапасына байланысты депутаттық сауал жолдады. С. Балғатайұлы мәлімдемесінде “халықтың нақты ақшалай кіріс индексі жыл өткен сайын төмендеуде және өзін-өзі кедей бағалау деңгейі анағұрлым өскен” деді. Депутат келтірген деректер қаншалықты рас екенін тексердік.

Депутат сауалынан үзінді, тайм-код: 49:32

Мәлімдеме:  Ұлттық статистика бюросының мәліметтері бойынша 2022 жылы халықтың нақты ақшалай кіріс индексі 2,8%-ды құрады. Ол 2020, 2021 жылдардағы көрсеткіштерден төмен.

Серік Өтешов

Үкім: Шындық 

Ұлттық статистика бюросының дерегіне сай, 2022 жылы халықтың нақты табыс индексі — 2,8%. Бұл көрсеткіш 2020 жылғы нақты табыстар индексінен 1,5%-ке (4,3%) және  2021 жылғы көрсеткіштен 1,3%-ке аз (4,1%).

Мәлімдеме: Орташа айлық 338,7 мың теңгеге дейін өсті. Бірақ былтырғы жылғы инфляцияның өсуі бұл өсімді жоққа шығарды.

Серік Өтешов

Үкім: Шындыққа жақын

Ұлттық статистика бюросының ақпаратына сай, 2022 жылы орташа айлық жалақы 309 мың теңге, ал сол жылдың IV тоқсанында 338 715 теңге болған.

Дегенмен орташа айлық жалақы шынайы жағдайды нақты көрсетпеуі мүмкін. Халықтың табыс көрсеткішін дұрысырақ сипаттау үшін медиандық жалақыны да ескеру керек. Бір жылда оның көрсеткіші 165 мыңнан 204 мыңға өскен.

2022 жылы елдегі инфляция 20,3%-ке өсті (медиандық жалақы өсімінің көрсеткіші — 23%).

Қазақстанда кедейлік деңгейі өсті ме?

Әлбетте, жалақының өсімі мен инфляция арасында халықтың табысына әсер ететін байланыс бар, бірақ біз мұның қаншалықты ықпал еткеніне үкім қоя алмаймыз.

Мәлімдеме: Сонымен бірге, Дүниежүзілік банктің зерттеуіне сәйкес, сауалнамаға қатысқандардың арасында өзін-өзі кедей бағалау 2022 жылдың қыркүйегінде 25%-ке дейін өскен. Ал 2020 жылдың желтоқсанында ол небәрі 14%-ке тең болған.

Серік Өтешов

Үкім: Шындық

Дүниежүзілік банктің 2022 жылы жариялаған “Қазақстанды тыңдау” зерттеуінің нәтижесіне сәйкес, үй шаруашылықтарының өзін-өзі кедей бағалауы 2022 жылы қыркүйекте 25%-ке жеткен. Бұл көрсеткіш 2020 жылы желтоқсанда 14% болған.

Қазақстанды тыңдау” зерттеуі — елдегі жағдайларды мониториңдеу үшін қоғамның пікіріне сүйене отырып жүргізілетін ай сайынғы сауалнама.

Мәлімдеме: 2022 жылдың қорытындысы бойынша әлеуметтік трансферттер еңбек кірістерінің 31 пайызын құрайды. Бұл халықтың мемлекеттік әлеуметтік қолдауына тәуелділігінің жоғары деңгейін көрсетіп отыр.

Серік Өтешов

Үкім: Шындық

Жоғары аудиторлық палатаның 2022 жылғы бюджеттің атқарылуы туралы есебіне сай, әлеуметтік трансферттер еңбек табыстарына шаққанда 31%-ке жеткен. Палатаның жазуынша, бұл халықтың мемлекеттің қолдауына тәуелді екенін көрсетеді. 2015-2016 жылдардағы дағдарыста бұл көрсеткіш 21-23% көлемінде болған.

Дегенмен 2022 жылғы көрсеткіш кейінгі 4 жылдағы ең төменгі деңгей, өйткені әлеуметтік трансферттердің еңбек қызметінен түскен табыстарға арақатынасы 2019 жылы 33%, 2020 жылы 43%, 2021 жылы 37% болған.

Мәлімдеме: Бүгінгі күнде азық-түлік шығыстарының үлесі өсуде. Өткен жылы бұл көрсеткіш 50,8%-ды құрады. Ол халықтың басқа салаларға жұмсайтын мүмкіндіктерінің аз екенін көрсетеді.

Серік Өтешов

Үкім: Шындық

Қазақстан халқы ақшалай шығыстарының жартысын азық-түлікке жұмсайтыны рас. Нақтырақ айтсақ, 2022 жылы қазақстандықтар табысының 51,1%-ін (депутат айтқандай 50,8%-ін емес) азыққа жұмсаған.

Cонымен қатар халықтың азық-түлік емес өнімдерге жұмсаған шығындары азық-түлік шығыстарының үлесінен 2 есеге аз. Cәйкесінше азық-түлік емес тауарлар шығысы — 24,4%.

Материалды дайындаған: Зерделі Бапай

Фактчекер-журналист. Factcheck.kz сайтының шығарушы редакторы.

Factcheck.kz