Елге келген әр 2 турист бір жұмыс орнын аша ма?

14 қыркүйекте өткен сенаттың жалпы отырысында сенат депутаты Сұлтан Дүйсенбинов еліміздегі туризмге қатысты депутаттық сауал жолдады. Депутат шетелден келген әр екі турист бір жұмыс орнының ашылуына септігін тигізетін айтып, туризм саласындағы бірқатар мәселелерге тоқталды. Factcheck.kz депутат мәлімдемесі қаншалықты рас екенін тексеріп көрді.

Депутатттың сөзі (тайм-код: 58:38)

Мәлімдеме: 2022 жылы туризмнен 389 млрд теңге салық түскен, шетелден келген әр екі турист бір жұмыс орнының ашылуына септігін тигізеді. 

Сұлтан  Дүйсенбинов

Үкім: Шындыққа жақын

Туризм және спорт министрлігінің ресми мәлімдесіне сай, 2022 жылы туристік қызметтен түскен салық мөлшері 389 миллиард теңгеге дейін жеткен. Қазақстанға алыс шетелден келген 1 турист орта есеппен 1 500 доллар көлемінде табыс әкеледі. Депутат айтқандай әр екі турист бір жұмыс орнының ашылуына емеc, министрлік дерегіне сәйкес, “Әр шетелдік турист 2 жұмыс орнын ашуға себеп болады”.

Мәлімдеме: Туристік мақсатта келген шетел азаматтары орта есеппен елімізде 4 күн ғана болған деген ақпарат бар, ал 3-4 күнде ең болмаса бір қаланы аралап үлгеруге болады ма?!

Сұлтан  Дүйсенбинов

Үкім: Манипуляция

Депутат айтқандай елімізге АҚШ, Германия, Оңтүстік Корея және Үндістаннан туристік мақсатпен келген азаматтар орта есеппен елде 4 күн өткізетіні рас. Дегенмен бұл басқа алыс шетелден келген туристтің барлығы орта есеппен 4 күн ғана болады деген сөз емес.

EQonaq туристік ақпараттық жүйесінің деректеріне сай, Қазақстанда орта есеппен Ресейлік туристер 6 күн, Беларусь азаматтары 5 күн, Қытай азаматтары 3,5 күн өткізсе, Өзбекстан азаматтары Қазақстанда 10 күнге дейін тоқтайды.

Мәлімдеме: 2022 жылдың қаңтар-қыркүйек айында елімізге келуші туристер саны 3,4 млн адам болса, басқа елдерге демалуға барған қазақстандықтар саны 5,6 млн.

Сұлтан  Дүйсенбинов

Үкім: Шындық 

Ұлттық статистика бюросының мәліметтеріне сай, 2022 жылы қаңтар-қыркүйекте 3 416 600 турист келсе, 5 557 500 адам елден шыққан. 2021 жылы 949 400 сырттан келушілер болса, елден 2 515 200 адам шетелге шыққан.

Ұлттық статистика бюросының кейінгі 5 жылдағы деректері (1, 2, 3, 4, 5) бойынша, Қазақстандағы туризм саласы пандемияға дейінгі жылдардағы көрсеткіштерге әлі жетпегенін байқауға болады. 2022 жылы елге келушілер саны 2021 жылмен салыстырғанда 3 есе өскен. Дегенмен 2022 жылы Ресейдегі мобилизацияға байланысты 3 млн-ға жуық адам келген.

Материалды дайындаған: Зерделі Бапай

Фактчекер-журналист. Factcheck.kz сайтының шығарушы редакторы.

Factcheck.kz