Алматы әкімдігі шетелдік инфлюенсерлерге арналған кезекті пресс-турға 47 млн теңге бөлді

Кейінгі кезде Алматы әкімдігі шетелдік блогерлерге тұрақты түрде тур ұйымдастырып жүр. Бұл тәсіл арқылы әкімдік қаланың брендін шетелде танымал етіп, туризмді дамытамыз деп үміттенеді. Биыл да бұл үрдіс жалғасын тауып, мемлекеттік сатыпалым сайтында шетелдік қонақтарға арналған пресс-тур туралы жаңа тендер жарияланды.

2025 жылғы пресс-тур қандай болмақ?

11 ақпанда Алматы туризм бюросы инфлюенсерлер мен қоғамдық пікір лидерлерімен бірігіп, қызметтерін сатып алу туралы хабарландыру жариялады. Бастапқыда бұл жобаға 49 571 428 теңге бөлінгенімен, GS Project Group ЖШС-мен келісімшарт жасалғаннан кейін сома 47 090 000 теңгеге дейін азайды.

Техникалық сипаттамаға сәйкес, туризм бюросы Алматы мен облыс аумағында шетелдік инфлюенсерлер мен пікір лидерлері (ПЛ) үшін пресс-тур ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Құжатта ПЛ қатарына мыналар кіруі мүмкін екені көрсетілген: белгілі басылымдардың журналистері, блогерлер, фотографтар, музыканттар, әртістер, телебағдарламалар мен ойын-сауық шоулардың түсірілім топтары және басқа да медиа тұлғалар. Қонақтар жыл бойы 6-дан 18 адамға дейінгі топ болып шақырылады, бірақ жалпы саны белгісіз.

Жеткізуші шетелдік инфлюенсерлерді әуежайда немесе вокзалда қарсы алып, гүл, шоколад немесе алма сыйлауға тиіс. Одан кейін оларды қаланың орталығындағы төрт немесе бес жұлдызды қонақүйге жеткізеді. Қатысушылар Mercedes V-class, Mercedes Sprinter немесе Hyundai Staria маркалы көліктермен жүреді, барлық көлік 2021 жылдан кейін шығарылған болуы керек. Сондай-ақ жеткізуші жыл бойы кемінде 200 бір немесе екі орындық қонақүй нөмірін таңғы аспен бірге қамтамасыз етуі қажет, жалпы тұру күндері кемінде 200 күн болуы тиіс.

Бұдан бөлек, пресс-тур қатысушылары Алматы мейрамханаларында тамақтанады. Әрбір инфлюенсер үшін түскі және кешкі асқа жеке мәзір жасалады. Алайда мейрамханалардың нақты тізімі әлі белгісіз, себебі қонақтардың саны мен басқа да мәліметтер тапсырыс берушімен алдын ала келісілмек.

Шетелдік қонақтарға экскурсиялар мен көрікті жерлерге кіру билеттері де тегін беріледі. Бірақ пресс-тур барысында қайда баратыны әзірге белгісіз. Белгілісі – жеткізуші бір жыл ішінде қазақ, орыс, ағылшын, қытай, испан, итальян және басқа тілдерді меңгерген гидтермен кемінде 150 экскурсия күні ұйымдастыруы тиіс.

Сондай-ақ инфлюенсерлердің Алматыдағы сапары туралы қанша және қандай форматтағы жарияланым жасау керектігі нақтыланбаған. Бірақ келген бойда олар арнайы жадынама алады, онда қандай аккаунттарды белгілеу және қандай хэштегтерді қолдану керектігі көрсетіледі. Бұдан бөлек, шетелдік қонақтардың әр барған жерінде фото және видеотүсірілім жасалып, әкімдікке есеп беру мақсатында сақталмақ.

Қонақтарды шығарып саларда оларға ұлттық стильдегі кем дегенде 50 сыйлық жиынтығы табысталады. Бұл жиынтықта ұлттық тәттілер, керамика, киіз немесе ағаштан жасалған сәндік бұйымдар, сондай-ақ шапан, күрте, тақия, орамал немесе шарф сияқты ұлттық киімдер болуы мүмкін. Жеткізуші атқарылған жұмыстар мен жұмсалған қаражат жөнінде әкімдікке толық есеп беруі тиіс.

Бұған дейін қанша қаражат жұмсалды?

Жоғарыда атап өткеніміздей, кейінгі уақытта Алматы билігі шетелдік инфлюенсерлерді тұрақты түрде шақырып жүр. Мысалы, былтыр ақпан айының соңында туризм бюросы осыған ұқсас тендер өткізді. Сол кезде бұл мақсатқа 42 650 000 теңге бөлініп, түпкілікті келісімшарт сомасы 41 600 000 теңге болды.

Ұйымдастырушылар қанша шетелдік қонақ шақыруды жоспарлағанын нақты көрсетпеген. Алайда жыл ішінде қонақүйлерде 50 бөлме брондалуы тиіс еді, ал жалпы тұру мерзімі 150 күн болды. Сонымен қатар, тендер жеңімпаздары кемінде 500 адамға арналған түскі және кешкі ас ұйымдастыруы қажет еді. Бір сапар барысында күтілетін қонақ саны 3-тен 20 адамға дейін, ал экскурсия күндері саны 50 болған.

Қызығы, бұдан бөлек, әкімдік 2024 жылғы ақпан және сәуір айларында блогерлер үшін пресс-тур ұйымдастыруға 89 285 710 теңгеге тендер өткізбек болған. Бұл турға БАӘ, Сауд Арабиясы, Түркия, Қатар, Ұлыбритания, Германия, Франция, Италия, Испания, Сингапур, Оңтүстік Корея, Қытай мен Малайзиядан блогерлер шақырылуы тиіс еді. Алайда екі рет те мемлекеттік сатыпалым жүзеге аспады.

Осы тендерді 2024 жылғы шілде айында тағы да өткізуге тырысқан, бірақ ол да жүзеге аспаған.

Дегенмен, 2023 жыл соңында дәл осындай пресс-тур ұйымдастыру мүмкін болды. Алматы туризм бюросы қазан айында БАӘ, Сауд Арабиясы, Қатар, Ұлыбритания, Германия, Франция, Италия, Израиль, Түркия, Сингапур, Оңтүстік Корея, Испания және Қытайдан 30 блогер шақыру үшін мемлекеттік сатыпалым жариялаған. Бұл іс-шара сәтті өтіп, оған 56 512 345 теңге жұмсалған.

Родился в городе Алматы. Окончил факультет журналистики в КазНУ им. Аль-Фараби. С 2017 года работал корреспондентом в нескольких казахстанских изданиях.

Factcheck.kz