Шенген визасын алу үшін вакцинация қажет пе?

Әлеуметтік желі мен бірқатар БАҚ-та Еуроодаққа кіру үшін вакцина алу міндетті екені туралы ақпарат тарап жатыр. Әңгіме кез келген вакцина емес, Pfizer мен Moderna вакциналары туралы болып отыр.

Хабарламадағы пікірлер:

1. Еуроодақ вакциналық еуропаспорттарды енгізіп, шенген визасын алуды сол паспортпен байланыстырып жатыр.

2. ЕО визасын алуға Еуропада сертификацияланған, яғни Moderna және Pfizer вакцинасын алғаны туралы белгісі бар ковид-паспортын көрсеткен шетел азаматтарының (оның ішінде Ресей азаматтары бар) мүмкіндігі бар.

3. Спутник–V да, Вектор да ЕО сертификациялаған препараттар қатарына кірмейді, яғни жаңа паспорттық-эпидемиологиялық ереже бойынша Еуропа елдеріне кіруге мүмкіндік бермейтін ішкі қолданысқа ғана арналған вакцина болып қалады.

Үкім: Фейк

Еурокомиссия dw.com сауалына берген жауабында Еуроодақ аумағына кіруге қойылған қазіргі шектеулерге вакцинацияның әсері жоқ екенін және мұндай мәселенің қарастырылмағанын айтты. Еуропалық Одақ COVID-19-ға қарсы екпенің бар-жоғына қарамастан шетел азаматтарының кіруіне қойылған қазіргі шектеулерге өзгеріс енгізуді жоспарлап отырған жоқ.

Шенген визасы және Еуроодақтың ресми парақшаларында виза алу үшін вакцинаның міндетті екені туралы ақпарат жоқ. Еуропалық Одақ елдері бүкіл әлем тәрізді коронавирустың өршуіне байланысты жиналыстар өткізіп, елдер арасында, сондай-ақ елдің ішіндегі қозғалысқа шектеу қою мәселелерін талқылады. Бірақ нақты бір вакцинаны салдырмаса кіруге тыйым салынатыны туралы мәлімдеме болған жоқ.

Соған қарамастан АҚШ-та арнайы рұқсаттама түріндегі ковид-паспорттар тақырыбы талқыланып жатыр. Американың IBM компаниясы IBM Digital Health Pass деген атпен бағдарлама жасап шығарды. Компанияның айтуынша, ол адамдарға қалыпты өмірге оралуға мүмкіндік береді. Бағдарламада адамның денсаулығы, оның ішінде вакцина алған-алмағандығы туралы ақпарат болады.

Бұл материал Қазақстандағы Ұлыбритания елшілігінің COVID-19 туралы жалған ақпаратпен күрес жобасы аясында жарияланды.

Аслан Сеит
Изучаю пост-правду. Отдельное почтение журналистике данных. Практикующий специалист SMM, ведь в мире не без этого.