Қазақстанда эпидемиологтардың жетіспейтіні рас па?

Дүниежүзінде коронавирус пандемиясы басталғаннан бері бұл аурумен бірінші кезекте дәрігерлер күресіп жатыр. Әсіресе, эпидемиолог мамандар. Мәжіліс депутаты Азат Перуашев 22 сәуірдегі депутаттық сауалында елімізде эпидемиолог мамандар жетіспейтінін айтқан болатын. Әдеттегідей депутат мәлімдемесін тексеріп көрген едік.

Медициналық жоғары оқу орындарының 2005-2007 жылдарға дейін жұмыс істеп келген санитарлық–эпидемиологиялық  факультеттері  емдеу факультеттері мен жалпы медицина факультетіне біріктірілді. Содан бері медициналық жоғары оқу орындарында «Эпидемиология» мамандығы жоқ, олардың біліктілік талаптары да жойылды.

Азат Перуашев, Мәжіліс депутаты

Үкім: Манипуляция және шындық

Неге шындық? Бас санитар дәрігер айтқандай, шынымен эпидемиолог мамандар жетіспейді.

Бұл жағдайдың себебі – жалақының төмендігі. Ұзақ тәжірибесі бар, тіпті жоғары білікті эпидемиолог дәрігер 100-130 мың теңгеге дейін жалақы алады. Бірақ жалпы алғанда, жұмыс істеуге келген университет түлектері 70-80 мың теңге аралығында жалақы алу мүмкіндігі бар. Әрине, әлеуметтік көмек жоқ жерлерде, яғни баспана жоқ елді-мекенде тұрғын үй берілмейді. Жастардың көбі эпидемиолог мамандарын даярлайтын факультеттерге бармайды

дейді Алматы қаласының бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин.

Неге манипуляция? Бұл мамандық медицина университеттерінде әлі оқытылады.

Депутат сауалынан кейін Қазақстандағы медициналық университеттердің ресми сайтынан «эпидемиология» мамандығы туралы мәлімет іздедік. Төмендегі деректер бізге бұл мамандықтың ЖОО-да бар екенін көрсетті.

  • Семей мемлекеттік медицина университетінде «Эпидемиология және жалпы гигиена» кафедрасы бар. 2007 жылы гигиеналық пәндер кафедрасының базасында екі кафедра құрылды: жалпы гигиена және эпидемиология. Осыдан кейін кафедра басқа да кафедралармен бірігіп, атауы өзгеріп отырған. Алайда 2018 жылы кафедраның жалпы атауы «Эпидемиология және жалпы гигиена» кафедрасы деп өзгертілген.
  • Қарағанды медицина университетінде «Эпидемиология және жұқпалы аурулар» кафедрасы бар. Жұқпалы аурулар кафедрасы 1953 жылы Облыстық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасы базасында құрылған. Кафедрада «Аса қауіпті инфекциялар» таңдау пәні «Қоғамдық денсаулық сақтау» мамандығы үшін қарастырылған.
  • С.Д. Асфендияров атындағы қазақ ұлттық медициналық университетінде Эпидемиология кафедрасы – «Қоғамдық денсаулық сақтау» факультетіндегі студенттер бітіріп шығатын кафедра. Кафедра алғаш 1946 жылы санитарлық-гигиеналық факультетінде ашылды. Санитарлық-гигиеналық факультеттің (1964 ж.) Қарағанды қаласына ауысуына байланысты кафедра жұқпалы аурулар кафедрасының негізіндегі эпидемиология курсына айналды. 1989 жылы санитарлық-гигиеналық факультет қайта ашылғаннан кейін 1995 жылы қайтадан жеке кафедраға айналған.
  • М. Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университеті: Эпидемиология кафедрасы жеке кафедра ретінде 2006 жылдың қаңтар айында құрылған. Бұған дейін эпидемиология курсы ретінде басқа кафедралар құрамында болған.
  • Астана медицина университетінде «Эпидемиология және жұқпалы аурулар» кафедрасы бар. Жұқпалы аурулар кафедрасы 1967 жылы ашылған.

Қорытынды

Қазақстан медициналық университеттерінде эпидемиология мамандығы бар. Бірақ, арнайы эпидемиология факультеті болмағанымен, жеке кафедра ретінде жұмыс істейді. Кафедраларда жеке пән ретінде оқылады.

Сондай-ақ, эпидемиология мамандығына байланысты сұрақты 4 мамыр күні ҚР Денсаулық сақтау министрілінің Facebook парақшасында өткен онлайн сұқбатта Қазақстанның бас санитар дәрігері Айжан Есмағанбетоваға жолдаған болатынбыз. Сұқбат барысында дәрігер:

Иә, қазіргі кезде бұл мәселе бар. Ағымдағы жылы бұл мәселені шешу үшін жоғары оқу орындарында эпидемиология мамандығы бойынша профильді магистратура енгізу және осы мамандық бойынша қабылдауды кеңейту жоспарлануда.

Айжан Есмағанбетова

Қорыта келе, Перуашев мырза айтқан проблема шынымен де бар екеніне көз жеткіземіз.

Сулейман Демирел университетінің журналистика мамандығы бойынша оқиды. "Ұлан" газетінің штаттан тыс тілшісі. 2019 жылдан бастап factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz