Жалған | Қазақстанда менингит эпидемиясы тарауда

Қазақстандықтар әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде менингит эпидемиясы туралы ақпаратты таратып, қызу талқылауда. БАҚ өкілдері дәрігерлердің айтқан сөздерін жеткізумен ғана шектеліп, өздері де байқамастан отқа май құйып жатыр. Ал Денсаулық сақтау министрлігі инфекция түрлері туралы ресми мәлімдемені тек 5-маусым күні жариялады. Шын мәнінде, жұрт қорқып жатқан эпидемия бар ма? Біз анықтап көрдік.

Үкім: Жалған

Қазақстанда менингит эпидемиясы жоқ. Белгілі бір көрсеткіштердің мөлшерінен шыққанда ғана эпидемия пайда болады. Менингитке қатысты Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өз коэффициенттері бар:

  • Төменгі – жылына 100 мың тұрғынға 2 жағдайдан төмен
  • Орташа – жылына 100 мың тұрғынға 2-10 жағдай
  • Жоғары – жылына 100 мың тұрғынға 10 жағдайдан көп

ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов 2018 жылдың 4 маусымында баспасөз мәслихатын өткізіп, төмендегі мәліметті айтты: Қазақстанда 58 менингит оқиғасы тіркелді, оның 32-сі Алматы қаласында.

Егер бұл коэффициенттерді ДДСҰ-ның есептеуіне салсақ екі көрсеткіш те төмен болады: Қазақстан бойынша – 0,7, Алматы бойынша – 1,76. Яғни, жағдай эпидемиялогиялық емес.

Сонымен қатар, Біртанов соңғы алты жылда менингитпен ауырғандардың статистикасын келтірді. 2015 жылы ең көп ауырғандар саны – 424 адам тіркелген.

Жалған | Қазақстанда менингит эпидемиясы тарауда
ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараты бойынша. 2018 жылдың 4 маусымындағы мәлімет.

БАҚ-тың менингитке қатысты сол кездегі және қазіргі реакциясын салыстырсақ қызық.

Екі сайтты мысалға алып көрейік: nur.kz және zakon.kz.

Nur.kz ақпараттық порталында 2018 жылдың 5-маусымына дейін «менингит» атауы бар барлығы 57 материал жарық көрген. Оның ішінде 56 материал 2018 жылы жазылса, тек біреуі 2017 жылға тиесілі. 2015 жылы ол туралы мүлдем жазылмаған.

Zakon.kz сайтына келер болсақ, 2015 жылы менингит жайында 9 жаңалық берсе, 2018 жылы кем дегенде 84 материал жарық көрген.

Шешім өздігінен шығып тұр: егер бір оқиға туралы көп айтылса, ол ақпараттың рас екендігін білдірмейді. Редакция менингитке және одан болған адам өліміне қатысты ақпаратты тексеруді жалғастырады.

Журналист, фактчекер, фотограф. Автор factcheck.kz c 2017 года.

Factcheck.kz