“Tralalero tralala” немесе “Bombardino crocodilo” тіркестері қайдан шықты?

Кейінгі бірнеше күнде әлеуметтік желілерде итальян тіліндегі “Tralalero tralala” немесе “Bombardino crocodilo” тіркестері жайында түрлі пікірлер айтылып жүр. Журналист Дина Төлепберген мұны “ұрпақты діннен бездіру құралы десе, блогер Арман Юсупов “зиянсыз мультфильм сияқты көрінгенімен, мағынасы өте қорқыныштыдейді. Дина мен Арманның видеоларынан кейін қоғамда жаппай резонанс туып, бірі “TikTok-ты бұғаттау керек” десе, екіншісі “балалар видеолардың сөзіне мән бермейді, қорқатын дәнеңе жоқ” дейді. Factcheck.kz әлеуметтік желіні шарлап жүрген тіркестердің қайдан шыққанын әрі қаншалықты зиян екенін анықтап көрді.

Резонанс қайдан шықты?

TikTok-та, Instagram reels-та және YouTube shorts-та “Tralalero tralala” тіркесі қолданылатын ЖИ көмегімен жасалған түрлі видео бар, мәтіндері әртүрлі. Негізгі бейне ретінде Nike аяқ киімін киген үш аяқты акула көрсетіледі, дегенмен Nike брендіне мүлде қатысы жоқ. Бұл жерде резонанс тудырған бейненің өзі емес, аудиодағы сөздер. Мысалы “Tralalero tralala” тіркесі қолданылатын бір бейнеде ислам дініне қатысты тіркестер қолданылады. Кейін қазақстандық блогерлер мен журналистер, тіпті министрлік те араласа бастады.

Trallallero Trallalla, porco dio e porco Allah. Ero con il mio fottuto figlio merdardo a giocare a Fortnite, quando a un punto arriva mia nonna, Ornella Leccacappella, a avvisarci che quello stronzo di Burger ci aveva invitato a cena per mangiare un purè di cazzi.

“Tralalero tralala” тіркесі қолданылған видеоның резонанс тудырған сөздері

“Bombardino crocodilo” тіркесі де ЖИ көмегімен жасалған, тұмсығы қолтырауын ал денесі әскери ұшақ ретінде бейнеленген. Бұл тіркес қолданылатын видеода Палестина мен Газадағы жарылыстар және құдайға қатысты сөздер бар. Ал комментарийлерде халық жаппай қарсы шығып, видеоларды өшіруді талап етіп жатыр.

Un fottuto alligatore volante che vola e bombarda i bambini a Gaza e in Palestina. Non crede in Allah e ama le bombe.

“Bombardino crocodilo” тіркесі қолданылған видеоның резонанс тудырған сөздері

Видеоның не аудионың алғашқы дереккөзі бар ма?

ЖИ көмегімен жасалған “Tralalero tralala” видеосы алғаш 2025 жылдың басында жариялана бастады. CBC-дің жазуынша, ең алғашқы видео мысалдардың бірі @echino1246 атымен тіркелген TikTok қолданушысына тиесілі десе, ал аудионың өзі @eZburger401 атымен тіркелген адамға тиесілі дейді (1, 2, 3). Дегенмен екі аккаунт та TikTok-тан өшірілген, бірақ видеоның одан әрі тарауына тосқауыл бола алмаған. Ал X әлеуметтік желісінде “Tralalero tralala” деген аккаунт тіркелген, ең алғашқы постын 4 сәуірде жариялаған. CBC Kids news болса видеодағы кейбір тіркестің итальян тілінде айтылғанына күманмен қарайды.

Brainrot дегеніміз не?

Бұл видеолардың барлығы Brainrot терминіне жатады әрі ешқандай мән-мағына жоқ, эмоцияға басымдық беретін контентке кіреді. Ал “Brainrot” – 2024 жылы Oxford сөздігінде жыл сөзі деп танылды. Тікелей мағынасы “мидың шіруі” болса, Oxford сөздігі былай түсіндіреді:

Адамның психикалық немесе интеллектуалдық жағдайының нашарлауы, әсіресе қызығушылық тудырмайтын онлайн мазмұндағы материалды шамадан тыс тұтынудың нәтижесі ретінде қарастырылады.

Термин 2024 жылы танымал болғанымен ең алғаш 1854 жылы Генри Дэвида Тороның “Walden” кітабында қолданылған. Торо өз тұжырымдамасында қоғамдағы күрделі идеяларды қарапайым идеяның пайдасына шешуін сынайды әрі оны ақыл-ой мен интеллектінің құлдырауы деп бағалайды.

Министрлік не дейді?

Бұл туралы оқу-ағарту министрлігінің балалардың құқығын қорғау комитетінен ресми комментарий сұраған едік. Министрлік бұл ақпаратты бірден деструктивті контент деп бағалады. Бізге берген жауабына сәйкес, мұндай видеолар балалардың адамгершілік құндылықтарына кері әсерін тигізіп қана қоймай, агресив миінез-құлықтың қалыптасуына да ықпал етуі мүмкін. Сондай-ақ бұл жағдай балалардың психо-эмоционалдық саулығына да әсер етуі мүмкін дейді. Осыған байланысты қазіргі таңда заңнамалық базаны жетілдіру бойынша ұсыныстар дайындап жатқанын жеткізді. Министрлік аталған ұсыныстар бойынша шара қабылдау мақсатында мәдениет және ақпарат министрлігі мен ішкі ісетр министрлігіне жолдайтынын мәлімдеді. Сонымен қатар, ата-аналарға үндеу жариялады:

Құрметті ата-аналар! Балаларыңыздың әлеуметтік желілерде қандай контент көріп жүргеніне, кімдермен қарым-қатынаста екеніне және интернетте қандай тақырыптарды талқылайтынына ерекше назар аударыңыз. Баламен үнемі ашық сөйлесіп, оның сыни ойлау қабілетін дамытыңыз және зиянды ақпаратқа қарсы тұра алатындай дағдыларды қалыптастырыңыз. Егер күмәнді немесе күдікті контентті байқасаңыз — бұл туралы бірден құзырлы органдарға хабарлаңыз.

Ғылыми орта не дейді?

ДДСҰ тіркестер немесе Brainrot туралы әзірге ресми мәлімдеме жасамады. Дегенмен цифрлы технологияның адамның когнитивті және эмоцияналды жағдайына әрі миына әсер ету мәселелерін зерттеумен белсенді түрде айналысады. ДДСҰ ақпараты бойынша, мидың саулығы – когнитивті, сенсорлық, әлеуметтік-эмоционалдық, мінез-құлық белсенділігі мен қозғалыста ми қызметінің жұмыс істеу жағдайы. Ал мидың саулығына көп жағдайда физикалық денсаулық, салауатты орта, қауіпсіздік, білім алу және әлеуметтік байланыстар мен сапалы қызметтер тікелей әсер етеді.

Psychology Today журналының жазуынша, дәл қазір мидың саулығы ең маңызды әрі назар аударатын дүние. Себебі әлеуметтік желілерде шамадан тыс отыру, ұзықты-қысқалы видеоларды көру – адамның психикалық денсаулығы мен шешім қабылдау сияқты мидың функцияларына тікелей әсер етеді. Мидың саулығы әдетте 3 негізгі өлшеммен анықталады: ойлау, сезім және әрекет. Ал АҚШ-тың психикалық денсаулық орталығы Brainrot-тың жастардың психикалық денсаулығына әсері жайлы жаза келе, оған жол бермеу үшін кез келген адам экран алдындағы уақытын қадағалап әрі жауапкершілікпен қарауға кеңес береді.

Қорытынды

Байқап отырғанымыздай бұл жерде мәселе тек мем-видеода немесе оның мәтінінде ғана емес, адамның жалпы экран алдындағы уақыты мен түрлі смартфондарды шамадан тыс қолдану мидың саулығына тікелей әсер етеді. Зерттеулер көрсеткендей, жалпы интернетті ұзақ пайдаланудың өзі зейін мен есте сақтауға байланысты мидың функцияларына кері әсерін тигізеді. Сол үшін де адамзаттың сана алдындағы жауапкершілігі қазіргі таңда өте маңызды.

Ал жалпы “Tralalero tralala”, “Bombardino crocodilo” және тағы басқа тіркестер қолданылған видеоларды қарапайым TikTok қолданушылары ЖИ көмегімен жасаған. Кейбір видеолардың аудармасында дінге және Палестина мен Газадағы жарылыстарға қатысты сөздер айтылғаны рас. Алайда оның артында нақты қандай да бір саясаттың не мүдденің жатуы мүмкін деп бағалау қиын.

Журналист-фактчекер, медиа-тренер, 2017 жылдан бері Factcheck Kazakhstan жобасында қызмет атқарады, "Qazaq Travel" компаниясында SMM маманы қызметін атқарған, MediaNet халықаралық журналистика орталығында және Irex Europe жобаларында медиа-сарапшы

Factcheck.kz