Сиыр сүті денсаулыққа зиян ба?

Әлеуметтік желіде сиыр сүтінің әр түрлі ауруға душар ететіні туралы жазыла келіп, ешкі сүтінің пайдасы жайында ақпарат тарады. Хабарламада ірі қара сүті қант диабеті сынды ауруларға себепкер болуы мүмкін дейді. Оқырмандардың сұрауы бойынша Factcheck.kz ақпараттың рас-өтірігін тексерді.

Үкім: Манипуляция

Мұндай ақпарат алғаш тарап жатқан жоқ. Бұған дейін, дәлел болмаса да, сиыр сүтінің зияны мен одан пайда болатын аллергия туралы айтылған. Алайда Биотехнологиялық ақпараттың ұлттық орталығы (NCBI) ғылыми зерттеу нәтижесін жинастыра келіп, сүттің денсаулыққа зиян емес екенін дәлелдеген.

Аллергия туралы айтсақ, сиыр сүтіне ғана емес, ешкі сүтіне де болуы мүмкін. Және сиыр мен ешкі сүттері, кей жағдайларды ескермегенде, құрамы жағынан аса ерекшеленбейді. Десе де, балалардың сүтті тұтынуы – басқа тақырып.

Толығырақ төменнен оқыңыз.

Сиыр сүті денсаулыққа зиян ба?
Ел арасында тараған хабар

Ешкі мен сиыр сүті | Салыстыру

NCBI-дың жазуынша ірі қара сүті аталмыш өндірістің 83%-тін құрайды. Соңғы кезде басқа да жануарлардың сүтін өндіру артып келеді. Мысалы, енеке 13%, ешкі 2,3%, қой 1,4%, түйе 0,3% болған. Осыған дейін сиыр сүтінің зияндығы қоғамда қызу талқыға түсіп (әсіресе балаларға қатысты), ғалымдарды осы мәселені зерттеуге итермелеген. Нәтижесінде адам денсаулығына бұл өнімнің “ерекше” зияны бар екені дәлелденбеді. Кейде сиыр сүтіне болатын балалардың аллергиясы уақытша ғана. Ешкінікі сиырдыкіне қарағанда айқын тағамдық пайдасы жоқ және ол да айтарлықтай аллергия тудыруы мүмкін.

NСBI-дың келесі бір материалында жалпы сүттің адам бойында пайда болатын ауруларға әсерін тексерген.

Қолда бар ғылыми дәлелдер сүтті және сүт өнімдерін тұтыну диеталық ұсыныстарды сақтайтынын және ең көп таралған созылмалы аурулардан қорғай алатынын растайды, кері әсері өте аз.

NCBI

Бала денсаулығына пайдасы мен зияны

АҚШ-тың Ауруларды бақылау және алдын алу орталығының жазуынша, өсіп келе жатқан балаңызда сүйектерді қалыптастыру үшін D дәрумені, кальций мен минералдар қажет. Осыған сай, пастерленген сиыр сүтінде D дәрумені жеткілікті.

Балаңыз 12 айлығында (одан ерте беруге болмайды) байытылған сиыр сүтін іше алады. Оған дейін сүт өнімдерін тұтыну ішектен қан кету қаупіне әкелуі мүмкін. Педиатрлар балаларға кальцийге қажеттілігін қанағаттандыру үшін күніне 16-дан 24 унцияға дейін (2-3 стақан) сиыр сүтін ішуге кеңес береді.

Қосымша: Шикі сүт қауіпті болуы мүмкін

Дәрігерлер мен ғалымдар шикі сүт ішпеуге кеңес береді. Шикі сүтте көбінесе «тамақтан улану» деп аталатын тағамдық ауруларды тудыратын сальмонелла, листерия, кампилобактерия сияқты қауіпті бактериялар болуы мүмкін.

Пастерлеу 120 жылдан астам уақыт бойы қауіпсіз, қоректік заттарға бай сүт пен ірімшік өндіруге көмектесіп келе жатқанымен, кейбір адамдар пастерлеу өнімге зиянын тигізетінін алға тартып, шикі сүттің қауіпсіз әрі пайдалы деп санайды. Төменде сүт және пастерлеу туралы кең таралған мифтер мен дәлелденген фактілер келтірілген:

  • Сүтті пастерлеу лактозаға төзімсіздік пен аллергиялық реакцияларды тудырмайды. Екеуі де сүт протеиндеріне сезімтал адамдарда аллергиялық реакциялар оятуы мүмкін;
  • Шикі сүт қауіпті қоздырғыштарды өздігінен жоймайды;
  • Пастерлеу өнімнің тағамдық құндылығын төмендетпейді;
  • Пастерлеу шынымен-ақ зиянды бактерияларды жояды.

Фактчекер-журналист. Factcheck.kz сайтының шығарушы редакторы.

Factcheck.kz