Ораза ұстаған адамдардың рак клеткалары өле ме?

13 наурызда Іnstagram әлеуметтік желісіне dariger_azamat есімімен тіркелген қолданушы видео жариялап, автор «‎ұзақ ашыққан кезде қорек көзі сырттан түспейді, яғни адам тамақ ішпейді, қорек көзін алу мақсатында адамның мықты жасушалары, жанындағы әлсіз жасушаларды, мүмкін, рак клеткаларын жейді»‎ деді. Оның жазбасы материал жазылып жатқан тұста 31 мың лайк, 1 миллионнан астам көрілім жинап үлгерді.

Factcheck.kz редакциясы бұл ақпараттың қаншалықты рас екенін талдап көруді шешті.

Мәлімдеме: Ораза бойынша өте қызық факті. Адам ұзақ ашыққан кезде, тамақ ішпеген кезде, адамның жасушасы, қорек көзі сырттан түспейді, яғни адам тамақ ішпейді, ол қорек көзін алу мақсатында, өмір сүру мақсатында, мықты жасушалар, жанындағы әлсіз жасушаларды, рак клеткаларын, мүмкін, соларды жеп, солармен қоректенеді екен. Бұл құбылысты медицинада аутофагия деп атайды. Бұны алғаш болып 2016 жылы жапон академигі Ёсинори Осуми ашқан болатын. Осы құбылысты ғылымға түсіндіріп, ол Нобель сыйлығына ие болған. Ал мұсылман халқы ешқандай дәлелсіз-ақ, ораза ұстап, ораза тұтып, денсаулығын одан сайын арттыра түскен.

Үкім: Манипуляция

Аутофагия автор сипаттағандай қарапайым әрі оңай процесс емес. Оның үстіне ол толық зерттелмеген. Мысалы, ораза ұстаған адамда аутофагия процесі басталуы үшін қанша уақыт аш жүруі керек екені де анық емес. Жалпы аутофагияның ракқа қарсы пайдалану да толық зерттелмеген.

Бұдан бөлек, аутофагия процесінің басталуына тек ашығу емес, калорияларды азайту, диетаны түбегейлі өзгерту не физикалық күш түсіру секілді әрекеттер де әсер етуі мүмкін.

Жалпы ақпарат

Аутофагия — организмдегі жазушалардың өзін-өзі деградациялау процесі. 2020 жылы жарияланған «‎Аутофагияға шолу: механизмі, реттеуі және зерттеу барысы»‎ атты мақала авторлары мұны «‎Аутофагиямен байланысты геннен туындаған стресске бейімделу процесін білдіреді»‎ дейді. Яғни аутофагия әдетте аштық пен басқа да стресске организмнің реакциясы.

Аутофагия сөзі (Autophagy) гректің auto — «өзі» және phagein — «жеу» деген сөздерінен шыққан, тура мағынасында «өзін-өзі жеу» дегенді білдіреді. Автордың «мықты жасушалар, жанындағы әлсіз жасушаларды жейді»‎ дегені де қате.

Қарапайым тілмен айтсақ, аутофагия — жасушаның бүкіл энергия ресурстарын барынша тиімді пайдаланатын қайта өңдеу процесі. Бұл процесс кезінде жасуша өмір сүру үшін өзін өзі жейді. Мұның жақсы жағы — бұл «тірі қалу» процесі жасушалардың тиімдірек жұмыс істеуіне себеп болуы мүмкін.

«Аутофагия: жасушалық және молекулалық механизмдер» зерттеуінің авторлары бұл процесстің қате қатпарланған я болмаса біріктірілген ақуыздарды жою кезінде, митохондрия, эндоплазмалық ретикулум және пероксисомалар сияқты зақымдалған органеллаларды тазарту кезінде және жасушаішілік патогендерді жоюға көмектеседі дейді. Осылайша, аутофагия әдетте өмір сүру механизмі ретінде қарастырылады.

Аутофагия мен ісіктің арасында байланыс бар ма?

Аутофагия процесін бастау үшін жасушаларыңызды «тірі қалу» режиміне өткізіп, стресске түсіре аласыз. Стрессті «қолдан жасау» үшін ашығуға, колорияны шектеуге, майы көп, көмірсуы аз диетаға көшуге немесе физикалық күш түсіретін жаттығулар жасауға болады.

Кейінгі жылдары ғалымдар аутофагияның маңызды рөл атқара алатынын анықтады. Мысалы, зерттеулер аутофагияның бұзылуы диабет, жүрек аурулары, бүйрек пен бауыр т.с.с. байланысты екенін байқаған. Сонымен қатар аутофагия проблемалары да қатерлі ісікпен байланысты. Жасушада жиналатын «қоқыс» жасушаның генетикалық материалында не ДНҚ қателерінің қаупін арттыруы мүмкін.

Бірақ, аутофагия аурудың алдын алу я болмаса емдеу амалы емес. Мысалы, кейбір зерттеулер аутофагияның рактың ерте кезеңдерінде ісіктің пайда болуына жол бермейтінін көрсетті. Басқа зерттеулер аутофагия ісік жасушаларының тиімдірек жұмыс істеуіне көмектесу арқылы оның өсуіне әсері барын байқатты.

Аутофагия мен ораза

Сарапшылардың сөзінше, ораза секілді ашығу процесі расымен аутофагияның басталуына әсер етуі мүмкін. Бірақ, мәселе басқада: адамдарда аутофагияның басталуы үшін қанша уақыт ашығу қажет екені анық емес. Мысалы, Кембридж университетінің және Британдық деменцияны зерттеу институтының молекулалық нейрогенетика профессоры Дэвид Рубинштейн «Біз ашығудың пайдалы екенін білсек те, оң нәтиже көру үшін адамдар қанша уақыт ашығуы керек екенін білмейміз» деген. Оның айтуынша, тышқандардың миына әсер 24 сағаттық аштықтан кейін басталса, бауыр сияқты басқа органдарда тезірек байқалған.

Тағы басқа жануарларға жүргізілген зерттеулер аутофагия ашығудың 24-48 сағат арасында басталуы мүмкін екенін көрсетеді. Дей тұрғанмен, адамның аутофагиясын тудыратын нақты уақыт туралы жеткілікті зерттеулер жоқ.

Ёсинори Осуми

2016 жылы Ёсинори Осуми аутофагия негізінде жатқан механизмдерді ашып, түсіндіргені үшін Нобель сыйлығын алғаны рас. Nobelprize.org сайтында «Оның ашқан жаңалықтары аштыққа бейімделу не инфекцияға жауап сияқты көптеген физиологиялық процестердегі аутофагияның маңызын түсінуге жол ашты. Аутофагия гендерінің мутациялары ауруды тудыруы мүмкін және аутофагия процесі бірқатар жағдайға, соның ішінде қатерлі ісік пен неврологиялық ауруларға қатысады» деп жазылған.

Factcheck.kz