«Күзде болатын пандемия, құпия пластырь-екпе»: видеоны талдаймыз

Маусым айында WhatsApp мессенджерінде «екпе егетін пластырь» туралы видео тарады. Бейнеролик әлдебір әйелдің күзде жаңа пандемия басталады деген мәлімдемесінен басталады, ол жаңаша екпені салу үшін Украинаға пластырь жеткізілді дейді. Айтуына қарағанда, пластырь көмегімен адамдардан рұқсат сұрап жатпай-ақ, құпия егетін көрінеді. Осыдан кейін видео үзіледі де, бірнеше иллюстрациядан кейін ер адамның дауысы естіледі. Ол екпесі бар пластырь мен оның тиімділігі туралы айтып, артынша мұны дәріханада қарапайым пластырь орнына беріп жіберуі мүмкін деп қорқытады. 

Кең тараған видео

Factcheck.kz редакциясы видеодағы тұжырымды тексеріп көрді. 

Үкім: Фейк

Дәлірек айтсақ, 2023 жылы теріске шығарылған зомби фейк. Видео долбар мен манипуляцияға құрылған. «Алда келе жатқан пандемия», «Украинаға жеткізілген пластырь», «құпия егу» деген негізгі идеяның ешбіріне нақты дәлел жоқ. Ал пластырь көмегімен егу технологиясы қазіргі сәтте әлі де сынақтан өту кезеңінде. 

Бұл видеоны Балтық жағалауы елдерінің Re:Baltica журналистік зерттеу орталығы да тексеріп, ондағы тұжырымдарды жоққа шығарды.  

Видео қайда және қашан пайда болды? 

Әлеуметтік желіде тарап жатқан видеода кадрдың төменгі жағында prometey_7 Telegram арнасының атауы көрсетілген. Осы ілікті пайдаланып, жарияланымды таптық: бейнеролик 2023 жылдың 6 тамызында жүктеліпті. Бұл арна денсаулық, екпе және әлемдік қастандық теориясы тақырыбында конспирологияға құрылған материалдарды тұрақты жариялайды. Алғашқы дереккөзде жазба 8400 рет қаралған. Видео басқа ресурстарда, соның ішінде WhatsApp мессенджерінде тарағаннан кейін танымал болған.

Видеодағы бастапқы көріністі бірінші болып таратқан әрі кадрда сөйлейтін —  блогер Гаяне Чахоян, ол пандемия және Украинаға әкелінді дейтін пластырь туралы видеоны өзінің TikTok-тағы аккаунттарының бірінде 2023 жылдың 3 тамызында жариялаған. Ролик 1,3 млн рет қаралған. Чахоян өзін бизнес саласындағы коуч ретінде көрсетеді және жарияланымдары негізінен «табыс философиясы», криптовалюта, желілік маркетинг, сату төңірегінде. Әйтсе де, ара-тұра саясатқа қатысты ой-пікірін айтып, конспирологиялық көзқарасын да жиі көрсетіп тұрады.  

Нақты пластырь туралы айтылатын видеоның екінші бөлігіне келсек, оның алғаш қайда жарияланғанын таппадық. Ашық айналымда біз тексеріп отырған видеоның бір бөлшегі ретінде ғана тараған. Іздеудің қиынға соғу себебі, видео басқа дереккөзден, ал суреттерден тұратын слайдшоу басқасынан алынғаннан болуы мүмкін. 

Видеодағы тұжырымда қандай қате бар?

Біріншіден, эпидемия жариялауға қоздырушының мутацияға ұшырауынан бастап, адамдардың жүріс-тұрысы мен қоршаған орта жағдайына дейінгі көптеген фактор әсер ететіндіктен, оның қашан басталатынын нақты айту мүмкін емес. Біз тексеріп отырған видео осы фактіге жақсы дәлел бола алады. Автордың долбары бойынша пандемия болады деген 2023 жылдың күзі өтіп кетті, бірақ ол уақытта ешқандай пандемия болған жоқ. 

Екпе сатып алу дерегін әлдебір пандемиямен байланыстыруға тырысу себеп пен салдарды ауыстырудан туып отыр. Мұндай дәйек 2022 жылы маймыл шешегі өршіген кезде де айтылған. Сол кезде әлеуметтік желіде АҚШ-тың қолында екпе қоры бар, ендеше ауру тарату алдын ала жоспарланған десті. Ал негізінде, британдық The Independent басылымы жазғандай, екпенің болуы сөз байласу емес, қалыпты стратегиялық қор жасау тәжірибесі.

«Екпені алдын ала дайындап жатса, демек, бірдеңені жасырып отыр» деген тұжырым — классикалық конспирология мысалы. Бұлай ойлау негізгі қисынды бұзады. Екпе қауіп пайда болғаннан кейін содан қорғану құралы ретінде пайда болады және оны сол қауіптің алдын алу үшін сатып алады. 

Видео жарияланған 2023 жылы Украинаға пластырь түріндегі екпе әкелінгеніне де ешқандай дәлел жоқ. Тіпті қазірдің өзінде мұндай технология әлі клиникалық сынақ кезеңінде. 

«Құпия егуге» келсек, бұл бар болғаны қастандық теориясы. ҚР Денсаулық туралы кодексіне сәйкес, профилактикалық екпелер міндетті және ерікті болып бөлінеді. Екі жағдайда да медицина қызметкері екпе алатын адамға немесе оның заңды өкіліне профилактикалық екпе, оның ықтимал теріс әсері мен екпеден бас тартудың салдары туралы толыққанды және объективті ақпарат беруге міндетті. Әрі ата-ана балаларына екпе салдырудан бас тарта алады

Көпинелі екпесі бар пластырь

Көпинелі екпесі бар пластырь — үстіңгі қабатына ұсақ ине жапсырылған (микроинелер) шағын пластырь көмегімен екпе егудің салыстырмалы түрде жаңа түрі. Бұл инелер еритін материалдан тұрады және оның құрамында екпе болады. Теріге жапсырған кезде үстіңгі қабатындағы инелер денені ауыртпай теседі де ериді, сөйтіп екпені эпидермис қабатында орналасқан иммундық тінге жеткізеді. 

Еритін инесі бар екпе пластырьлары 15 жылдан бері сынақтан өтіп жатыр. 2010 жылы АҚШ-тағы Эмори университеті мен Джорджия университетінің ғалымдары тұмауға қарсы екпесі бар еритін полимерлі көпинелі пластырьды тышқандарға сынап көру табысты жүргенін хабарлаған болатын. 2015 жылы осы университеттердің зерттеушілері пластырьды 100 адамға салып сынақтан өткізіп, олар тиімді және қауіпсіз деген шешімге келді (1, 2). Сол жылы Осака университетінің ғалымдары тұмауға қарсы еритін көпинелі гиалурон қышқылынан жасалған пластырьды 40 ересек адамға сынап көріп, пластырь кәдімгі екпе сияқты, ал жекелеген жағдайларда одан да жоғары иммунитет қалыптастырды деген қорытынды жасады (1, 2). Айтпақшы, видеода пайдаланылған пластырь дәл осы зерттеуден алынған. 

«Күзде болатын пандемия, құпия пластырь-екпе»: видеоны талдаймыз
Иллюстрация: Shinsaku Nakagawa

Бұл мысалдардың бір парасы ғана. Қазір көпинелі пластырьлар неше түрлі аурудың алдын алатын екпе егу үшін клиникалық сынақтан өтіп жатыр. Мәселен, адамдарға сынап көру кезінде қызылшаға қарсы екпе жақсы нәтиже көрсеткен. Ал COVID-19-ға келсек, Массачусетс технология институты, Гарвард университеті және Швейцариядағы федералдық технология институтының ғалымдары зерттей келе, тышқандар арасында SARS-CoV-2 вирусына қарсы пластырь түріндегі екпе иммунитет қалыптастыру жағынан бұлшықетке салынатын мРНК екпесі сияқты күшті нәтиже көрсеткенін хабарлады. 

Әзірге мұндай пластырьлар қолданыста жоқ, ДДСҰ мақұлдауынан өтпеген және жаппай шығарылмайды. 

Фактчекер, ищу истину и точные данные

Factcheck.kz