WhatsApp мессенжерінде Ұлыбританияда кәрілікке салық салынатыны туралы видеоролик тарады. Видеода кадр сыртындағы диктордың даусы 75 жасқа жеткен зейнеткерлерге эвтаназия (ерікті түрде өмірін тоқтату) ұсынылатынын айтады. Егер адам бас тартса, оларды асырау міндеті туыстарына өтеді және олар мемлекетке арнайы салық төлеуге тиіс болады дейді. Бұған қоса, эвтаназиядан бас тартқан зейнеткердің мұрасының 50%-і мемлекет меншігіне өтеді, ал эвтаназияға келіссе, туыстарына ақшалай сыйақы беріледі-мыс. Автор осы мәліметтерге сүйене отырып, зейнеткерлердің туыстары оларды эвтаназияға көндіруге мүдделі болады деген қорытынды жасайды.
«Туыстары, бәлкім, көндіруге тырысатын шығар: 75 жасқа дейін өмір сүрдің — болды, жеткілікті, қош бол, сені асырауға ақшамыз жоқ, сондықтан қоштасамыз. Мұны “The Telegraph Post” деген газетте жазған. Конспирологтар тексеріп үлгеріпті. Парламентте көпшілік бұл ұсынысты қолдаған. Тағы бір жайт — еуропалық саясаткерлер бұл идеяны әрқайсысы өз елінде жүзеге асыру үшін бейресми келісімге келген», — дейді видеодағы адам.
Factcheck.kz редакциясы бұл ақпараттың рас-өтірігін тексерді.
Үкім: Жалған
Бұл ақпараттың шындыққа қатысы жоқ. Ұлыбританияда 75 жаста эвтаназия ұсыну, одан бас тартқандарға салық салу немесе эвтаназияға келіскендерге сыйақы беру жоспарда жоқ. Англия мен Уэльсте эвтаназияны заңдастыру туралы заң жобасы әлі қабылданбаған және оның мазмұны мүлде басқа. Бұл жалған жаңалықтың әртүрлі нұсқасы бұрыннан бар және оны Reuters, Myth Detector, Euronews және Delfi сияқты ақпарат құралдары жоққа шығарған.
Толығырақ
WhatsApp-та таралған видеода TikTok желісіндегі @aliona.tanase1 аккаунтының аты мен логотипі көрінеді. Видео (архив) 12 сәуірде жарияланған, алайда онда қолданылған дауыс екі күн бұрын жарияланған басқа бір қолданушы — maryna.m78-ге тиесілі. Видеода естілетін дәл осы дауыс.
Бұл қолданушы жалған ақпаратты YouTube желісінде 2024 жылғы 18 желтоқсанда жарияланған Екатерина Коваленконың видеосынан алған болуы мүмкін. Коваленко өзін әлеуметтік-саяси шолушы ретінде таныстырады, YouTube-та 350 мыңнан астам, Instagram-да 200 мыңнан астам, ал Telegram-дағы «Коваленко. Новый мировой порядок — сопротивление» атты арнасында 125 мыңнан астам жазылушысы бар.
Ол өз сөзінде «кәрілік салығы» туралы ақпаратты нақтыламай, конспирологиялық сайттарға және британдық «The Telegraph» басылымына сілтейді.
Алайда бұл жалған ақпарат 2024 жылғы 5 желтоқсанда жарияланған The People’s Voice (бұрынғы News Punch) атты америкалық конспирологиялық сайттағы мақалаға негізделген. Бұл сайттың мақаласы екі аптадан кейін Reuters агенттігі тарапынан жоққа шығарылған.
Мақалада «Ұлыбритания үкіметі егде жастағы туыстарын эвтаназияға көндірген отбасыларға ақшалай сыйақы береді» делінген. Олар The Telegraph газетінің 4 желтоқсандағы мақаласына сүйенген. Бұл мақалада эвтаназияны заңдастыру жағдайында мұрагерлікпен берілетін зейнетақыға салық салу жүйесі талқыланған.
Ұлыбританияда егер қайтыс болған адам 75 жасқа толмаса, оның зейнетақысын туыстары салықсыз мұрагерлікке ала алады. The Telegraph сарапшыларға сілтеме жасай отырып, бұл ереже өлім аузында жатқан адамдарды моральдық және қаржылық дилеммаға тіреуі мүмкін екенін талдайды және өлуіне 6 айдан аз уақыт қалған адамның күйін сипаттайды (ал бұл міндетті шарттардың бірі): өмір сүре ме, әлде отбасына жүздеген мың фунт үнемдей ме?
Алайда The Telegraph газеті ешқашан үкіметтің қандай да бір бонустар ұсынатынын жазбаған. Мұндай мәлімдеме Ұлыбритания үкіметінің ресми сайттарында да жоқ.
The People’s Voice басылымының тақырыбы жаңылыстырады, деп жазады Reuters фактчекерлері. Мәтіннің қалған бөлігі негізінен The Telegraph мақаласында айтылған тезистерді қайталайды, тек соңында эвтаназияны заңмен тыйым салу керек деген өз пікірін қосады.
Англия мен Уэльсте эвтаназияны заңдастыру туралы заң жобасы әлі ресми түрде қабылданған жоқ. 2024 жылғы қарашадағы парламенттегі дауыс беру бұл құжатты қабылдауға бағытталған маңызды қадам болғанымен, заң күшіне енбестен бұрын бірнеше кезеңнен өтуге тиіс. Сонымен қатар, бұл заң жобасы мүлдем қабылданбай қалуы да мүмкін.
Кейін The People’s Voice-та жарияланған ақпарат одан сайын бұрмаланған, бұл әсіресе орыс тіліндегі интернет-сегментте көбірек байқалады (1, 2, 3, 4, 5, 6). Мысалы, кейбір материалдарда: үкімет 75 жасқа толған қарттарға эвтаназияны «ұсынады», одан бас тартқан жағдайда туыстары салық төлейді, ал келіссе – ақшалай сыйақы алады деген жалған мәлімдемелер айтылған. Сондай-ақ, эвтаназиядан бас тартқан адамның мұрасының жартысы мемлекетке тиесілі болады деген жалған ақпарат тарады. Алайда, Ұлыбританияда мұраға салынатын салық бұрыннан бар және оның эвтаназияға ешқандай қатысы жоқ.
Ұлыбританияда мұраға салынатын салықтың стандартты мөлшерлемесі – 40%. Бұл салық адамның 325 мың фунт стерлингтен асатын мүлкіне салынады. Сонымен қатар, салықтық жеңілдіктер мен босатулар сияқты түрлі ерекшеліктер бар. Бұл туралы толығырақ Ұлыбритания үкіметінің ресми сайтынан білуге болады.
Қорытынды
Ұлыбритания үкіметі қарт адамдарға эвтаназияны ұсынбақ емес, сондай-ақ келісім бермегені үшін жазалау немесе келіскені үшін марапаттау жоспары жоқ. Қазіргі таңда Англия мен Уэльсте қаралып жатқан ассистирленген (қолдау арқылы жүргізілетін) эвтаназия туралы заң жобасы адамның жасына емес, оның жазылмайтын ауруға шалдығып, алдағы алты ай ішінде өмірден өтетіні дәлелденген жағдайларға қатысты. Эвтаназия туралы шешім тек адамның өз еркімен, ақыл-есі толық, саналы түрде, ешқандай қысымсыз қабылдануға тиіс. Заң жобасының қазіргі нұсқасында шешім қабылдамас бұрын екі тәуелсіз дәрігердің және заңгер, психиатр мен әлеуметтік қызметкерден құралған комиссияның қорытындысы қажет екені де көрсетілген.