ДДСҰ-ның деректеріне сәйкес, әлемде шамамен әр сегізінші адам психикалық бұзылыстардан зардап шегеді. Сонымен қатар кейбір елдерде ауыр психикалық бұзылыстарға шалдыққан адамдардың 90%-ке жуығы ешқандай қолдау алмайды.
Қазақстанда Республикалық психикалық денсаулық орталығының деректеріне сәйкес, 1 ақпандағы жағдай бойынша психикалық және мінез-құлықтық бұзылыстары бар 296,7 мың адам динамикалық бақылауда тұр. Алайда елдегі ПМБ бар адамдардың нақты саны бұдан көп болуы мүмкін, себебі ақпараттың жеткіліксіздігі мен әлі күнге дейін бар стигматизация салдарынан көп адам көмекке жүгінбейді.
Қазақстанда психиатриялық көмек қаншалықты қолжетімді және оны қалай алуға болады? Бұл мәселені адам құқықтары саласындағы сарапшы Галина Деревенченко талдап көрді.
МӘМС, ТМККК немесе ЕМС
Жақсы жаңалығы – психиатриялық көмек алу үшін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) болуы міндетті емес. Бұл тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің (ТМККК) аясында тегін көрсетіледі, өйткені психикалық және мінез-құлықтық бұзылыстар (оның ішінде депрессия, мазасыздық, тамақтану бұзылыстары және т.б.) әлеуметтік маңызы бар аурулар қатарына жатады.
Әлеуметтік маңызы бар аурулар тізіміне аурулардың халықаралық классификациясының оныншы нұсқасына (АХК-10) сәйкес F00-F99 кодтарына кіретін барлық психикалық және мінез-құлықтықтағы бұзылыстар жатады.
Көмек Қазақстан аумағында тұратын барлық адамға көрсетіледі және диагностика мен емдеуді қамтиды, оның ішінде аурухана жағдайында да солай. Көмек көрсету тәртібі психикалық денсаулық саласындағы медициналық-әлеуметтік көмек стандартымен реттелген.
Егер адам динамикалық бақылауда (бұрынғы «психиатриялық есеп») тұрса, белгілі бір дәрі-дәрмектерді тегін алуға болады. Есепке созылмалы және бақылауды қажет ететін жағдайларда қояды.
Ерікті медициналық сақтандыру (ЕМС) жағдайында, мысалы «Еуразия» және Alatau Assistance сақтандыру компанияларында психиатриялық көмек медициналық қызметтер пакетіне мүлдем кірмейді. Яғни бұл көмек тек мемлекеттік деңгейде, ТМККК аясында ғана көрсетіледі, жекеменшік түрде алу мүмкін емес.
Мемлекеттік орталықтарда қандай қосымша көмек бар
Кейбір Психикалық денсаулық орталықтарында (ПДО) психосоматика бөлімшелері жұмыс істейді. Мұнда депрессиядағы, суицидтік әрекеттен кейін немесе өзін зақымдау белгілерімен келген адамдар жатқызылады. Ем тек дәрі-дәрмекпен шектелмей, психологпен жұмысты да қамтиды. Мұндай жағдайда есепке қойылмайды. Қабылдауға өз еркімен немесе бейінді маманның жолдамасымен баруға болады. Бірақ көмек тек тұрғылықты жері немесе нақты орналасқан жері бойынша ғана көрсетіледі.
ПДО-да конфиденциалды қабылдау қарастырылған: мысалы, алкоголь тәуелділігімен күресте науқастың атының орнына жеке коды көрсетілуі мүмкін. Сондай-ақ Психикалық денсаулық орталықтарында ақылы қызметтер де бар — егер адам көмекті күту, жолдама алу, есепке тұрусыз әрі аноним түрде алғысы келсе мұны да пайдалана алады.
Психикалық денсаулыққа қатысты мәселелер бойынша 3580 нөміріне қоңырау шалу арқылы ақпарат алуға болады — бұл Психикалық денсаулықты қорғау бойынша Бірыңғай ақпараттық қызметі, жұмыс уақыты дүйсенбі-жұма күндері сағат 9:00-ден 17:00-ге дейін (қоңырау тегін). Сондай-ақ Республикалық ПДО сайты арқылы психологтан тегін кеңеске жазылуға болады. Материалды дайындау кезінде @Mental_SupportBot Telegram-боты жұмыс істемеген.
Суицидтік мінез-құлық күшейген жағдайда ауруханаға жатқызу жедел жәрдем арқылы немесе қабылдау бөлімшесіне өз еркімен келгенде жүзеге асырылуы мүмкін. Республикалық және өңірлік ПДО сайттарынан call-орталықтар мен сенім телефондарының нөмірлерін табуға болады. Балалар мен жастар үшін 150 нөмірі бойынша Ұлттық сенім телефоны жұмыс істейді.
Жастар денсаулық орталықтары (ЖДО) да психикалық мәселемен айналысады. Олар 10-нан 18 жасқа дейінгі балалар мен жастарға психиатрия және балалар психиатриясы (наркология, психотерапия, суицидология және жалпы психологиялық әл-ауқат) бағыттары бойынша диагностика, реттеу және кеңес беру түрінде тегін көмек көрсетеді. ЖДО-да көмек бастапқы медициналық-санитариялық көмек мамандарының жолдамасымен немесе өз еркімен жүгіну арқылы алынады. 16 жасқа дейінгі балалар тек ата-анасының жазбаша келісімімен қызмет ала алады.
Психологиялық қолдау орталықтарында (ПҚО) психикалық қолдау тегін көрсетілуі мүмкін. Қазіргі уақытта Республика бойынша осындай 20 орталық жұмыс істейді. Психикалық денсаулық орталықтары мен ПҚО арасында ынтымақтастық туралы меморандум жасалған, соның аясында олар бір-біріне өтініш білдірген адамдарды, оның ішінде суицидтік мінез-құлық және психобелсенді заттарды қолдану мәселелері бойынша бағыттай алады.
Анонимділікті, заманауи әдістермен жеке көзқарасты қалайтын адамдар жеке орталықтарға жүгіне алады. Мұндай орталықтарды таңдағанда, сапасыз көмек алу қаупін болдырмау үшін оларды мұқият тексеру қажет.
Іс жүзінде психиатриялық көмек
Биыл ақпанда депутат Айна Мусралимова психиатриялық көмек саласында кадр тапшылығы туралы айтты. Оның айтуынша, Қазақстанда 368 маман жетіспейді, олардың ішінде: 83 психиатр-дәрігер, 69 балалар психиатры, 81 психотерапевт, 60 психолог және 75 әлеуметтік қызметкер. Сонымен қатар, Мусралимова бұл көрсеткіштер төмендетіліп көрсетілген деп күдіктенеді.
Норматив бойынша бекітілген штат саны мамандарға үлкен жүктеме артады. Мысалы, психикалық денсаулықтың бастапқы орталығындағы бір учаскелік психиатр-дәрігерге (немесе наркологқа) 20 мың адам, ал бір балалар психиатрына, психотерапевтке, психологқа немесе әлеуметтік қызметкерге 60 мың адамнан келеді.
«Қорғау Астана» дағдарыс орталығының басшысы Анна Рыльдің айтуынша, шын мәнінде психиатриялық көмекті алу қоғамның осал топтарына өте қиын. «Көшедегі адамның» психиатрға қаралуы, егер тіркеуде болмаса, мекенжайы және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруы (МӘМС) жоқ болса – мүмкін емес.
«Біз тұрғылықты жері жоқ, зорлық-зомбылық көрген, психикалық және мінез-құлықтық бұзылыстары бар адамдарға жиі көмек көрсетеміз. Біз, бөтен адамдар, олардың тіркеуін және емханаға тіркелуін ұйымдастырамыз. Егер адам Психикалық денсаулық орталығына өзі жүгінсе, одан терапевттен жолдама сұрайды. Әдетте, ұзақ уақыт бойы заттарды қолданғаннан немесе зорлық-зомбылықтан кейін санасы әлсіреген мұндай адамдарда бұл әрекеттерге күші де, мүмкіндігі де болмайды. Егер бұл – шетелдік азамат болса, онда ЖСН керек. Бірақ олардың бәрінде ЖСН бола бермейді», — дейді Анна Рыль.
«Бізде ұзақ уақыт бойы зорлық-зомбылық көрген әйел өзгеше күйге түсіп, өзіне немесе баласына зиян келтіруі мүмкін болған жағдай болды — біз жедел жәрдем шақырдық. Бұл – жолдамасыз және тіркеусіз ауруханаға жатқызудың жалғыз «жеңілдетілген» жолы. Бұл тәсіл тек дағдарыс жағдайында ғана қолданылады. Психиатрға қолжетімділік тікелей болуы керек. Адам келіп, көмек алуға тиіс. Қазір Психикалық денсаулық орталығының қабылдауынан ары өте алмайды, себебі оған жолдама, тіркеу және нақты қай дәрігерге келгенін білуі керек. Оның үстіне дәрігер оны қабылдауға келісуі қажет», — деп жалғастырады ол.
Осы материалдың авторы Алматы қаласындағы Психикалық денсаулық орталығына (ПДО) консультацияға жазылуға әрекет жасағанда, одан қай емханаға тіркелгенін және тіркеуі бар-жоғын сұраған. Егер тіркеу болмаса, Республикалық психикалық денсаулық орталығына жүгіну ұсынылған. Бірақ Республикалық орталықта да психиатрдың консультациясына жолдамасыз жазылу мүмкін емес.
Психиатриялық көмекке жүгінуге қоғамдағы психикалық денсаулыққа қатысты стигматизация да әсер етеді. БАҚ-та әлі де «психушка» немесе «псих» деген сөздер қолданылып жатады (1, 2, 3).
«Бізде сауат өте төмен деңгейде, психиатрдан ем қабылдаудан қорқудың қажеті жоқ. Шетелде көптеген адам жылдар бойы ем қабылдайды, дәрі-дәрмек қабылдайды, ремиссияда жүріп, жұмыс қабілетін сақтап, психиканың ғана емес, адамның тұлғасының да жойылуына жол бермейді. Халық арасында психикалық денсаулық орталықтарын әлі де «психбольница» деп атайды, ал есепке қою — адамдардың көмекке жүгінуін ең соңғы сәтке дейін кейінге шегереді», — дейді Анна Рыль.
Оның сөзінше, есепке қою адамдарды қорқытады, өйткені ол бірқатар салдарға әкеледі: мысалы, құқықтарды шектеу (жүргізуші куәлігін алу, кейбір жұмыс орындарына орналасу үшін есепте жоқ екендігі туралы анықтаманы талап ету) және есептен шығу процедурасы күрделі. Мұның өзі әлеуметтік оқшаулануға және стигматизацияға әкеледі.