Фавипиравир | Дәріні зерттеудегі қайшылықтар

Шілденің басында Қазақстандық және Ресейлік бірнеше БАҚ коронавирусқа қарсы “Авифавир” атты дәрі туралы жазды. Бұл Ресейдің тікелей инвестициялар қоры (РТИФ) “ХимРар” компаниясымен бірлесе отырып “Фавипиравир” негізінде жасаған дәрі. Авифавир (сатылымдағы атауы) 29 мамыр күні Ресей Федерациясы Денсаулық сақтау министірлігінің тіркеу құжатын алған және бүгінде бірнеше елге экспорттау жоспарланып отыр.

Factcheck.kz бұл дәрі жөнінде қандай зерттеулер жүргізіліп жатқанын, оның құрамы мен нақты әсері жөнінде шағын шолуды назарларыңызға ұсынады. Дендеріңіз сау болсын!

Ескерту: Коронавирусты емдеу кезінде көптеген дәрі тексеріс пен клиникалық зерттеуден өтіп жатыр. Фавипиравирдің әсерін бірқатар мемлекет оң бағаласа, енді бірқатары теріс баға беріп отыр. Зерттеу әлі әлемдік деңгейде болмаған және ДДСҰ дәрінің тиімділігін растамаған. Ауру барысында кез-келген дәріні өз бетіңізше пайдалану денсаулығыңызға ғана емес, өіміріңізге де қауіпті болуы мүмкін.

Дәрі туралы жалпы түсінік

“Фавипиравир” дәрісі алғаш Жапонияда жасалып, 2014 жылдан бері шығарылады. РТИФ басшысы Кирилл Дмитриевтің айтуынша “Фавипиравирдің” қазіргі түрі – жапондық дәріден “сәл-пәл өзгертілген” нұсқасы. РТИФ-тің жазуынша дәрі барлық клиникалық тексерістерден өтіп, тиімділігі 80%-тен асқан.

РТИФ сайтында РФ Денсаулық сақтау министрлігінің коронавирусты емдеу, алдын алу және бағамдау дәрігерлерге арналған нұсқаулығына енгізілгені туралы жазылған. Біз мұны тексеріп көрдік. Шынымен-ақ бұл құжаттың жетінші басылымында фавипиравирді коронавирустан емдеу дәрілерінің бірі ретінде жазған (58-бет). Дәріні дәрігердің нұсқаулығымен және бақылауында ғана қабылдауға болады. Құжатта көрсетілген теріс көрсеткіштерге көз жүгіртсек- бауыр жетіспеушілігінен зардап шегіп жүргендер мен аяғы ауыр әйелдерге үзілді-кесілді тыйым салынған. Себебі бала жатырда шетінеуі немесе ұсқынсыз боп тууы мүмкін. Туу мүмкіндігі бар әйелдер бұл дәріні ішіп жүрсе, немесе қабылдағаннан кейінгі жеті күнде контрацепцияның ең сенімді түрін пайдалану керектігі жазылған.

Жапониялық “Фавиправирді” талдасақ

Алғашында Жапонияда жасалғанда дәрінің негізгі міндеті – тұмаумен күрес. Препарат – Fujifilm Toyama Chemical компаниясының өнімі. Бірақ дәріні жаңа вирус түрі пайда болғанша не басқа дәрілер әсер етпеген жағдайда пайдалану үшін дайындап қойған. Яғни ол еркін сатылымда жоқ және тек төтенше жағдайға арналған.

Favipiravir.png
Фавипиравирдің химиялық структурасы

Фавипиравир – РНҚ вирусына қарсы белсенділігі бар пиразинекарбоксидті дәрі. Фавипиравир негізгі ферменттердің көмегімен рибофуранозил-трифосфатқа айналады және тұмау вирусының РНҚ-ға тәуелді полимеразасын іріктеп тежейді. Бұл дәрі тұмаудың төзімді жағдайларында терапевтік мақсатта қолдануға мақұлданған модификацияланған пиразиннің аналогы.

Фавипиравир құс тұмауын емдеуде жақсы нәтиже көрсеткен және нейрамидаза тежегіштерінде төзімді тұмау штамдарына балама болуы мүмкін.

Фавипиравир препарат ретінде әрекет етеді. Белсенді фавипиравир RTP-ға айналып, жасушаішілік рибосилдену мен фосфорланудан өтеді. Оның RTP-сі РНҚ-ға тәуелді және РНҚ полимеразасымен (RdRp) байланысады да кейін ингибирлейді. Нәтижесінде А19 вирустық транскрипциясы мен репликациясының алдын алады.

Бұған дейін Фавипиравир Эбола, Ласса сынды вирустардан емдеу үшін пайдаланылған. Қазір Covid-19 жұққан адамдарға қалай әсер ететіні туралы әр қилы зерттеулер жүргізіліп жатыр. Бірақ нақты, тікелей коронавирусқа қарсы тиімділігі туралы әлдене айтуға ерте және тағы бірқатар тексерістен өтуі керек.

Әр ел өздігінше зерттеу жүргізіп жатыр

Шілденің басындағы жаңалықтарға сай Жапония бұл дәрінің коронавирусқа әсері туралы зерттеудің үшінші фазасында болған. Кейін 10 шілдеде Kyodo агенттігі Жапония медицина университетінің зерттеу қорытындысы туралы ақпарат таратты.

Зерттеу нәтижесіне сенсек, ауру жұқтырғандардың алғашқы кезеңінде дәрі өз тиімділігін дәлелдей алмаған (Сынаққа 89 адам қатысқан). Бұған байланысты “ХимРар” директорлар кеңесінің төрағасы Андрей Иващенко бірден пікір білдіріп, зерттеу қорытындысын асығыстық деп атап, дәрінің коронавирусқа байланысты мүлде пайдасы жоқ деп айтуға келмейтінін айтқан. Ол сонымен қатар Fujufilm корпорациясына дәріге қатысты Ресейдің клиникалық зерттеулері туралы ақпаратпен бөлісу туралы талқыланып жатқанын айтқан.

Ал АҚШ-тағы зерттеудің екінші фазасына Бригмам, Әйелдерге арналған аурухана, Массачусетс ауруханасы мен Массачусетс Медицина мектебі атсалысып, 50 науқас қатысатыны хабарланды. Ал Үндістанда 2020 жылдың мамыр айында зерттеудің үшінші фазасы басталып, вирусқа қарсы екі дәрі (фавипиравир мен умифеновир) қатар зерттеліп жатқаны айтылды.

Кейін белгілі болғандай Үндістандық Glenmark Pharmaceuticals тиісті органдардан коронавирустың орта және ауыр жағдайларын емдеу үшін Фавипиравирді FabiFlu деген атаумен шығаруға рұқсат алған. Бұл компанияның клиникалық зерттеулері де коронавирустың жеңіл түрінде 88%-тік тиімділігін көрсеткен.

Қазақстанда ше?

Бұған дейін ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Людмила Бұйрабекова өзінің Facebook парақшасында коронавирусты емдеу бойынша клиникалық хаттаманың өзгергенін жазған. Енді елімізде коронавирустан емдеу шарасы ретінде науқасқа Фавипиравир беріледі.

Енді аурухана деңгейіндегі науқстар Жапония мен Ресейде Covid-19-дан емдеу үшін пайдаланылатын Фавипиравир дәрісін ала алады.

Людмила Бұйрабекова

РТИФ 17 шілдеде “Самұрық-Қазына” ұлттық әл-ауқат қорымен меморандумға қол қойып, енді коронавирус инфекциясымен ынтымақтаса күресетіні туралы хабарлады. РТИФ-тің бас директоры Кирилл Дмитриев Қазақстанға “Авифавирдің” 9,5 мың данасы келгенін айтты.

Бұдан бөлек сайтта меморандумға сай Қазақстан алғашқылардың бірі болып Ресейдің коронавирусқа қарсы вакцинасын алатыны жазылған.

Жақында тағы бір Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният коронавирустан емдеу хаттамасынан “Лопинавир”, “Гидроксихлорохин” дәрілері алынып тасталғанын айтты. Оның сөзінше мұндай кеңесті Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы берген. Себебі бұл дәрілер өзінің тиімділігін дәлелдей алмаған. Ол бұдан бөлек “Ремдесивир” мен “Фавипиравир” дәрілері коронавируспен ауырғандардың жағдайы ауыр кезде жақсы көмектесетіні туралы деректер барын хабарлады.

Қорытынды

  • “Фавипиравир” дәрісі алғаш Жапонияда жасалып, 2014 жылдан бері шығарылады. РТИФ басшысы Кирилл Дмитриевтің айтуынша “Фавипиравирдің” қазіргі түрі – жапондық дәрінің “сәл-пәл өзгертілген” нұсқасы.
  • Қазақстан коронавирусты емдеуде Фавипиравирді қолдана бастайды. Бұл жөнінде клиникалық хаттамаға өзгерістер енгізілген.
  • Осыған байланысты тың ақпарат пен COVID-19-ға қарсы препарат тиімділігі дәлелденсе, ДДСҰ хабар береді. Әзірше әлдене деп тон пішуге ерте.

Фактчекер-журналист. Factcheck.kz сайтының шығарушы редакторы.

Factcheck.kz