Фактчек | Депутат Бейбіт Мамыраев нәрестелердің өлімі туралы

10 маусым күні парламент мәжілісінің пленарлық отырысында Nur Otan партиясының депутаты Бейбіт Мамыраев есеп беру кезінде 2019 жылғы нәресте өлімінің көрсеткіші 2018 жылмен салыстырғанда, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметіне сәйкес, 5,9%-ға артқанын айтты. (Нәресте өлімі дегеніміз – бір жасқа дейінгі балалардың өлім көрсеткіші. Ол демография саласындағы базалық статистикалық көрсеткіштердің бірі).

Үкім: Жартылай шындық

2019 жылы нәресте өлімі шынында 2018 жылмен салыстырғанда артқан. Бірақ мәжілісмен сандардан қателесті. Шын мәнінде, ҚР ҰЭМ Статистика комитетінің дерегі бойынша, 2019 жылғы нәресте өлімі көрсеткіші 2018 жылмен салыстырғанда 7,3%-ға жоғары.

Ай сайын шығатын «Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуы» журналының 2020 жылдың қаңтар айындағы шығарылымында мынадай статистика жарияланған:

«2019 жылдың қаңтар-желтоқсан аралығында елде 1 жасқа дейінгі 3386 нәрестенің өлімі тіркелген (2018 жылдың қаңтар-желтоқсанында 3156). 2018 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 1 жасқа дейінгі балалардың өлімі 7,3%-ға көбейген. Нәресте өлімінің коэффициенті 2019 жылдың қаңтар-желтоқсанында 1000 туған нәрестеге 8,40 (7,93) жағдайдан келген».

Нәресте өлімінің негізгі себебі – перинаталдық кезеңде туындайтын жағдай. Одан 2019 жылдың қаңтар-желтоқсанында 1742 (1617) нәресте қайтыс болған. Бұл жалпы өлім санының 51,4%-ы (51,2%). Туа біткен ауытқудан қайтыс болған нәрестелер саны 656 (625) немесе 19,4% (19,8%), тыныс алу органдарының ауруынан – 255 (197) немесе 7,5% (6,2%) және жазатайым оқиғадан, улану мен жарақаттан – 147 (150) немесе 4,3% (4,8%).

Айта кеткен жөн, Қазақстандағы жағдай әлемдегі орташа жағдаймен және Орта Азиядағы жалпы жағдаймен салыстырғанда жақсы.

Фактчекер, главный редактор русскоязычной версии Factcheck.kz

Factcheck.kz