Фактчек | Ажар Ғиният қазақстандықтардың алкоголь және темекі тұтынуы туралы

5 сәуірде өткен Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният қазақстандықтардың алкоголь және темекі тұтынуы туралы деректер келтірді. Factcheck.kz министр сөзін тексеріп көрді.

Тайм-код: 00:26:31

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) мәліметінше, Қазақстанда 15 жастан асқандардың 21,5%-і, ерлердің 38%-тен, әйелдердің 6,4%-тен астамы темекі шегеді.

Ажар Ғиният

Үкім: Шындық

ДДСҰ-ның 2019 жылғы “Ересектерге жүргізілген жаһандық темекі сауалнамасының қорытындысына (GATS)” сай, Қазақстандағы 15 жастан асқан халықтың 21,5%-і (2,8 млн.) (ерлердің 38,3%, әйелдердің 6,4%-і) шылым шегеді (темекі, түтінсіз және/немесе қыздырылған темекі өнімдері).

Бұдан бөлек, күнделікті темекі тартатындардың 57,5% оянғаннан кейін алғашқы 30 минутта шылым шегетінін хабарлаған. Темекінің тәуліктік орташа саны ерлер үшін 15,9 және әйелдер үшін 12,6 болған.

Жастар темекі шегуді 17-18 жаста бастайды. 15 жастағы оқушылардың мінез-құлқын зерттеу нәтижелері бойынша ұлдардың 10%, қыздардың 6%-і темекі шегеді. Жасөспірімдер арасында электрон темекі көп тараған: 15 жастағы ұлдардың 14%, қыздардың 6%-і электрон темекіге әуес.

Ажар Ғиният

Үкім: Шындыққа жақын

GATS зерттеуіне сай, тұрақты шылым шегетіндер орта есеппен 17,7 жаста темекі шеге бастаған. 2019 жылғы Қазақстан оқушыларының денсаулығы және әл-ауқаты туралы ұлттық баяндамаға сай, өмірінде бір шылым шегіп көрген жасөспірімдер үлесі жас ұлғайған сайын (11 жастан 15 жасқа дейін) ұлдар арасында да (3%-тен 10%-ке дейін), қыздар арасында да (2%-тен 6%-ке дейін) үш есеге артқан. Бұдан бөлек, 11 және 13 жастағы оқушылар арасында күнделікті темекі тартушылар 2% құраса, 15 жасар ұлдардың 5%-і және қыздардың 1%-і күнде темекі шегеді. Ал 15 жастағы ұлдардың 14%-і және қыздардың 6%-і өмірінде 1-2 күн немесе одан да көп уақыт электрон темекі тұтынатынын айтқан.

Сол зерттеуге сәйкес, ерлер үшін алкоголь тұтыну деңгейі жылына 25 литр, әйелдер үшін шамамен 9 литр. Өкінішке қарай, Қазақстан алкоголь тұтыну деңгейі жоғары елдердің қатарына жатады.

Ажар Ғиният

Үкім: Шындыққа жақын

ДДСҰ-ның 2019 жылғы “Қазақстандағы жұқпалы емес аурулардың алдын алу және бақылау” зерттеуіне сай, Қазақстан Еуропа елдерімен салыстырғанда алкоголь тұтыну бойынша расымен ең жоғары көрсеткішке ие. 2016 жылы бұл көрсеткіш ерлер үшін жылына шамамен 25 литрді және әйелдер үшін 8,9 литрді құраған. Мұндай нәтиже әрине қорқынышты, дегенмен бұл тек алкогольді жиі тұтынатын қазақстандықтар туралы мәлімет екенін ескеру қажет. Салыстырмалы түрде орташа көрсеткіштерді алатын болсақ, Қазақстанды әлемдегі алкогольді өте көп тұтынатын елдердің қатарына қоса алмаймыз.

2016 жылы Қазақстанда таза алкогольді тұтынудың жан басына шаққандағы орташа деңгейі жылына 7,7 литрді құраған, бұл ДДСҰ-ның Еуропалық аймағындағы алкоголь тұтынудың орташа деңгейінен (9,8 литр) төмен және 2010 жылмен салыстырғанда азайған: 2010 жылғы бір адамға шаққандағы алкогольді тұтынудың орташа деңгейі — жылына 9,3 литр.

Дегенмен, ДДСҰ бағалауы бойынша тұрақты түрде ішімдік ішетін қазақстандықтардың ішінде ерлердің 62%-і және әйелдердің 26%-і алкогольді көп мөлшерде тұтынған (соңғы 30 күнде бірден 60 грамм немесе одан да көп таза алкоголь), (ДДСҰ, 2018). Жастардың 57%-тен астамы (15-19 жас) соңғы 30 күнде бір уақытта 60 грамм немесе одан да көп таза алкоголь тұтынған.

Зерттеуге сай, Қазақстандағы алкогольден болатын өлім-жітім — Еуропалық аймақтағы ең жоғары көрсеткіш. 2016 жылы цирроздан қайтыс болған еркектердің 74% және жарақаттанудың 34%-і алкогольмен байланысты болған; әйелдерде, тиісінше, 45% және 31%.

Алкогольге байланысты мерзімінен бұрын болатын өлім деңгейі:

Соңғы деректер бойынша Қазақстан алкоголь антирейтиңінде 76-орында тұр (салыстырмалы түрде: Қырғызстан — 96, Өзбекстан — 138, Тәжікстан — 131, Қытай — 82, Ресей — 16-орында).

Factcheck Academy 2021 түлегі.

Factcheck.kz